Қазақстан • 18 Тамыз, 2022

Өлкетанушы

491 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Өмірде бір көргеннен есіңізде қалатын адамдар болады. Сондай аяу­лы жанның бірі – өлкетанушы қаламгер Клара Әмірқызы. Мен ол кісіні алғаш 1995 жылы көрдім. Бірінші курс студентіміз. Қазіргі бас қаладағы Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында әдебиетке жақын жастарға «Арай» студиясы жұмыс істейді дегенді естіп, бірге оқитын досымыз екеуміз келдік. Сөйтсек, осы студияны ашқан Клара апа екен. Бізді жылы қарсы алып, жақын тартып сөйлесіп, мейірімді жүзімен «енді келіп тұрыңдар» деді. Осы бейнесі жадымда ұмытылмай қалды. Ол кісі әр іс-шараны өте қызықты өткізетін. Бірде студияға жергілікті ақын-жазушыларды шақырып кездесу ұйымдастырса, енді бірде Ақмола өңірінің тарихы, көне жер-су атаулары және осы өлкеден шыққан атақты адамдар туралы тағылымды әңгіме өрбіткені есімде.

Өлкетанушы

Ардақты тұлғаның  жүріп өткен   өмір жолынан өнегелі ой түюге болады.  1925 жылы Атбасар ауданында кіндік қаны тамған зерделі зерттеушінің балалық шағы қиын-қыстау жылдарға тап келіп, сол кездегі қоғамда орын алған  ұжым­дастыру, қазақ байларын тәркілеу, отызыншы жылдардағы аштық пен қуғын-сүргінді көзімен көрді. Екінші дүниежүзілік соғыс басталып, ер-азаматтардың бәрі май­данға алынғанда, біздің кейіп­керіміз 10-сыныпта оқып жүрсе де, соны толық аяқтамастан  соғысқа кеткен ұстаздарының орнына ауыл балаларына сабақ берді. Кейін Көкшетау педагогикалық учи­лищесін тәмам­дайды. Он жеті жылға жуық орта мектепте мұ­ғалім, Оқу ісінің үздігі атан­ған ұлағатты ұстаз – 1963 жылы мәдениет саласына ауысып, Ат­басар қаласындағы №2 кітап­хананы өз қолымен құрды.

Жалпы, Клара Әмірқызының қаламгерлігі мен қайраткерлігі мәдениет саласындағы қызметі тұсында барынша көрінді. Оның себебі де бар: 1954 жылдан бас­тап Қазақстандағы тың және тыңайған жерлерді игеру саясатымен солтүстік өңірлерге өзге жұрт өкілдері көптеп келіп, қоныстана бастады. Мыңдаған жылдар ата-бабасының жерінде өмір сүріп келе жатқан қазақ халқы енді шеткері қалып,  өгей баланың күйін кешті. Ауылдардағы қазақ мектептері жабылып,  көптеген елді мекеннің көне атауларының орнына жаңа атау­лар қойылды. Сөйтіп, жер­гілікті жұрт өз тамырынан ақы­рындап ажырап,  жас ұрпақ өзге тілде білім алып, өз тарихынан бейхабар өсе бастады. Осының бәрін көзбен көру – қазақтың тари­хын, тілі мен дінін, салт-дәстүрін  қадір тұтқан жанға оңай тимесі анық. Әсіресе Атбасар се­кілді жақсылар мен жайсаңдарға киелі мекен болған өңір осы жағдайды бастан кешті.  Соны жан-жүрегімен қабылдай алмаған Клара апа өзі іргесін қалаған  №2 кітапхананың жанынан өлкетану мүйісін ашып, ел мен жердің тарихын қайта тірілтуге күш салды. Кейін осы шағын мүйіс Атбасар аудандық өлкетану музейінің бой көтеруіне негіз болды. Оны жабдықтау үшін  жаяу-жалпылап, ауылдар мен мұрағаттардан құнды деректер мен жәдігерлерді іздеп, музей қорын жасақтады.  Кейін бұл музейден  осы өңірдің асыл перзенті, көрнекті жазушы Ілияс Есенберлин мұражайы жеке отау болып бөлінді.  Аталған музейге қабырғалы суреткердің жә­дігерлерін жинақтау мен экспо­зи­циялық залдарды безендіруге  де зор үлес қосты.

