немесе соғыс өртіне шарпылған аудандар Ерлік және Еңбек даңқы мәртебесіне лайықты
Күн өткен сайын Жеңістің 70 жылдығы жақындап келеді. Осындай қастерлі дата қарсаңында әріптесім Шавхат Өтемісов екеуміздің атымызға елден келген қос хаттың түп төркінімен бас басылым оқырмандарын таныстыра кеткенді жөн көріп отырмын. Оның біріншісін шалғайдағы Бөкей орда ауданында тұратын соғыс және еңбек ардагерлері мен аудандық мәслихат депутаттары жіберсе, осындай мазмұндағы екінші хат Жәнібек ауданынан жолданған. Екеуіне де соғыс, тыл және еңбек ардагерлері қол қойған. Хаттардың қысқаша мазмұнына келсек, оның иелері соғыс өртіне шарпылған Бөкей орда және Жәнібек аудандары республика Үкіметі тарапынан құрметтелуге, сонымен бірге, ерлік және еңбек даңқы мәртебесіне лайықты екендігін көрсеткен. Иә, қалай десек те, Батыс Қазақстан облысының оңтүстік батысында орналасқан аталған аудан тұрғындары соғыс қасіретін тікелей бастан кешкені – тарихи шындық. Жаудың жаяу әскері мен танкілері қазақ жерінің іргесіндегі Сталинград, қазіргі Волгоград қаласын қоршауға алғаны соғыс тарихынан жақсы мәлім. Қырғын шайқас жүріп жатқан кезде жау ұшақтары Бөкей орда мен Жәнібек аудандары аумақтарын бомбаның астына алды. Бұл музейлік деректі сонау жетпісінші жылдардың бас кезінде республикалық баспасөз бетіне «Майданның бергі бетінде» деген тақырыппен тұңғыш рет шығарған журналистің бірі бүгінгі «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Жанболат Аупбаев екені де белгілі. Ал қазіргі күні аталған деректерге жаңаша бір қырынан тереңірек ой жүгіртіп, байыпты баға берудің кезі келген сияқты. Айтайын дегенім, ел ішінен келген хат жолдары бізге осыған байланысты бұған дейін айтылмаған жаңа деректерді іздестіруге де қозғау салды. Батыс Қазақстанның төрт ауданы Сталинград облысының 300 шақырымға жуық аумағымен шектеседі.1941 жылдың аяғында, яғни соғыстың алғашқы алты айында екпіні тым қатты болған неміс әскерлері Еділ өзені маңына дейін шығуға мүмкіндік алды. Сол кезде қалыптасқан күрделі майдан тактикасына байланысты Қазақстанның батысындағы бірнеше аудан Сталинград майданының ең жақын тылына айналды. Сөйтіп, сол кезде КСРО Қорғаныс Халық Комиссары Иосиф Сталиннің 1941 жылғы 26 қарашадағы бұйрығына сәйкес Жәнібек, Орда, Казталов және Фурманов аудандары Сталинград майданының қарамағына енгізілді. Соған орай Қазақстанның бұл өңірлерінде «соғыс жағдайы» жарияланды. Бұған дәлел ретінде музейде сақталған төмендегідей бұйрық бар. Оның түпнұсқасындағы мәтіннің мәнін солғындатып алмау үшін орыс тіліндегі нұсқасын қазақшаға аудармай сол күйінде бергенді жөн көрдік. «Приказ» (№ 0444) Народного комиссара Обороны СССР: «... С 1 декабря 1941 г. территориальный состав округов европейской части Союза ССР иметь в следующем составе: Сталинградский военный округ: Сталинградская область, Ростовская область, Калмыцкая АССР, Астраханский округ, западная часть Западно-Казахстанской области (районы Джаныбекский, Казталовский, Урдинский, Фурмановский). Штаб округа – Сталинград. Командующим войсками Сталинградского военного округа – генерал-лейтенант Герасименко Василий Филиппович. Командующим войсками военных округов передачу войсковых частей, учреждений и заведений, переходящих территориально в состав других военных округов, закончить к 5 декабря 1941 г. и донести мне с приложением перечней передаваемых частей. Приказ ввести в действие по телеграфу. Народный Комиссар Обороны СССР И.Сталин». 