Руханият • 22 Тамыз, 2022

Ескінің үні, жаңаның жыры

6750 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мен білетін Ғалым Жайлыбай – сыршыл ақын. Заманының үнін, қоғамының тілін қазақтың терең танымымен қабылдап, жан иірімдерінен өткеріп, он екі мүшенің қойын-қонышынан жүлге тапқан алпыс екі тамырды қуалап ағып, тұла бойыңа жан кіргізетін қан секілді өргізеді өлеңдерін. Байыптап айтып, баппен жеткізеді. Салиқалы. Бұрыннан таныс, ертеден білетін ежеттесің іспетті өлеңдері өзіңмен сырласа кетеді. Сырын ақтарады, мұңын шумақтайды. Алқынбайды, алқындырмайды, орта жолдан тастап кетпейді. Бабы келіп, толысқан шайырдың туындылары байсалды үнмен тіл қатып, салиқалы сұхбатқа шақырады. Жоғарыда оны сыршыл ақын деуімнің бір себебі сондықтан да шығар.

Ескінің үні, жаңаның жыры

Сахараның сырбаз даласындай қоңырқай маңғаздықпен үн қатқан сайын жүрісті арғы­мақтай жырларын құнығып оқуға біз де бейім тұрамыз. Мүмкін қазақтың даласында баяу аққан ойлы өзендей өзіне телміртіп қоятын табиғилығы ма, кім білсін?! Жаңа заманның келбетін қазақтың ескі танымы мен тілінің табасына түсіріп, қуырып бергендей әсерге көмеді де отырады. Әуелі аспан мен күнді, арай мен нұрды айтады. Одан әрі өлеңін тұтас адамзат тағдырымен байланыстырып, ежелгі әуендерге жалғап, үміт пен ізгілік отын жаққандай бауырына басатыны бар. Орта жолдан тастап кетпейді дегеніміздің бір сыры сонда. Жыр шумақтарының аспан құбылыстарынан басталатыны да оның ежелгі түркілік, далалық танымдардан тамыр тартатынын аңғартса керек.

Академик Серік Қирабаев:

 «...Ғалымның ақындық өнердегі жаңа­шыл­дығы – тілінде, оның бейнелік сипатында, суреткерлігінде. Ойшылдық пен сыршылдық, шындыққа тік қарап, көңілдегіні жалтармай айта білу, саған лайық жаңа бейнелі сөз табу, ондағы кейде нәзік, кейде сазды, кейде тіпті көңілдің өрлігі ашық бояулы ақын жырларын өзгеше танытады. Ғалым өлеңдері – бүгінгі қазақ лирикасының жаңа беттері. Бізге керек өлең осы – Бүгінгі Өлең!» десе, қазақтың ғажайып ақыны Фариза Оңғарсынова: «Кейбіреулер қазақ жырын қаншама қырық құбылтқанмен, Құран тектес қасиетті қара өлең Қасымнан, Мұқағалидан қалған шекпенін жамылып, ұрпақтарының алдынан шығады. Қазақтың қазақы болмысы бұзылмай тұрған шақтағы қыр сұлуларының шын күмістен құйылған, сыңғыр еткен сайын жаныңды жаулап жарқ ететін шашбау-түймелеріндей, Ғалымның да өзгеше өрілген өлеңдері сол қатарда тұруы хақ. Мен Ғалым Жайлыбай ақынның қазақ сәйгүлікке салар «қаз мойын қасиетті құрама еріндей» жақұт жырлары оқырманына ой салып, көңіліне қуаныш ұялататынына сенемін» деген екен. Ақынның «Ай таңбалы Арғымақ» жинағында «Бозторғайды іздеу», «Сөйле қобыз», «Бір қап ұн. Асанәлі Әшімов», «Сынық арба» секілді ондаған онтологиялық жырлар бар. Жалпы, ақын шығармашылығына үңілсек жас кездегі қызыл-жасыл бояулар қанығып, сонымен қатар дүниенің ақ-қара түсіне де көбірек ден қоя бастаған эволюцияны көреміз.