Әсіресе Әмірқызының Ақмола өлкесінің тарихы мен  көне жер-су атаулары жайындағы зерттеу еңбектеріндегі кейінгі жас ұр­пақ жадынан шығара бастаған тарихи оқиғалар мен есімдері ес­керусіз қалған есіл тұлғалар тура­лы  жазған дүниелері соңғы де­ректерімен, мазмұндылығымен құнды екендігін мойындаймыз. Мәселен, «Атақоныс ақиқаты» атты кітабында мынадай бір дерек келтіреді: «Ел қамы үшін артында жақсылық ісін қалдырған аға сұлтан Ыбырай Жайықбаев астанаға жақын жерде зиратсыз, белгісіз төмпешік болып жат­қанын осы болыстарға қараған ата-баба қоныстар жайын зерттей бастағанда білдім. Ол төмпешіктің қай жерде екенін білетін көзі тірі ұрпағы Қасенұлы Айтмұқыш қарт Ақмола темір жолы стансасының арғы бетіндегі ауылда тұрады» дейді. Ал Ыбырай Жайықбаев өз заманында Ақмола дуанының аға сұлтаны болған тұлға. Күшік­бай батырдың ерлік жолы туралы да тағылымды дүние жазды.  Өлкетанушының кеңестік сая­сат­тың кесірінен еріксіз бұр­ма­ланған ел мен жер-су атаулары  жайында жазған дүниелерінен  көп мәлімет аласыз. Мысалы, 1993 жылы жарық көрген «Ауылым атамекенім» атты жинағындағы «Ауыл басы – Атбасар» деген ма­қаласында «Атбасар» атауы қайдан шыққаны туралы ой толғап, соған байланыс­ты жазыл­ған архивтегі құжаттарды алға тартады. «Жартылай көшпелі қо­ныстанған бұл аймақтың  еш уақытта  қаңырап бос жатпағанын тарих қойнауына  тереңдей түскен адамның байқауына мол мүмкіндік бар. Тым алыс  кеткен тарихқа бармағанның өзінде XVIII ғасырда біз отырған аймақты Абылай хан ауылдары қыстағаны белгілі. Тройцк бекінісінің қоменданты П.Роденге 1761 жылы 3 шілдеде  Орта жүз қазақтарының Қытаймен қа­рым-қатынасының жайын білу үшін  Абылай сұлтанның тұра­ғына барып қайтқан тілмашы Ф.Гордеевтің хабарламасында былай дейді: «Абылай солтан кочует при речке Ж.Атбасар (Жабай К.Ә.) и урочище Колутон при горе ж. Зиланды тав (Жыланды тауы Шаңтөбе маңында Қ.Ә) то есть при Зменной горе». Осы дерек­тің өзі Атбасар атауын әр саққа жүгіртіп, ойдан болжамдар туғы­зып жүргендерге Атбасардың қа­шаннан  аталатынын көрсетсе керек» деп қадап жазады автор.

Көзі тірісінде ұлттық салт-дәс­түрді берік ұстанып, соны ба­рынша дәріптеген Клара апа еш­қашан жолынан жаңылып көр­мегенін оны білетін азаматтар жыр қылып айтады. Соның бір дәлелі ретінде еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанның» ұжымы Алматыдан астанаға қоныс аудар­ғанда оларды алдарынан шығып күтіп алып, қазақы жөн-жобамен алғаш ерулік бергенін осында қыз­мет істеген аға журналистер әлі күн­ге аузы­нан тастамайды.

Сондай-ақ ол кісі қаламгерлігі мен зерттеушілігінен бөлек, өмірге бес бала әкелген аяулы ана. Бүгінде балаларының бәрі ел қатарлы аза­маттар. Кейіпкеріміз туралы бұ­рынырақта жазған мақаламызда қызы Гүлнәр апайдың анасы туралы қысқаша естелігін жазып алғанбыз. Сонда қызы анасының өте байыпты, мәдениетті, сыпайы жан болғандығын айтып еді.

«Анам қандай да бір адам туралы сыртынан артық сөз айтпайтын. Ұлттық құндылықтарды ерекше бағалайтын. Жүрген жерінде соны дәріптеп отыратын. Анам үй тіршілігіне пысық, асты өте дәмді әзірлейтін. Әкем екеуі өмірден бір-бірін қатты сыйлап өтті. Көлікті де өзі жүргізетін. Анам өзі барда жазған барлық дүниесін кітап қы­лып шығарды. Қазір же­ке ар­хивінде зиялы азаматтармен жазған хаттары сақталған. Онда ұлттық құн­­дылықтар туралы өзекті ойлар қозғалған. Анамды жерлестері еш­қашан ұмытқан емес. Үнемі еске алып отырады. Соған біз қуанамыз», деп анасын сағынышпен еске алып еді.

Шынында, айтулы жерлестерін  атбасарлықтар ерекше қадірлейді. Көзі тірісінде Атбасар қаласының құрметті азаматы атанса, өмір­ден өткеннен кейін туған шаһа­рының көрнекті жерінен Клара Әмірқызына көше берді.  Осыдан жеті жыл бұрын Атбасарда өл­кетанушы қаламгердің тоқсан жылдығы кеңінен атап өтілді.  Зерделі жанның қайсар қаламынан туған «Ауылым Атамекенім», «Қиыл­­ған ғұмырлар», «Аза тұтар ард­ағы­мыз», «Атақоныс ақиқаты», «Ата­қо­ныс аманаты» атты бірегей ең­бек­тері осы бағытта еңбек етіп жүр­ген зерттеушілердің қолынан түс­кен емес.

Жетпіс жылдан аса ғұмыр кешкен саналы өмірінде  туған еліне  дабырасыз, аянбай қыз­мет істеп,  соңына қазыналы дүние қалдырған өлкетанушы қа­ламгердің дүниеден озғанына биыл 20 жыл толса, енді үш жылдан кейін туғанына жүз жыл толады. Осы ретте өмірінің біраз бөлігі өтіп, бұрынғы Ақмола, қазіргі астананың қазақылануына үлесін қосқан, ақырғы мекенінің топырағы да осы жерден бұйырған Клара Әмірқызының есіміне  елордадан бір көше берілсе артық болмас еді дейміз.