Бүгінгі жазбамызға осылай ат қойып, айдар тағуымыздың өзіндік бір себебі бар. “Неге?” дейсіз ғой. Айталық.
Бүкіл Орталық Азия мен Қазақстан жастарының жетекшісі Ғани Мұратбаев кезіндегі Түркістан генерал-губернаторлығына қарасты Қазалы уезінде дүниеге келген. Бүгінде Ғанидың туған топырағы өз есімімен аталатынын біреу білсе, біреу білмес. Жалындап өткен жас ғұмырдың ауылына ат ізін салмағандар да баршылық. Сөз орайы келгенде айта кетейік, Қазалы қаласындағы Ғани Мұратбаевтың ескерткіші мен тарихи-мемориалдық музейі 1968 жылы ашылып, 3 көрме залына 650 ғана экспонат қойылса, бүгінде музейдегі 9 экспозициялық, 1 көрме залындағы экспонаттар саны 5419-ға жетіп отыр. 1986 жылы Ғанидың биіктігі 2,2 метр еңселі ескерткіші бой көтерді. Ескерткіш авторы белгілі сәулетші, ресейлік Р.Степанов болса, ал ескерткіш Мәскеу скульптуралық комбинатында жасалған. Ашығын айтар болсақ, жыл сайын өмірден жалындап өткен жас ғұмырдың еңселі ескерткішіне бас ие, тәу етіп, қорымына бір уыс топырақ салу мойынымызға жүктелген қарыз бен парыз болып қалған.
Сонымен, Ғанидың ғажайып ауылында болмағандар азын-аулақ болса да дерек алып, көз жіберсін деген ниетпен қолымызға қалам алдық. Ажарлы да базарлы Ғани ауылы Қазалы ауданы орталығы Әйтеке би кентінен бары-жоғы 6 шақырым қашықтыққа қоныс тепкен. Жыл өткен сайын жасарып, жайнап келе жатқан ауылда 1350 тұрғыны бар 238 отбасы шаңырақтарынан шыққан түтіндер үзілмей, қайта тіктеліп-ақ келеді. Бір ерекшелігі, Ғани ауылын көргенде көз сүйсінеді. Ауылдағы тұрғын үйлер мен мәдени-көпшілік ғимараттар жаңа үлгімен жарыса бой көтеруде екен. Ғани ауылында қос қабатты мектеп үйі, мәдениет үйі, кітапхана, емхана, “Балдырған” балабақшасы, байланыс бөлімшесі, сауда орындары ауыл тұрғындарына қалтқысыз қызмет көрсетуде. Соңғы жылдары ауыл ақсақалдарының бастамасымен қаржы жинақталып, жаңа мешіт үйі бой көтерген. Бүгінде мешітте 70-ке жуық шәкірттер мұсылманша дәріс алып, сауаттарын ашуда.
Ғани ауылына жақындағанда тас жолдың қос қапталында нығыз бекітілген қоршаулар көрінеді. Бұл – 2,7 гектар алқапты алып жатқан жасыл белдеу, яғни Ғани бағы. “Атадан мал қалғанша, тал қалсын” деген қағиданы берік ұстанған ауыл тұрғындары Ғани бағын жыл сайын қайта жандандырып, көк кілемдерін көсілте төсеумен келеді. Айтқандай, осы ауылдағы Әулие бағы да жыл өткен сайын жасыл желекке бөленіп, жайқала өсумен барады. Өткен жылы ауыл аймағындағы 3,7 гектар жерге 2300 түп көшет, 3700 түп қаламша отырғызылса, ағымдағы жылы да мыңдаған түп саялы ағаштар отырғызуға ауыл тұрғындары құлшына кірісуде екен.
– 2012 жылы Шығыс жастарының жарық жұлдызы атанған, біздің ауылдың топырағында туып, нәр алған Ғани Мұратбаевтың туғанына 110 жыл толады. Ғани бағы осы бір айтулы мерейтойға тартуымыз болмақ, – дейді ауыл әкімі Берік Бисембаев.