Бұл үздіксіз даму жолы Ғалымның қырық жыл бұрын жазған «Күршімнің қызы», «Кеңгірдегі кеш», әнге айналған «Есіл ағады» секілді сан толқынның жадындағы танымал өлеңдерімен қатар осы жинаққа енген «Сұрақ белгісі», «Сұлу­байдың әні», «Тамакөшкен» поэмаларын оқығанда ерекше айшықталады. Ол «Ақ сиса», «Қара орамалдан» бастап ондаған дастандар жазды, Қарағанды лагері жайлы «Қара орамал» поэмасы әлемнің жиырмаға жуық тілдеріне аударылып, халықаралық сыйлықтарға ие болды.

Мәдениеттің мәйегі мен дінгегі ұлттық дәстүр, діл мен тіл болса, өркениеттің өзегі – дін. «Көк­тен түс­кен төрт кітап» әфсаналары мен тағы­лымдары әлем әдебиетінде кеңінен пайдаланып, тіпті кейде шы­­ғарма желісі мен кейіпкерлер жүгі­нетін төре­шіге айналатынын көргенде қат­ты қызығатын едім. Ға­лым­ның соңғы жылдары соны іздеңістермен жаз­ған «Сұрақ белгісі», «Содом мен Гоммора» поэмалары өркениет өзегі мен ұлттық мәдениет мәйегін үйлес­тірген қазақ поэзиясындағы тың өріс, жаңа сөз болды.

Бұл поэмалар Ғалым Жайлыбайдың дүние­таным тереңіне бойлаған, адамзат өркениетінің даму ерекшеліктерін сезіну арқылы өткеннің тағылымын бүгінгі сауалдарға жауап іздеуге де пайдаланып, болашаққа қажет құндылықтарды қалыптастыруға өзіндік дара үлес қосатын кең тынысты, бабына келген ақын екенін көрсетеді.

Өлең сөздің сұлу сыры мен терең мағынасы өз алдына, негізгі қасиеті сендіре білуінде сияқты. Жүректен шыққан жан сөзі жүрекке жеткенінің бір көрінісі – сендіруінде. Көркем дүниенің күш-қуаты да сол сенімге табан тірейтіндей. Жаның елжіреп, жүрегің тебіренген соң амал жоқ, қайда барасың? Иланасың. Жүректі алып түседі.

«Бетпақдала – жанарым ғашық алап,

Жаныма орап, жүректің жасына орап,

Сүйгем оны… Жайлауда жаз өткергем

Құралайын киіктің асырап ап»

деп басталады автордың «Сүт беріңдер» атты тағы бір өлеңі. Бұл жерде ақынның «сүйгем оны...» дегеніне тоқталмай кете алмаймыз. Осы туындыны бастан-аяқ оқыған адам шығарма гауһар тастай қай жағынан жарық түссе соған орай әртүрлі жалтырайтынын аңғарар еді. Тазалыққа құштарлық, махаббат лирикасына тән дүние соңында азаматтық лирикаға айналып кетеді. Бұл жердегі сүю – басқа сүю, бірақ. Сүйгені үшін бәрін тәрк ету немесе меншіктеп бөлек қашу емес, далалық сүю – ақылға сыймайтын дара қасиет дер едік. Ар жағында елдік сана тұрады. Даланы сүйіп өскен қазақ баласы ондағы бар құбылысқа сүйіспеншілікпен қарайтын сияқты, ал кейбір сүйіспеншілік сол даладағы бір затты сүю арқылы бәрін сүюге айналады. Екеуі бір дүние десек те, екі бөлек болмыс. Қайткен күнде де қазақы болмысқа алғашқысы келіңкірейтіндей көрінеді. Сол сияқты ақын әуелі Бетпақдаласын, одан соң киіктің құралайын көргенін байқаймыз.

