Президент • 19 Тамыз, 2022

Қазақстан Президенті Ресей басшысымен келіссөз жүргізді

416 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Egemen.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Қазақстан Президенті Ресей басшысымен келіссөз жүргізді

Кездесуде мемлекет басшылары Қазақстан-Ресей стратегиялық әріптестігінің өзекті мәселелерін жан-жақты талқылады. Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, өнеркәсіп, энергетика, мұнай-химия және басқа да салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері қарастырылды.

Сонымен қатар президенттер халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, сондай-ақ көпжақты құрылымдар аясындағы өзара іс-әрекеттер туралы пікір алмасты.

Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты қарым-қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.а

«Шын мәнінде, Қазақстан мен Ресей арасында стратегиялық серіктестік негізіндегі қарым-қатынас орнаған. Биыл біз дипломатиялық қарым-қатынас орнатудың өте маңызды датасын атап өтіп жатырмыз. Осыдан 30 жыл бұрын Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартқа қол қойылды. 2013 жылы осы Шарт елдеріміз арасындағы одақтастық қатынастар туралы сіз қол қойған жаңа құжатпен толықтырылды. Сондықтан қалыптасқан негіз өте жақсы», деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-экономикалық ынтымақтастық табысты дамып келе жатқанына тоқталып, өнеркәсіп кооперациясы біздің көңілімізден шығатындай елеулі нәтижелерге жеткенін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, сауда динамикасы дұрыс жағынан дамып жатыр. Былтыр сауда көлемі 24,5 миллиард долларды құрады. Президент бұл көрсеткішпен Ресей біздің тауар айналымымызда бірінші орында тұрғанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ және басқа да халықаралық институттар арқылы белсенді ынтымақтасып келе жатқанымызға тоқталды.

«Биыл Қазақстан ТМД-ға төрағалық етеді. Қазан айында ТМД саммиті өтеді. Оған өзіңіз  қатысады деген сенімдеміз. Оның үстіне Ресей Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында маңызды рөл атқарады. Бұл – шынымен де халықаралық форматтағы ынтымақтастықтың басым бағыты»,  деді Президент.

Мемлекет басшысы қазіргі геосаяси жағдайдағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелеріне назар аударды.

«Геосаяси жағдайдың ерекшелігі үкіметтерімізге қосымша нұсқаулар беру үшін келісіп алу қажет екенін көрсетіп отыр. Олар бір-бірімен табысты қызмет етіп келеді. Дегенмен өмірдің өзі жаңа міндеттер қояды және олар шешуді қажет етеді. Жалпы, біздің ынтымақтастығымыздың дамып келе жатқанына қанағаттануға толық негіз бар. Мен бұл тұрғыда сізбен келісемін. Бізді ортақ шекара біріктіреді. Ол – әлемдегі ең ұзын, құрлықтағы толығымен делимитацияланған шекара. Біздің ынтымақтастығымыздың болашағына қатысты пессимистік болжамдар жасауға, әрине, негіз жоқ! Мен Қазақстан Республикасының Президенті ретінде барлық салалардағы екіжақты ынтымақтастығымызға қосымша серпін беруге ниеттімін», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.