Аймақтар • 22 Тамыз, 2022

Құны өскен құлпынай

780 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Биыл Жетісу облысында 480 тоннадан астам жидек жинау жос­парланса, соның тең жартысы құлпынай мен бүлдірген болмақ. Ортақ іске Ескелді мен Көксу ауданының бағбандары елеулі үлес қосып келеді. Бірі жаздың ми қайнатар ыстығында тыңбай еңбек етсе, енді бірі қыстың қақаған аязында жылыжайын баптайды. Ауылдағы қожалықтар өңірді ғана емес, республика көлемінде тұтынушылардың сұранысын қамтамасыз етуге қауқарлы.

Құны өскен құлпынай

Жаздың да жыры көп

Ескелді ауданына қарасты Теректі ауылында орналасқан «Лазаренко Н.П» шаруа қожалығы 10 жылдан бері жерден ризығын теріп, құлпынай мен таңқурай өсіріп келеді. Қазіргі кезде бағбандар отбасы күніне шамамен 700-800 кило құлпынай, екі күнде бір 100-150 килодан таңқурай жинайды.

Любовь Лазаренконың ай­туын­ша, күйеуі мен оның бауыр­ла­рының жермен жұмыс істеуге деген ынтасын оятқан әкелері Петр Андреевич екен. Ол бүкіл өмірін жергілікті ұжым­шар­дың жұмысына арнаған майталман маман. Кейіннен пайға жер алып, жеміс-жидек өсіре бастаған. Міне, уақыт өте келе бұл кәсіпті балалары жалғастырған. Олар өз алдына бөлек отбасын құрып, жеке шаңырақ көтергеннен кейін де бүкіл әулетімен осы іске ден қойған. Қазір жердің бір де бір бөлігі бос жатқан жоқ, бәрінде жеміс ағаштары мен жидектер жай­қалып өсіп тұр. Учаскенің басым бөлігін құлпынай мен таң­қу­рай алып жатыр. Бос орын­дарға гүлзарлар, түрлі-түсті жаз­дық гүл­дер отырғызылған. Лаза­рен­ко­лар ғаламтордың көме­гімен бағ­бандыққа қатысты көп нәрсе үй­реніп, оны тәжірибеде жиі пайда­ла­натынын айтады.

«Біз негізінен құлпынай мен таңқурай өсіреміз. Жидектер пай­далы әрі дәмді болғанына қарай бапты көп тілейтін кірпияз өсімдіктер. Сондықтан оны барынша күтіп-баптау керек. Таңғы самалмен бау-бақшаны аралап, өсу қарқынын бақылаймыз. Қа­зір білікті бағбандар сан алуан
әдіс­пен жемістің маңызын жо­ғалт­­пай көбейтіп келеді. Бұлар да бір бала сияқты, аялап-әлпеш­теп отырмасаңыз солып қалуы мүмкін, тек істе ерінбеу қажет. Неғұрлым өнім мол болуы үшін, соғұрлым тыңбай ең­бек­тенуіңіз шарт», дейді Л.Лазаренко.

Біраз күн жауынды бол­ған­дық­тан, бақта жұмыс­шы­лар өнім жинауды қоя тұрып, көшет егуге дайындық жұмыстарына кі­ріс­кен. Бір айдан кейін көшет жерсінген соң дайын құлпынай көшеті полиэтилен пленкасы­мен жабылған топыраққа отыр­ғы­зылады.

«Қазіргі кезде құлпынай 2 гектар жерді алып жатыр. Біз «Альбион» десерт сортын өсі­ріп отырмыз. Оның жемісі нәр­лі, жұпар иісті, берік келеді. Де­ген­мен қатты ыстықта жемісі ұсақ­та­лып кетеді. Сондықтан биыл өнім орташа болды. Оған себеп биылғы қыста қардың аз түсуі. Бұл сорт өнімді мамырдың басынан бастап қара күзге дейін береді. Ең бастысы – дәмі тама­ша, өнімділігі мол, жақсы сақ­талады, тасымалдауға да қо­лай­лы әрі формалары да көз тар­тады. Бақсаңыз, сопақ түрі де, жүрек пішіндес формасы да бар», дейді бағбан өсіріп отырған сұрып­тар­дың ерекшелігіне тоқталып.