Ақын бала күні басынан өткен бір оқиға – елсізде енесінен көз жазып қалған құралайды асырап алғанын жазады. «Таңда өлеңім сол болып, кеште өлеңім, Өмір жырын ақ сүтпен кестеледім. Жетілген соң: – Құралай, Қош! – деп едім – алтыда едім… жоқ, әлде бесте ме едім?..».

Бір жаз сүт беріп асыраған құралайдың тағды­рына алаңдаған қазақ баласының образы кімді де болсын бейжай қалдырмайды. Бүгін даласындағы құралайын осылай сүйген ұлан ертең елін одан бетер сүйері анық. Мәселен, мынау қазақ баласының сүйегіне атам заманнан сіңісті қасиет:

«Баянсыз күн басынан бақ ұшырған,

Сынақ көріп туғаннан сағы сынған.

Енесінен адасқан құралайға

Ақ дүниенің атынан ақ ұсынғам.

Жұмыр бастың шешетін жұмбағы ауыр,

Бұлаң еткен бұлдырап бұл да дәуір.

Енесінен елсізде адасқанға

Сүт беруді үйреткен қырдағы ауыл».

Бәрі сол қырдағы ауылдан дарыған қасиеттен туатыны шындық. Енесінен көз жазған құралайдан бастап, жер ауып келген атасы басқа жұртқа дейін қамқорлық көрсеткен қазақ ауылының образы – адамгершілік пен адамсүйгіштік үлгісі. Сүт беріп қана қоймаған, жүрегіне орап өсірген сол құралайды аттандырып салған ақын кешірген күйді естігенде бірдеңе деудің өзі артық. Тек сезіне алсаң болғаны. Адамзат жаһандану, жаңа технологиялар, геосаяси шиеленістер мен пандемия сынағына түскен шақта мұндайды түйсініп, рахатқа бөленгеннің өзі бір хикмет. Оны ала жаздай асыраған құралайымен қоштасып тұрған ақын айтады:

«Ғажайыптан тұрады ғалам лебі,

Өн бойында өмірдің бар өрнегі.

…Жалт қарады ол, арман-ай, қоштасарда

Сондай жанар көрмедім содан бері.

Айтам деген сыр еді ілгеріден,

Армандыға ақ берген күндерім ең.

…Өмір зулап барады көз ұшында.

Өлең кетіп барады бірге онымен.

Көңілімнің көлдерін мұңдарға орап,

Сыңсып ұшты бір құсым сынған қанат.

Құлдыраңдап жүгірген құралайға

Қырдан асып кеткенше тұрғам қарап.

Көктөбеден көктемді күткенінде ел,

Үзік-үзік үмітін үптедіңдер!

Қазақ та бір – киіктің құралайы

Жаутаңдатпай жапанда сүт беріңдер!

Шарықтасын, шалқысын көкте құсың,

Өзектіге бұл өмір өтпелісің…

– Сүт беріңдер, тірілер, бір-біріңе

Еріндерің кезеріп кетпеу үшін»

(«Ай таңбалы арғымақ» кітабынан).

Балалық сезім, балалық ынтық осылай ұлт тағ­дырымен ұштасып, адамзаттың мейірім, махаб­батына назар тіктеген ұлы емеурінмен аяқталады.

«Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» де­мекші, ежелгі таным мен ойдың құнары тұн­ған қазақ­тың қара өлеңін үкілеп, бауырынан жаратып, заманауи дүниетаным, жаһандық ізде­ністермен ұштастырып, алтыннан тәж кигіз­ген Ғалым Жайлы­бай жырлары бүтін бір ұлт бол­мысының сипаты іспеттес. Ескінің үні, жаңаның жыры. Оның Мемле­кеттік сыйлыққа ұсынылып отырған «Ай таңбалы арғымақ» кітабындағы әр туынды жеке тоқталатын оқшау дүниелер. Отаншылдық рух, туған ел мен жерге деген махаббат сыр болып ағытылған арғымақ жырлар қазақ барда уақытпен бір жасап, бауырын жаза түсеріне сенеміз.

 

Әлихан БАЙМЕНОВ