Білім • 18 Тамыз, 2022

Оралдағы қазақ мектептері: Сан да, сапа да өсіп келеді

438 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Орал қаласында «Қазақ мек­те­біне қадам басайық!» атты акция жүріп, оқушы­лар­ды мемлекеттік тілде білім беретін мектептерге тарту үшін үгіт-насихат тобы құрылғанын бұрын жазған едік.

Оралдағы қазақ мектептері: Сан да, сапа да өсіп келеді

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Міне, қыркүйек те иек астына келіп қалды. Еліміздің Оқу-ағарту министрлігі таратқан ақпаратқа қарағанда, балаларды қазақ сыныптарына қабылдау бойынша жоғары көрсеткіш көрсеткен өңір­лер қатарына Батыс Қазақстан облысы да кіріпті. Бұл жергілікті сала басшылары мен зиялы қа­уым­­ның үйлесімді әрекеті арқа­сын­да қол жеткен нәтиже.

«Оралдың оқушылары қай тіл­де оқиды?» («Egemen Qazaqstan» 4 мамыр, 2022 жыл) атты ма­қа­ламызда айтылғандай, бір ай бойы Оралдың зиялы қауым өкілдері, мәслихат депутаттары мектептер мен балабақшаларды аралап, ұл-қызын орыс тілді мекемеге бермек болып отырған қазақ ата-аналармен кездескен болатын.

Қазақ зиялыларының мұнша­лық мазасыздану сыры неде?!

Қараңыз, соңғы жылдары Орал қаласындағы мектептер мен бала­бақшаларда мемлекеттік тілді кейін ысырып қойып, орыс тілін таңдаушылар көбейіп кеткен. Мысалы, өткен 2021-2022 оқу жылында оралдық оқушылардың 57 пайызы ғана мемлекеттік тілде білім алған. Ал орыс тілінде білім алып жатқан оқушылардың 47 пайызы, яғни 10 829-ы – қазақтар болған. 2021-2022 оқу жылында Орал қаласында 1-сыныпта оқитын бала саны 6 465 болса, соның 3 096-сы, яғни 47,88 пайызы ғана қазақ мектебінде оқыған. Ал орыс тілінде білім алып жатқан 2 744 оқушының ішінде 1 483 баланың ұлты – қазақ. Сондай-ақ Оралдың мектепке дейінгі мекемелерінде 2 177 қазақ баласы орыстілді топтарда тәрбиеленіп жатыр екен.

Сонымен, «Қазақ мектебіне қадам басайық!» акциясы қалай өтті? Қандай нәтиже бар?

– Қыркүйекте басталатын 2022-2023 жылғы оқу жылында Орал қаласында 7 мың оқушы мектеп табалдырығын аттағалы отыр. Бір қуаныштысы, осының 65 пайызы, яғни 4 509 оқушы мемлекеттік тілде оқуды таңдады. Былтырғы көрсеткіш 57 пайыз еді, көріп отырғанымыздай, биыл 65 пайызға көтерілді, дейді Орал қалалық білім бөлімінің басшысы Ақжарқын Темірханова.

Елімізде «Қазақстан Респуб­ликасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жыл­дар­ға арналған мемлекеттік бағ­дар­ламасы», оның ішінде «Мемле­кет­тік тілде еркін сөйлейтін, оқитын және жазатын халықтың үлесін арттыру» жоспары жүзеге асы­рылып жатыр. Жоғарыдағы акция да осы жоспар аясына кіреді.

2022-2023 оқу жылында Орал қаласында 1-11 сыныптарда барлығы 58 824 оқушы білім алады. Жалпы ашылған 282 сы­нып­тың 186 (65,9%) сынып-кешені қазақ тілінде, 96 сынып - орыс ті­лінде оқитын болады. Өткен жыл­мен салыстырғанда қазақ сынып­тарының саны 6,3 пайызға өсіп отыр.

Сонымен қатар Орал қала­сын­да тек қана орыс тілінде білім беретін мектеп саны жыл өткен сайын азайып келеді. Мұны заман талабы деу керек. Өйткені мемлекеттік тілде білім алғысы ке­летін балалар саны тұрақты түр­де артып келеді.