Өнімді өткізуде қиындық жоқ. Талдықорғаннан көтерме ба­ға­­да алып кететіндер көп. Ла­за­ренко отбасының өсірген құл­пы­найларын астаналық тұр­ғындардың да дастарқанынан көруге болады. Сол сияқты Өске­мен, Семей және басқа қала­ларда да өз тұтынушылары бар. Мұнда аздаған килодан алуға ниетті адамдардың да қолын қай­тармайды. Кез келген сатып алу­шыны қуана қарсы алады. Мақсат – тұтынушының талабына сай әрекет ету.

Алма бағы да биыл жақсы жеміс берген. Жемістің мол­ды­ғынан ағаш бұтақтары иіліп жерге тиюге шақ тұр. Бүлдірген де пісе бастаған. Шаруа қожалығына тие­сілі жер учаскесінің жалпы алаңы 20 гектарға жуық. За­ман­ға сай жаңа техникалармен толық қамтамасыз етілген. Кәсіп иелері жеміс-жидек өсірудің түр­лі әдістерін пайдалануды қолға алған. Мәселен, жидектің сапасын жақсарту үшін тамшылатып суару әдісі қолданылады. Бұл әдіс судың жидек тамырына тікелей баруына мүмкіндік бере­ді. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауларға қол жеткізсе, өңдеу өнеркәсібін ашу­ға ниетті. Нақтырақ айтқанда, джем мен тосап дайындасақ деген ойда жүр.

«Осы шаруа қожалығында жұмыс істеп жүргеніме 12 жыл болды. Жұмыс қиын емес, керісінше, осы істен ләззат аламын. Еңбек­ақыны күнделікті береді. Басшылық тарапынан да көмек жиі көрсетіліп тұрады. Біздің алқаптағы құлпынай өте дәмді. Оған алыс ауыл-аймақтан арнайы келіп алып кететіндер дәлел», дейді еңбеккер Елена Сырых.

Жермен жұмыс істеуден жа­лық­пайтын кәсіпкерлер Николай мен Любовь Лазарен­колар жи­дектің басқа да түрлерін өсіріп көруді жоспарлап отыр. Қазір шаруашылық селекционерлердің таңқурай мен бүлдіргенді будандастыру арқылы жасаған жидектің жаңа түріне ерекше мән бергелі отыр. Оның алғашқы көшеттері отырғызылып, алды өнім бере де бастаған. Лаза­рен­ко­лар отбасы бұл жидекке де қызығушылардың көп болатынына сенімді.

Жеміс-жидек алқабында жер­­гілікті тұрғындардан 10 адам тұ­рақты жұмыс істейді. Олар­ға тегін түскі ас, таң­ертең және кеш­кі тасымал ұйым­дас­ты­рыл­ған. Маусым кезінде жұ­мыс­­шы­­лардың саны едәуір көбе­йе­ді. Өнім көбейгенде үлкен күш қажет, әйтпесе ерте піскен же­міс­­терді дер кезінде сабағынан үз­бе­сеңіз езіліп кетуі мүмкін.

а

Қыста да қарап қалмайды

Жетісу өңірінің топырағы құ­нар­лы. Амалын тапсаңыз, жыл он екі ай жеміс егіп, шалқып оты­руға болады. Мәселен, биыл Көксу ауданының халқын жидек өнімдерімен қамтамасыз ету үшін алғаш рет 0,25 гектар жерге жаңа әдіспен құлпынай өсірілді. Жылыжайға ғылым мен техника жетістіктерін қолдану арқылы оңтүстіккореялық «Сольхян» сұр­пы егілген екен. Біз ауданға сапар барысында бұл игілікті істің мән-жайына үңілген едік.

