Аймақтар • 24 Тамыз, 2022

Жер иесін тапса...

328 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бір қарағанда егістік алқабы, шүйгін шабындығы мол болып көрінетін Ақмола өңірінде де ауыл тұрғындары жайылым және шабындық жердің тапшылығын көріп отыр. Amanat партиясы жанындағы «Жер аманаты» республикалық комиссиясының жанды жұмысының нәтижесінде жыл басынан бері 59 мың гектарға жуық жер қайтарылды.

Жер иесін тапса...

Бірден айта кетелік, жайы­лым және шабындық жердің тап­шы­­лығын тартып, төрт түлік ма­лын өсіріп, егіншілікпен айна­лыса алмай отырған ауыл тұр­ғын­дары комиссия жұмысы­нан үміт­ті. Атбасар ауданында өткен жұрт­шылықпен жүздесу­де Зерен­ді, Шортанды аудандары­ның бірқ­атар елді мекенінің тұрғын­дары мен ауыл шаруашы­лығы құрылымдарының өкілдері қатысты. 

Мамандардың есептеуінше, өңірде дәл қазір 558 мың гектар жайылым және шабындық жер жетіспейді екен. Осы жетіс­пеушілік адал еңбегіммен күн көрсем деп алға ұмтылған шаруа­ның аяғына тұсау болып отыр. Оған қоса көптеген ауыл тұрғыны өздеріне тиесілі жер телімдері үшін кейбір серіктестіктерден тиесілі пайларын уақтылы ала алмай, ұнжырғасы түсіп жүр. Мұндай келеңсіздік Зеренді ауданына қарасты Бірлестік ауылында да орын алған. Осы елді мекен тұрғындарының 4 300 гектарға жуық жері серіктестіктің иелігінде болған.

– Әуел баста «Зеренді-Астық» серік­тестігінен шығуды ниет ет­тім, – дейді ауыл тұрғыны Жігер Тілеужанов, – серіктестік басшылары біздің жерімізді заңсыз кепілдікке қойып, 2,3 млрд теңге несие алған. Әрине, серік­тестіктің жұмыс істегені жақсы, ел ырыздығы молаяды, пай иелері де тиесілі нәпақасын табады. Бірақ, өкінішке қарай, біздің жерімізді кепілдікке қойып алған қаражат ауыл тұрғындарының көсегесін көгертіп отырған жоқ. Серіктестік басшылары машина-трактор паркін жаңартқан жоқ. Тозған техника тығырықтан шығара ала ма? 2018 жылдан бері осы серіктестіктің құрамынан шыға алмай жүрдік. Себеп, пайларын дұрыс бермейді. Шындығын айтқанда, «Жер аманаты» комиссиясы жұмыс істей бастағаннан кейін мәселе оңынан шешіліп жатыр. Жерге қатысты әкімдіктің қаулысы шықты. Ауыл тұрғындарының 3 900 гектар жері қайтарылды.

Жұртшылықпен жүздесу кезінде «Жер аманаты» республикалық комиссиясының төрағасы Дәулет Кәрібек пайдаланылмай жатқан жерлер­ді қайтару үшін халықтың өзі де белсенділік таныту керек екенін айтып өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев игерілмей, бос жатқан жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтару туралы нақты тапсырма берді. Прези­дент айтып өткен әлеуметтік әді­лет­тілікті қамтамасыз ету мәсе­лесі партияның негізгі басым­дық­тарының бірі, – дейді Д.Кәрібек.

Нәтиже де баршылық. Комис­сияның ықпалымен Атбасар ауданындағы Сочинское ауылында 10 мың гектарға жуық жерді жергілікті серіктестік өз еркімен халықтың игілігіне берді. Енді адал еңбегімен өз күнін өзі көруге талпынған ауыл адамдарының алдынан  игілік қақпасы ашылмақ.

– Осы уақытқа дейін жер мәселесі өте өткір күйде еді. Ауылдағы 200-ге  тарта отбасы мыңнан астам қара мал бағып отыр, 600-ге таяу жылқы, 500-ге жуық қой бар. Осыншама малдың қысқы азығын дайын­дау, шабындық жер аз болғандық­тан өте қиын еді. Жергілікті серік­тестіктің өз еркімен он мың гектар жерді халықтың пайдалануына беруі ел ішіндегі жағдайды жақсы түсінуінен деуіміз керек, – дейді Сочинское ауылының тұрғыны Асылхан Тастеміров.

Шын мәнінде, пайдаланылмай бос жатқан жер жетерлік. Осы бір ғана мысал үйлестіру­ші органдардың қаншалықты үйлесімді жұмыс істеп келгенін көрсетеді емес пе? Мәселен, жерді ғарыштан бақылау нәтижелері бойынша облыста жалпы көлемі 2 млн 455 мың гектар жайылым жердің тусырап бос жатқаны анықталған. Ел игілігін еселейтін осыншама мүмкіндіктің бүгінге дейін неліктен игерілмегені, кәдеге аспағаны белгісіз. Әлде «жаны ашымастың қасында басың ауырмасынның» кері ме? Әлгі бос жатқан жерге 2 144 адам иелік етіп келіпті. Оған қоса 306 жер телімін құрайтын 191,6 мың гектар аумақта пайдаланылмай жатқан шабындық жерлер бар. Қиын түйін бір күнде шешіледі деуден аулақпыз. Кәдеге аспай жатқан жер телімдерінің бәрін бір уақытта мемлекет меншігіне қайтару оңай шаруа емес. Әйтсе де, құнарлы жер мемлекет меншігіне біртіндеп қайтарылуда. Жыл басынан бері 58,8 мың гектар жер мемлекеттік меншікке қайтарылып, түрен тимей бос жатқан 581,9 гектар жер игеріле бастапты. Банктерде кепілдікте тұрған 336 мың гектар жерді қайтару бағытындағы қыруар жұмыс қолға алынған.

Күрделі шаруа оңынан оңғары­лып, жер иесін тапса, кәсібін аша­мыз деп отырғандар аз емес. Ілкі­ден келе жатқан жер емшегін сауа білетін еңбектің дәстүрлі жолы қайтадан қалпына келсе, елдің де бүйірі шығып қалары даусыз.

 

Ақмола облысы