1942 жылдың жазында майдан аумағы Қазақстан шекарасына жақындай түсті. Бұл сәт ауыл тұрғындарына үлкен сынақ болды. Республика еңбекшілері сол бір сұрапыл соғыс жылдарындағы ауыр сында шыдамдылық пен төзімділіктің озық үлгісін көрсете біліп, Отан алдындағы борыштарын адал атқарды. Жәнібек ауданының тұрғындары өз хатында: «Сол қатерлі күндерде Сталинград облысымен ортақ шекарасы бар Қазақстанның батыс аудандары Қызыл Армияның жақын тылы ретінде үлкен әскери-стратегиялық рөл атқарды. 1942 жылдың 12 тамызынан бастап Сталинград майданы қаладан 150-160 шақырым қашықтықта орналасқан Қазақстанның Жәнібек, Сайқын, Шоңай теміржол стансаларын қамтыды», деп жазады. Неміс басқыншылары Астрахань-Урбах теміржол магистралын, Сайқын, Шоңғай, Жәнібек ауылдарын нысанаға алып, сол кездегі ресми деректерге сәйкес, Шоңғайға – 24, Сайқынға – 36, Жәнібекке 40 шақты әуе соққысы жасалған. Бір әуе шабуылына 30-ға жуық ұшақтар қатысқан. Осындай шабуылдардың салдарынан теміржол вокзалы, мектеп, аурухана үйлері және басқа да өндіріс, мекеме орындары зиян шекті. Тек қана Жәнібек кенті бойынша 41 нысан зардап шегіп, 200-дей тұрғын үй қирады, осы бомбалардың салдарынан көптеген бейбіт тұрғындар жарақат алды, қайтыс болды. 1942 жылы 11-12 қыркүйек күндері фашист ұшақтары Жәнібек ауданы «Алғабас» және «Жаңа тұрмыс» колхоздарының жер пайдалану шекарасындағы далаға жанатын бомба тастап, өртеген. Соның салдарынан 38 мың гектар жиналмаған пішен жанып кеткен. Жау авиациасының бомбалауынан келген зиян мемлекеттік төтенше комиссиясының актісі бойынша 7 161 693 сомға жеткен. Әуе шабуылына ұшыраған Қазақстанның стансаларында вокзалдар, пакгауздар қирап, су айдайтын мұнаралар мен су құбырлары жүйесі бүлінді. Жүздеген тұрғындар баспанасыз қалды. Тек Жәнібектің өзінде әуе қарақшылары 200-ден астам тұрғын үйді өртеп, қиратқанын айтсақ та жеткілікті. Ресми деректерге сүйенсек, 1942 жылғы қараша айының ортасынан 1943 жылғы қаңтар айының басына дейін Жәнібек және Орда аудандарының аумақтарына гитлерлік авиация 538 рет бомба тастаған. Жәнібек ауданының солтүстік-шығыс бетінде бауырластар зираты бар. Онда Ұлы Отан соғысы жылдары Жәнібек жерінде қаза тапқан жауынгерлер мәңгілік жер қойнауынан орын тапқан. Боздақтардың ұзын саны – 93. Олар – офицерлер, қатардағы жауынгерлер және медбикелер. Отан үшін өмірлерін қиған боздақтарға мәңгі тағзым етеміз. «Қатаң құпия түрде» деп белгі соғылған бұйрықтар бүгінгі таңда музейлерден табылып отыр. Хат жолдаушылар нақты деректердің қайдан алынғаны туралы да мәліметтер келтірген. Аталған тақырыпты әр кезеңде С.П. Белан, А.Құсайынов және Қ.Досқалиев терең зерттеп, көлемді мақалалар мен ғылыми еңбектер жазған. Жәнібек аудандық музейінде жұмыс істеп, көптеген деректерді табуда және жазуда журналист А.Батырхановтың еңбегін атап өткен жөн. Ал Бөкей орда ауданы тұрғындары жазған хатта Сталинград қаласын жаудан қорғау және неміс армиясын осы жерде талқандау үшін 1942 жылдың 18 маусымында Батыс Қазақстан облысында дайындықтан өткен 26 мың 225 жауынгер Сталинград майданына жіберілгені айтылады. Бөкей ордасы ауданынан Ұлы Отан соғысында үш Кеңес Одағының Батыры шықты. Олар: Темір Масин, қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметова және Ахмедияр Хұсайынов. Сонымен бірге, осы қатарда 2004 жылы 15 желтоқсанда Халық Қаһарманы атағы берілген қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы Хиуаз Доспанова тұр. Бізге хат жолдаушылар өз ойларын «Барлық Кеңес халқы сияқты Орда ауданы еңбекшілері де майданға көмек берді. Ордалықтар