Білім • 23 Тамыз, 2022

Мердігерге күмән көп

6390 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шарбақты ауданындағы №1, Ақсу қаласының Сарышығанақ ауылындағы білім беру ұйымдарында, сондай-ақ облыс орталығындағы бірнеше мектепте 1 қыркүйекте алғашқы қоңырау соғылмауы әбден мүмкін. Бұл оқу ошақтарында биыл жазда басталған күрделі жөндеу жұмыстары сылбыр жүріп, марғау мердігерлер жауапсыздық танытып отыр. Жасырып не керегі бар, облыстық білім беру басқармасының басшылығы аталған нысандардың алдағы 10 күн дересінде толық тапсырылатынына 100 пайыз сенімді емес.

Мердігерге күмән көп

Жаңа оқу жылы қарсаңында Кере­ку­де күрделі жөндеу басталған 46 мек­тептің 11-інде бүгінде жұмыстар то­лық аяқталыпты. Қалған нысандар 1 қыр­күйекке дейін дайын болады деп күтілуде. Алайда кейбір ғима­рат­тар­да­ғы жұмыстардың сылбыр жүруі­нен тәуекелдер де аз емес.

– Биыл өңір мектептерінде 46 білім беру нысанына күрделі жөндеу жүр­гі­зілуде. Оның ішінде «Мектептерді жаң­ғыр­ту» жобасы аясында – 33, өңірлік «Заманауи мектеп» жобасы бойынша – 4, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бо­йынша 9 нысан қамтылған. Бүгін­де 11 мектепте жұмыстар толық аяқтал­ды. Өзгелері бойынша күрделі жөн­деу­ді оқу жылының басына дейін аяқ­­тау жоспарланып отыр. Бір ғана Шар­­бақты ауданында 5 бірдей мектеп жаңаруда. Соның ішінде №1 мектепте жөндеу шараларының сылбыр жүргенін анықтадық. Мердігер соң­ғы күндері еңбек орындарының санын көбейтіп, жұмысты үдетті. Бұған қоса Ақсуға қарасты Сарышығанақ мектебі де 1 қыркүйекте балаларды қабылдай алмауы мүмкін. Дегенмен бұл жердегі мердігермен жасалған келісім­шарт­та тапсыру мерзімі ұзағырақ екені көрсетілген. Жалпы, жөндеу жұ­мыс­тарын уақтылы аяқтау бойынша тәуекелдер бар екенін жасырмаймыз. Павлодар қаласындағы №5, 9, 22 мектептерде жөндеу қарқынды жалғасуда. Жауапты компаниялар үлгереміз деп уәде берді. Жоғарыда аталған білім ошақтарының қайсысы оқу жылының алғашқы күні оқушыларды қабылдауға үлгере алмай қалуы мүмкін екенін болжап айту қиын. Барлық жай-жапсары 25 тамыздан кейін анықталады, – деді облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина.

Павлодар қаласындағы №9, 29 және №39 мектептердің әрқайсысы биыл 1-сыныпқа он сыныптан жинаған. Бала санының көптігіне байланысты білім ұялары оқушыларды үш ауысымда оқытады. Ал М.Әуезов атындағы және №16, 21 орта мектептерінің әрқай­сы­сын­да сегізден 1-сынып бар.

Директорлыққа адам табылмай отыр

Бір қызығы, теріскейдегі мектептерде директорлар жетіспейді. Еліміздің оңтүстік өңірлерімен салыстырғанда біздің жақтың педагогтері мансапқа ұмтылуда тым сыпайылық танытуынан ба екен, әйтеуір директорлардың орнына жарияланатын кейбір конкурстарға мүлде үміткерлер тіркелмей қалатын жағ­дайлар жиі кездесуде. Мәселен, Пав­лодар ауданы бойынша екі бірдей орта оқу ұйымы басшысыз отыр. Олар­ға конкурс жарияланғанымен тілек танытқандар болмапты. Дирек­тор­лардың тапшылығынан аудандағы Кемеңгер және Мичурин ауылдық мек­теп­терін зейнет жасындағы адамдар басқаруда. Олар заң бойынша орнын босатуға тиіс. Алайда лауазымдық орын босағанымен директорлыққа келетін педагог табылмай қалуы мүмкін. Амалдың жоқтығынан білім беру басқармасы зейнеткерлердің мектеп басқаруына түсіністікпен қарауға мәжбүр болуда.

Биылғы оқу жылында өңір бо­йынша 360 мектеп жұмысын жалғас­тырады. Олардың 137-сі – мемле­кеттік тілде, 170-і – аралас және 53-і орыс тілінде оқытады. 1 қыркүйекте облыс орталығының ірге­сін­дегі Темір­жо­лшылар кентінде 210 оқушыға лайық­тал­ған жаңа мектепті ашу жоспарлануда. Жаңа оқу жылында облыс бойынша оқушылар саны шамамен 114,8 мың болады деп күтілуде. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 мың балаға көп екен. Ал 11 049 жеткіншек алғаш рет мектеп партасына отырады. Өкініштісі, 1-сыныпқа қабылданған оқушылардың ата-аналарының басым бөлігі орыс тілін таңдапты (57 пайызы).                  

Самал Оспанқызы орта мектептерде әлеуметтік қорғалмаған отбасы­лар­дан шыққан 13 117 оқушы бар еке­нін, жаңа жүйе бойынша олардың әрқайсысының есепшотына 19 тамыздан бастап Павлодар облысында бекітілген ең төменгі күнкөріс дең­гейі­нен төмен емес мөлшерде, яғни 43 616 теңгеден ақшалай қаражат аударылып жатқанын да еске салды. «Мек­теп­ке жол» акциясы аясында қазір­ге дейін 4 мыңдай балаға жалпы сомасы 20 млн-нан астам теңгенің көмегі көрсетіліпті. Аймағымыздағы қа­лалар мен аудандарда 27 тамыз күні мектеп тауарларының ауқымды жәр­меңкесі ұйымдастырылады деп жос­пар­ланған.

 

Павлодар облысы