“Ертеңін ойлаған ел азбайды, көгерген жер тозбайды” деп атам қазақ айтқандай, Берік Бисембаев сияқты сөзіне де, ісіне де мығым ел азаматтары көбейсе, елдің де, жердің де жасылдандыра, көркейе түсетіні анық. Осы орайда ауыл ғана емес, аудан халқының құрметіне бөленіп, ақ алғыстар арқалаумен жүрген Берік жайлы бір ауыз сөз айтпасқа болмас. Себебі, ол жүрген жерін көгертіп жүреді. Сонау тоқсаныншы жылдардың тоқырау заманында осы күнгі Жанқожа батыр ауылында директор болып қызмет атқарған кезеңде де ауыл ажары кіріп қалған. Шыңырау құдықтан су айдап, көк өсірген Беріктің берекелі ісінің бірі – бүгінгі Әулие бағы.
Берік Бисембаевтың өмір дерегіне сәл-пәл шегініс жасар болсақ, ақ жолдан адаспай, ауыл тұрғындарының алғысына кенеліп келе жатқанын аңғарасың. Алматыдағы зоотехникалық-малдәрігерлік институт пен республикалық басшы кадрларды даярлайтын арнайы курстан дәріс алған оның еңбек жолы балықшылық кәсіптен бастау алады. Бертін келе басшылық, яғни бас зоотехник, партком хатшысы, кеңшар директоры аудан әкімінің кеңесшісі, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі тәрізді қызметтерді атқарып, халықтың сұранысымен ауыл әкімі креслосына отырады.
– Мен, дейді әңгіме үстінде Берік, – өз-өзімді марапаттау, болмаса дәріптеуден бойымды аулақ ұстаймын. Одан да елім үшін, халқым үшін еткен еңбегімді мақтаныш тұтамын.
Әкім айтса айтқандай, Елбасы Жолдауына нақты жауап беруді мұрат тұтқан ауыл тұрғындары тарапынан қазіргідей әлемді жайлаған дағдарысты кезеңнен қиналыссыз шығу елдің ынтымағы мен бірлігіне байланысты екендігіне көз жеткізесіз. Мұнда 2004 жылдың қараша айынан “РЗА-АГРО” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз жұмысын бастап, халықтың сәулеті мен дәулетін көтеруге сүбелі үлес қосуда. Бұл серіктестік 150-ге жуық ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп, 1500 гектар егістік жерге дәнді дақылдар, яғни күріш, арпа, жүгері, жоңышқа дақылдарын егіп, алтын күзде ауыл қамбасына құйып береді. Сондай-ақ, ауылда егіншілікті кәсіп еткен 10-нан астам шаруа қожалықтары тағы бар. Бұларда 190 адам еңселі еңбек етсе, 15 адам жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Округ көлемінде жұмыссыздық жоқ, бұған қалайша риза болмассың. Ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршіліктерінің жыл өткен сайын түзеле түсуіне “РЗА” АҚ президенті, облыстық мәслихат депутаты С.Имандосов, жеке кәсіпкерлер Қ.Сәтбай, С.Сүлейменова және басқалар қамқор қолдарын созумен келеді.
Ажарлы да базарлы Ғани ауылы туралы қалам тербеп отырғанда мына бір деректерді де айта кетуді жөн деп ойладық. Өткен оқу жылында мектеп бітіруші 14 түлек түгелімен ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, орташа 75,4 балл жинаған. Сондай-ақ, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Оразалы Айнұр аудандық “Жыл мұғалімі-2009” сайысында 1-ші орынды иеленді. Ал, мектеп оқушысы Тұрсынай Шалқымбаева халықаралық “Бозторғай” сайысына облыс атынан қатысып, бас жүлдеге ие болады. Ауданда тұңғыш рет өткізілген көкпар сайысында Ғани ауылының жігіттері көш басына шығады.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні сол, Ғани ауылы ғажайыптанып-ақ келеді. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын, Ұлы Отан соғысындағы Жеңісінің 65 жылдығын және Ғ.Мұратбаевтың 110 жылдығын толағай табыстармен қарсы алуды мұрат тұтқан ауыл әкімдігі мен “РЗА” АҚ-ы ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту бағытындағы әріптестік меморандумына байланысты атқарылар іске бел шеше, білек түре кірісіп-ақ кеткен. Алла жазса, әкім бастамасына орай Ғани ауылы облыс көлеміндегі үлгілі ауыл қатарына енгізілмекші.
“Саусақ бірікпей, ине ілікпейді” деп Елбасы айтқандай, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара еңбек етіп, өмір сүріп жатқан Ғани ауылының келешегі кемелдене бермек.
Еркін ӘБІЛ,
Қызылорда облысы,
Қазалы ауданы,
Ғ.Мұратбаев ауылы.