Спорт • 18 Тамыз, 2022

Чемпион болуды армандаймын – дейді дзюдодан Азия чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері Әбиба Әбужақынова

530 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Былтыр аса жеңіл салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен белді балуан, Рио Олимпиадасы мен әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері Отгонцэцэг Галбадрах үлкен спорттан қол үзгеннен кейін «Енді жуық арада оған лайықты ізбасар табыла қояр ма екен?» деп қобалжығанымыз рас. Иә, Моңғолиядан қоныс аударып келген қаршығадай қыз бірнеше жыл бойы Қазақстанның әйелдер дзюдосын жалғыз өзі өрге сүйрегенін жанкүйерлер жақсы біледі. Бірақ қобалжуымыз бекер екен. Соңғы кездері дәл сол 48 кило салмақта Әбиба Әбужақынова өрелі өнерімен көзге түсіп жүр. Ол жуырда Нұр-Сұлтанда өткен құрлықтың басты додасында күміс медаль иеленді. Аталған жарыс аяқталғаннан соң онымен аз-кем әңгімелескен едік.

Чемпион болуды армандаймын – дейді дзюдодан Азия чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері Әбиба Әбужақынова

– Әбиба, әуелі өзіңді «Еге­мен Қазақстан» газетінің қа­лың оқырмандарымен жа­қы­нырақ таныстыра кетсең.

– Мен 1997 жылы Өзбек­станның Ташкент облысына қарасты Шыршық қаласында дүниеге келдім. Балауса шағым­да анам көркем гимнастикаға берді. Бір жылдай жаттыққан соң өзімнің қалауым бойынша дзюдоға ауыстым. Әу баста әке-шешем бұл таңдауымды құп­тамады. «Қыз балаға алысып-жұлысу жараспайды. Бір жеріңді зақымдап аласың», деп қарсы­лық білдірді. Бірақ мен алған бе­тімнен қайтпай, жаттығуымды жалғастыра бердім. Осы өнер­дің қыр-сырын Өзбекстанда тұра­тын қазақ бапкері Бақытжан Жұмановтан үйрендім. Уақыт оза түрлі жарысқа қатысып, жүлделі орындарды иелене бас­тадым. Сол кезде ғана ата-анам­ның көңілдері жібіп, маған ақ баталарын берді.

– Қазақстанға қай кезде қоныс аудардыңдар?

– 2014 жылы шекара асып, Шымкент қаласына қоныс­тандық. Әке-шешем сол жақта қалды, мен Алматыға атбасын бұрып, республикалық спорт колледжіне оқуға түстім. Ол жерде кезінде Азия ойындары мен құрлық чемпионатында жүлдегер атанған танымал дзюдошы, білікті бапкер Нұрбол Сүлейменовтен тәлім-тәрбие алдым. Қазіргі кезде Атырау қаласында Мейіржан Есмағамбетовтің қол астында жаттығамын.

– Алғаш рет сен 2017 жы­лы Хорватияның астанасы – Загребте өткен жас­тар арасындағы әлем бірінші­лігін­де жарқ етіп көзге түсіп, күміс медаль иелендің. Сол жарыс жайында әңгімелеп берсең.

– Загребте бес кездесу өткі­зіп, Хорватия, Ресей, Бельгия және Бразилияның балуандарын жеңдім. Финалда өзімнің жіберген өрескел қателігімнің салдарынан жапон қызына есе жібердім. Сол жарыста мен тік тұрып күресу барысында қар­сы­ластарыма «ауырту» әдісін сәт­ті қол­данып, көпшіліктің наза­рын өзіме аудардым. Он­дай тәсілді екінің бірі жасай бер­мей­тін. Алайда жапониялық спортшының бойы тым аласа болғандықтан, оған қарсы бұл әдісім өтпеді. Осылайша, күміс медальді қанағат тұтуыма тура келді. Кейіннен бұл әдісті аса қауіпті деп санап, дзюдо күресінен алып тастады.

– Былтыр Бішкекте өткен Азия чемпионатында Қазақ­станның балуандары бар-жо­ғы үш жүлдеге иелік етті. Елдос Жұмаханов пен Севара Нышанбаева қола медаль ен­шілесе, жалғыз сен ғана фи­налға шықтың. Шешуші тұста жеңіске жетуіңе не кедергі болды деп ойлайсың?

– Қарсыластарымды тегістей ұтып келе жатып, ақтық сында Ли Янанмен белдестім. Қытай дзю­дошысы оған дейін құрлық чем­пионы атанып, Гранд Слэм мен Гран-при жарыстарында бір­неше мәрте жеңіс тұғырына кө­терілген. Янанды жеңіп жатып, қателікке бой алдырдым. Ол өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ.

– Бішкекте жеңіп алған күміс медаліңді Нұр-Сұлтанда алтынға айырбастағың келген шығар...

– Иә, ондай ой болды. Биылғы Азия чемпионатында тайпейлік Лин Чен-Хао мен моңғолиялық Наранцэцэг Ганбаатарды жеңген соң финалда Вакана Когамен күш сынастым. Бұл балуан­ның есімі жанкүйерлерге жақсы та­ныс. Ол 2019 жылы жастар арасында әлем чемпионы атанып, былтыр Будапештте өткен әйелдердің дүниежүзілік додасында күміс медаль иеленді. Негізі оны жеңуге болатын еді. Себебі мен солақаймын. Со­ла­қай балуандармен белдес­кен­де Коганың біраз қипақтап қалатынын жақсы білемін. Бірақ шешуші тұста менің жоспарым жүзеге аспады. Абайсызда оның қақпанына түсіп қалдым. Осылайша, қатарынан екінші жыл Азия чемпионатының күміс медалін қанағат тұттым.

– Әңгімеңе көп рахмет, Әбиба. Алдағы жарыстарда саған сәттілік тілейміз.

– Сізге де көп рахмет! Бұ­йырт­са, биыл Ташкентте шы-
­мы­л­дығы түрілетін әлем чем­пио­­на­­тында жеңіс тұғырына көтері­лу үшін барымды саламын. Бай­­рақ­ты бәсекелерде ме­нің алтын­­нан алқа тағатын күн­дерім әлі алда деп ойлаймын.

 

Әңгімелескен

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»