Аймақтар • 22 Тамыз, 2022

Қарағанды облысында егін науқаны 1 қыркүйекте басталады

339 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарағанды облысында кейбір өсімдік шаруашылықтары астық, картоп және көкөніс жинауға кірісті. Жаппай науқан 1 қыркүйекте басталады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қарағанды облысында егін науқаны 1 қыркүйекте басталады

Өңір әкімдігінің ресми сайтында мәлім етілгендей, күзгі дала жұмыстарына дайындық мәселесі аппарат кеңесінде қаралды.

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Санаубаровтың айтуынша, жем дайындау аяқталуға жақын. Қазірдің өзінде қажетті шөп қорының 90% жуығы бар. Сонымен қатар пішендеме дайындалды.

«Биыл дәнді дақылдарды жинау алаңы 920 мың га, майлы дақылдар – 58,4 мың га, картоп – 11 507 га және көкөністер – 1 436 га құрайды, астықтың орташа өнімділігі 8,6 ц/га деңгейінде күтілуде, барлық қажетті техника дайын», деді Асқар Санаубаров.

Өсімдік өсірушілерге тыңайтқыштардың, тұқымдардың, пестицидтердің құнын, суармалы суды жеткізу шығындарын өтеуге 4,8 млрд теңге субсидия төленді. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындары Аграрлық несие корпорациясы арқылы қаржылай көмек алды. Арзандатылған бағамен дизель отыны бөлінді.

Дәнді дақылдарды жаппай жинауды 1–25 қыркүйек аралығында өткізу жоспарланып отыр.

Картопты жинау 30 қыркүйекке дейін аяқталуы тиіс.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тұрақтандыру қорына картоп пен көкөністерді уақытылы жинау және отырғызу жөнінде тапсырма берді.