Тарих • 18 Тамыз, 2022

Кебенек

1497 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көбіміз білеміз қазақта «Кебенек киген келеді, кебін киген келмейді» дейтін тәмсіл бар. Сол сияқты ауызекі тілде «Ерді кебенек ішінде таны» деп те жатады. Сөйте тұра кебенектің не екенін көбіміз біле бермейміз.

Кебенек

Сонымен кебенек де­геніміз не? Соған тоқталар бол­сақ, 1998 жылы жарық көр­ген «Қазақстан» Ұлттық эн­цикло­педияның (Бас редактор Ә.Нысанбаев) IV томында: «Кебенек – сырт киім. Ертеректе жауынгерлер, малшылар жауын-шашын, бораннан қорғану үшін киген. Жұқа киізден тігіледі, шапан тәрізді болып келеді. Кебенекке арналған киізді бір бет етіп жұқалап басады. Оны асқан ұқыптылықпен шаршылап, қылшығын сыртына шығара басқан жұқа киізден ақ, қара немесе қоңыр түсті етіп, атқа отыруға ыңғайлы болу үшін артына жарма қалдырып, шалбарымен қоса пішеді. Кебенек кең және ұзын болады. Шапанға ұқсас болғанымен, тік немесе күләпара іспетті жағасы бар кебенекті жылқышылар үскірік аяз бен желден, жаңбыр мен қар­дан сақтану үшін киген» делінген.

Бір қызығы моңғол тілінде бұл бұйымды «хэвнэг» дейді екен. Моңғол тілі түсіндірме сөз­дігінде: «Хэвнэг – жауын-ша­­шынды күндері киетін су өт­пейтін киім, оны нығыз жүн­нен жасайды» десе, тағы бір анық­тамалықта: «хэвнэг (кебенек) – ауа райы қолайсыз күндері далада киетін киім. Оны қозының тірі жүнінен жасайды. Алды ашық қаусырмалы, жағалы, жеңі ұзын, жапсырма белбеулі болады. Бұл киімді жорықта жауын­герлер жамылып жата беретін болған», депті («Моңғол халық эт­нографиясы». Ұланбатыр, 1987 ж.151-152-бб).

Сондай-ақ бұл киім тек қа­заққа ғана емес, түркі-моңғол тұқымдас көшпенділердің бар­лығына ортақ мұра тәрізді. Өт­кен жылдары Моңғолия Ұлт­тық музейі германиялық әріп­тестерімен бірлесіп, «Дала жа­уын­­герлерінің мұрасы» атты көрме ұйымдастырыпты. Осын­дағы экспозицияға қойылған 160-тан астам жәдігер арасында Х ғасырда өмір сүрген далалық мемлекет Кидан патшалығы заманына тән кебенек киім тұр­ғанын көрдік (суретте).

Бұл жәдігер оншақты жыл бұрын Моңғолияның Баян-қо­нғыр аймағы Баян-шаған сұ­мынының жері атақты Алтай тауының Ғобы шөліне сұғына кірген аумағында орна­лас­қан Дұғый Шақар жотасына қо­йыл­ған көне жерлеу қоры­мы­нан та­былған екен.