Сталинград майданындағы жауынгерлерге 280 пұт ет, 22 пұт май, 220 пұт астық, 245 дана құс етін және көптеген жылы киімдер, темекі сыйлығын арнаулы делегация арқылы жеткізген. Оны сол кезде аудандық партия комитетінің әскери бөлімінің меңгерушісі болған I дәрежелі Даңқ орденінің иегері Мұхтар Сәрсенғалиев бастап барған. Сөйтіп, майдан мен тыл біртұтас біте қайнасып, барлық қиыншылықтарды бірлесе жеңді. Орда аудандық әскери комиссариаты арқылы 1941-1945 жылдары соғысқа 4613 адам алынған. Олардан елге 3028 адам оралмаған. Оның 2963-і – қатардағы жауынгерлер мен кіші командирлер, 651-і – офицерлер. Осындай ерліктері мен еңбектерін ескере отырып, ауданға Ерлік және Еңбек даңқы атағын беруді сұраймыз», деп түйіндеген. Біздің ойымызша, бұл өте орынды әрі тарихи әділеттілікке толық сәйкес келетін тілек. Өйткені, өткенімізді бағалау және қасиетті қазақ жерінің әр пұшпағын қастерлеу арқылы біз тәуелсіз еліміздің бүгінгі төл перзенттерінің бойына отаншылдық рухты сіңіре аламыз. Әрі кешегі екінші дүниежүзілік соғыста қан төккен қаһарман аға ұрпақ өкілдерінің данқты ерлік дәстүрлерін кеңінен насихаттауға да жол ашамыз. Әлбетте, аманатка қиянат жасауға болмайды. Осы орайда биылғы сәуір айында Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің атына арнайы хат жолдап Бөкей орда және Жәнібек ауданы тұрғындарының өтінішін жеткізгенімді де айта кеткім келеді. Осы орайда өзгесін айтпағанда, Ұлы отан соғысы жылдарында өз аумағын қорғауда тұрғындары жаппай ерлік пен қайтпас қайсарлық көрсеткен он үш қалаға КСРО Жоғары Кеңесі Төралқасының Жарлығымен «Батыр қала» құрметті атағы берілгенін қайда қоямыз. Осының ішінде аталған айрықша атақ Ленинград, Сталинград, Севастополь және Одесса қалаларына 1945 жылы берілген болса, Киев пен Мәскеу қаласы және Брест қамалы ондай атақты 1965 жылы иемденген.1973 жылы Керчь пен Новороссийск,1974 жылы Минск, ал 1976 жылы Тула қаласы да «Батыр қала» атауын толықтырды, сонымен бірге, 1985 жылы осындай құрметті атақ Мурманск және Смоленск қалаларына да берілді. Тоқсаныншы жылдардың бас кезінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы құрылған кезде бұл үрдіс саябырсып қалғандай болғанымен 2007, 2011 және 2012 жылдары Ресей Президентінің Жарлығына сәйкес сол елдің 41 қаласына «Әскери Даңқ қаласы» атағы берілгені белгілі. Айталық, солардың ішінде соғыс өртіне шарпылған көптеген шағын қалалармен бірге, Қиыр Шығыстағы Владивосток, Хабаровск, Петропавловск-Камчатский сияқты қалалар да бар. Осы деректерден көріп отырғанымыздай, майданнан тым қашықта орналасқан көрші елдің өлкелері мен аймақтары да жауынгерлік даңқ мәртебесін иеленген. Ендеше, осындай құрметке соғыс зардабын бел ортадан кешкен, сол бір қиын қыстау сұрапыл кезеңде КСРО Қорғаныс Халық Комиссары Иосиф Сталиннің бұйрығы бойынша Сталинград майданының шебінде болған егемен еліміздің аудандары да әбден лайықты деп білеміз. Самиғолла ОРАЗОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі.Деректер журналистикасы бойынша оқу курсының таныстырылымы өтті
Аймақтар • Бүгін, 21:00
Мемлекет басшысы Талдықорғандағы Үстел теннисі орталығын аралап көрді
Президент • Бүгін, 19:45
«Egemen» де, домбыра да сыйлады
Руханият • Бүгін, 19:30
Қасым-Жомарт Тоқаев «Жетісу» волейбол клубының жай-күйімен танысты
Президент • Бүгін, 19:00
Мемлекет басшысы Ынтымақ ауылындағы мектепті аралап көрді
Президент • Бүгін, 18:21
Биыл Жетісу облысында 250 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілген
Президент • Бүгін, 17:48