2 гектар жерге иелік етіп отыр­ған «ҚазАгроСервис» ЖШС 2014 жылдан бері жылыжай ісімен айналысады. Серіктестік басшысы Светлана Зубович жылыжайда көк жуа, гүлдің сан алуан түрін өсірумен қатар осы қыста алғаш рет жаңа әдіспен құлпынай өсіруді бастағанын жеткізді. Нәтиже жаман емес. Келер жылы да қалыс қалмай, өнімді көбейтсек деген ниетте отыр.

«Биыл алғашқы өнім болған­дық­тан 700 кило құлпынай алдық. Құлпынай өзге көкөністер секілді көп жылуды қажет етпейді. Бар болғаны 5-6 градус жылылықта өсіп шығады. Ал қыстыгүні аязда 10-15 градус жылы болса жеткілікті. Құлпынайдың үл­­ке­нінің салмағы 50-55 грам­ға жетеді. Өңірдегі бірден-бір құлпынай өсіретін жылыжай болғандықтан болашақта сұра­ныс жоғары болады деп ойлаймыз. Алдағы уақытта өнім көлемін арттыруға жұмыс іс­тей­міз. Дегенмен, мол өнім алу үшін жылыжайдың жылыту жүйесін көгілдір отынға ауыс­ты­ру қажет. Қолбайлау болып отыр­ған жалғыз жай осы ғана. Бұл мәселеде Көксу ауданының әкімдігі қол ұшын беруге да­йын екендіктерін айтты», дейді Светлана Зубович.

Жылыжайға қажет қондыр­ғы­ларды «Жетінар» не­сие­лік кор­порациясының көме­гімен орнат­қан. Маусымдық жұмыстар кезін­де 10-ға жуық адамды, тұ­­рақ­ты жұмыспен 2 адамды қамтып отыр. Жылыжай ор­на­ласқан Балпық би ауылы облыс орталығынан алыс емес. Сондықтан тұтынушы табуда қиындық жоқ. Себілген құлпы­най­дың кореялық тұқымы – қыстық сорт. Құлпынай жел­тоқ­сан мен мамыр айы ара­лы­ғын­да піседі. Алдағы уақытта нысанға көгілдір отын тартылса, серіктестік жылыжай ауқымын кеңейтіп, қияр мен қызанақ өсіріп, жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлауда.

«Негізінен ауданда құл­пы­­­­­­­най бизнесі толық дамы­ма­­­ған, на­­рықта­ көбіне шеттен әке­­­­лін­ген құл­пынай сауда­ла­нады. Ке­­­ле­шекте­ жидек да­қыл­да­­ры­ның, оның ішінде бақша құл­пы­­­найының түрін кеңейту мен өнім­­ділігін арттыруды мақ­сат ету­­­де­міз. Осы жобаны жүзеге асы­ру арқылы аудан халқын отан­дық өніммен қамту мүм­кін­ді­гі артады. Жоба сәтті жүзеге асса жаңа техно­логия өзге де елді ме­кендердегі фер­мерлік шаруа­шы­лықтарға ен­гізіле­тін болады», дейді Көксу ауданы әкімінің орын­­басары Ұлан Досымбеков.

Былтырмен салыстырғанда құлпынайдың бағасы біршама өсті. Оған көптеген жағдай әсер етуде. Дегенмен, басқа өңір­лер­мен салыстырмалы түр­де алып қарасақ, Жетісуда баға біршама арзан деуге болады. Оның үстіне мұнда өсірген құлпынайлардың сорты ерекше. Сондықтан болар, дәмі тіл үйіретін осы бір жидекті тұтынушылар ерекше бағалайды. Қазір ескелділік бағ­бан­дар шағын жәшіктерге өнімді мыжылмайтындай етіп мұқият салып, шетінен саудалап жатыр. Ал көксулық жылыжай иелері ке­лесі маусымға дайындықты бас­тап кетті.

 

Жетісу облысы