Қоғам • 22 Тамыз, 2022

Мұқтажға мүмкіндік берген жоба

2037 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Осыдан төрт ай бұрын Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен елімізде «Қазақстандағы мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған ақпараттық-консультациялық қызмет» атты жоба қолға алынған еді.

Мұқтажға мүмкіндік берген жоба

Аты айтып тұрғандай, жаңа жоба еліміздегі мүмкіндігі шектеулі жан­дардың заңды тереңірек білуіне, лайық­ты жұмысқа орналасуына көмектесіп, психологиялық қолдау көрсетуге арнал­ған болатын. Осы жылдың соңына дейін жүретін жоба қазірдің өзінде талай жанның алғысын алып үлгерді.

Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы жариялаған осынау жобаны ашық конкурста жеңіп алып, жүзеге асыруға кіріскен «Жеңіс» батыс­қазақстандық мүгедектер қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Айгүл Хасан­ғалиева осы кезге дейін Алматы, Ақ­төбе, Орал қалаларында, Қостанай облы­сындағы Рудный қаласында бірнеше сәтті шара өткізгенін айтады.

Мысалы, Алматыда өткен «Қазір­гі заманғы қиындықтар мен ерекше қажеттіліктері бар адамдарды әлеу­меттендіру мүмкіндіктері» атты семи­нарда жобаның заңгері Мариэтта Дәуле­тиярова республикалық жоба аясында тегін кеңес берген. Ал «Тігінші - Мо­де­льер - Пішуші» бағдарламасы бо­йынша тағы бір топ теориялық және прак­тикалық білімін жетілдіріп, сәйкестік куәлік алды. Мүмкіндігі шектеулі адамд­ардың жеке көмекшілері мен туыстарына арналған тренинг те өте пайдалы болды. Орал қалалық демалыс саябағында өткен тренингте психолог Роза Бәкесова әртүрлі техника мен жаттығуларды үйретіп, өз тәжірибесімен бөлісті.

Айгүл Кенжеғалиқызының айтуын­­­ша, мүмкіндігі шектеулі жан­дар­ды әлеуметтік қолдау ісінде тәжі­ри­бесі көп алматылық қоғамдық бірлестіктермен әріптестік өте пайдалы болған. Шілденің 18-і күні Алматы қаласындағы «ITeаchMe» құзіретті дамыту орталығы» қоғамдық қорының алаңында өткен «Мүмкіндігі ерекше адамдарды әлеуметтендірудің заманауи мәселелері мен мүмкіндіктері» атты семинарға қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, кедергісіз қоғам қа­лыптастыру идеяларымен бөлісті. Бұл жерде «ITeаchMe» онлайн-мектебі мүгедек жандарға ІТ саласында сапалы білім беріп, еңбек нарығында өз орнын табуына, жақсы табысқа қол жеткізуіне ерекше көмектесіп жүргенін айту керек.

«Жеңіс» қоғамдық бірлестігінің жанында консультативтік кабинет желісі тұрақты қызмет етіп тұр. Бұл жерден мұқтаж адамдар өзі қалаған тақырыпта заңгерлік немесе психологиялық көмекті онлайн да, офлайн да ала алады. Сондай-ақ әртүрлі дағдыға үйрететін семинарлар, шаралар тұрақты ұйымдастырылады. Жоба аясында еліміздің әр түкпірінен 7 қоғамдық бірлестік және «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығының 8 ба­ғыты іске тартылған.

Биылғы шілде айында мүгедек жан­дарға арналған онлайн оқыту курс­тары мемлекеттік және орыс тілінде өтті. Сабаққа дайындық мамыр айын­да басталып, бірнеше мәрте zoom-кон­ференция ұйымдастырылды. Оқуға ынта білдірген жандар анкеталық мәлі­меттері бойынша түрлі мамандыққа бөлінді. Сабақты еліміздің әр түкпірінен тәжірибелі мамандар жүргізді. Бұл шараға Қзақстан­ның барлық өңірі, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары өкілдері қатысты. Сөйтіп, олар қазіргі қоғамда ең қажетті «СММ және таргет жар­нама», «Таргетинг», «Графикалық дизайн», «Бухгалтер» се­кілді курстарды онлайн өтіп, сертификат алды. Сондай-ақ маусым-шілде айларында Ақтөбе мен Орал қалаларынан 19 адам аспаздық пен тігіншіліктің қыр-сырын үйреніп шықты. Бұған Рудный қаласындағы 10 адамның дәнекерлеу, ұсталық, аспаздық саласы­нан білімін жетілдіргенін қосыңыз. «Жеңіс» қоғамы мүгедек жандарды оқытып қана қоймай, одан әрі оларды еңбекке орналастыру мәселесін де қарастыруда.

Мүгедек адам да қоғамның бір мү­­­шесі. Сондықтан жоғарыдағы іс-ша­ра­­­­­лардың бәрінде мұндай жандарға қо­ғам­ның оң көзқарасын қалыптастыру мәселесі қарастырылған. Әсіресе мүм­кіндігі шектеулі болғанына қарамастан қоғамнан өз орнын тапқан, үлкен же­тістіктерге жеткен тұлғалармен кездесу, олар туралы бейнероликтер дайын­дап, YouTubе арнасына, әлеуметтік желі­лерге орналастыру да өте маңызды.

Мәселен, «Жеңіс» қоғамдық кеңе­­­­­сінің мүшесі, белсенді азамат, мүм­­­кін­­дігі шектеулі адамдардың құқық­та­рын қорғаушы Богдан Джеп­ка­мен, Қазақстан Еңбек Ері, қоғам қай­рат­кері, Ақтөбе қаласындағы сал ауруына шалдыққан азаматтарды қол­дау орталығының төрағасы, Ақтөбе қала­­сының Құрметті азаматы, аңызға айнал­­ған Құралай Бәйменовамен, Батыс Қазақ­­стан облыстық паралимпиада­лық сур­­долимпиадалық спорт түрлері федерациясының басшысы, спортшы, пауэрлифтинг, армрестлинг және волейболдан бірнеше дүркін чемпион, кәсіпкер Азон Нұрмұханұлымен өт­кен кездесу­лер ерекше әсер етті. Олар­дың өмір тәжі­рибесі, басынан өткен оқиғалары тың­да­ған жанға үлкен мотивация бегені анық.

Бұл жерде мүгедек адамдардың тарапынан айтылатын ойлар мен пікірлерге құлақ қою да маңызды. Мүмкіндігі шек­теулі азаматтарды мемлекеттік қолдау, оларды сауықтыру, медициналық көмек көрсету, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту, цифрлы ақпарат пен мобильді қон­дырғыларды мүгедектерге қолже­тімді қылу, паралимпиаданы дамыту, т.б. сан-салалы тақырыпта осы топтағы азаматтардың талап-тілегі алдымен ес­керілуге тиіс. Қоғамдық көлікте, тұр­ғын үйлер мен кеңселерде мүгедек жан­дардың кедергісіз жүріп-тұруы – қоғам дамуының бір көрінісі.

– Осы жоба қолға алынғалы біз өңір­лерде қолға алынған оң істерді көріп, ол тәжірибені бүкіл елімізге таратуды қолға алдық. Жоғарыда айтылған Рудный, Ақтөбе, Алматы қалаларындағы жақсы бастамалармен танысқан өзге өңірлердегі мүмкіндігі шектеулі жандар белсенді бола түсті. Олар жиі пікір­­таласқа түсіп, өз құқықтары мен мүм­кіндіктерін жаңаша бағамдай алды, – дейді Айгүл Хасанғалиева.

 

Батыс Қазақстан облысы