Мысалы, бұрын тек орыс тілінде білім берген №16 мектепте 2020-2021 оқу жылында қазақ тілінде оқытатын мектепалды даярлық сыныбы ашылған болатын. Келесі жылы мұнда 1, 2, 3, 4 сыныптар пайда болды. Осылайша, мектепте мемлекеттік тілде білім алатын оқушылардың ара салмағы жыл өткен сайын арта береді. Осындай жолмен толы­ғы­мен қазақ мектебіне айнал­ған білім ордалары да аз емес.

Сонымен қатар №3, 6, 7, 23, 32, 39 мектептерде және Вальдорф бағытындағы мектеп-гимназиясында қазақ тіліндегі мектепалды даярлық сыныптары ашылды. Мұндай даярлық сыныптарының маңызы үлкен. Бұл жерде орыс­тілді балдырғандар мен олар­дың ата-аналары мемлекеттік тілде білім алуға бейімделіп, нақ­ты көмек алатын болады. Ал №32 мектеп пен Вальдорф бағы­тын­дағы мектеп-гимназиясында биылдың өзінде 1 сыныптар ашылды.

– Осындай жүйелі жұмыстың нәтижесінде қала бойынша тек орыс тілінде оқытатын екі-ақ мектеп (№28 және №35) қалып отыр,  – дейді Ақжарқын Мүтиғоллақызы.

Орал қалалық білім бөлімі бас­шы­сының айтуынша, №3, 6, 7, 16, 23, 32, 39 мектептерде, Вальдорф бағытындағы және эстетикалық бағыттағы мектеп-гимназияларда мектепалды даярлық топтары мен 1 қазақ сыныптарын ашу жұмысы жалғаса бермек. Ал №17, №24 орыс тілді мектептерінде қазақ тілінде оқытатын 1-сыныптар, №9 мектепте мектепалды даяр­лық тобы ашылып, оқушылар қа­был­данған.

Сонымен қатар орыс тілін­де оқытылатын мектептерде қ­а­зақ тілінде ашылатын мектеп­алды даярлық топтары мен 1-сыныптарға ата-аналарға қол­дау көрсету мақсатында ұзар­­тыл­­ған күн тобы ашылады. Мұн­да оқушыларға үйге берген тап­сыр­маларды орындауға көмек беріліп, тілдік қорын көбейту, функ­­ционалды сауаттылығын арт­тыру мақсатында әртүрлі фор­матта жұмыс жүргізіледі. Айта кетейік, жоғарыда айтылған «Қа­зақ мектебіне қадам басайық!» акциясы кезінде орыстілді ата-аналарды ең көп мазалаған мәселе болатын.

Әрине, білім мен тәрбиенің негізі балабақшада қалыптасады. Сондықтан мектепке дейінгі ұйымдар мәселесі әрдайым на­зар­да болуы керек. 2021-2022 оқу жылы Оралда 2 177 қа­зақ баласы орыстілді топтарда тәрбиеленгенін айттық. Бола­шақта бұл мәселе де бірте-бірте жолға қойылмақ.

2021-2022 оқу жылы Орал қала­сында 50 мемлекеттік бөбек­жай және 1 мектеп балабақшасы жұмыс істеген. Осының ішінде 26 бөбекжай мен 1 мектеп бала­бақ­шасы мемлекеттік тілде оқы­тып­ты. Бұл 54 пайыз деген сөз. Ал қазақ-орыс тілдерінде аралас оқытатын 24 ұйымда 108 қазақ тобы, 100 орыс тобы болған. Бұл жерде 2 641 бала – мемлекеттік тілде, 2 454 бала орыс тілінде оқы­ған.

– Ата-аналармен түсінік жұ­мы­сын жүргізудің нәтижесінде 2022-2023 оқу жылында мектепке дейінгі білім беретін 50 ұйымда қазақ топтарының саны артты. Бұрын мұндай топтар 336 болса, биыл оған жаңадан 11 қазақ тобы қосылды, – дейді Ақжарқын Темірханова.

Дәл бүгін Орал қаласы бо­йынша 84 жеке балабақша қызмет көрсетіп тұр. Ол саладағы ахуал да жоғарыда айтылған жағдайға ұқсайды. Жеке балабақшалардың 53-і мемлекеттік тілде білім мен тәрбие берсе, 10-ы орыс тілінде, ал 21-і аралас тілде қызмет етеді.

 

Батыс Қазақстан облысы