Қоғам • 25 Тамыз, 2022

Мамандықпен мақтанудың мәртебесі

359 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тәжірибелі ұстаздардың өнегесін кейінгі жас мамандардың санасына құйып, тәлімін тарату – педагогика саласындағы абырой әперетін игі дәстүрдің бірегейі. Мұндай жолдың тек қана биік белестерге, толайым табыстарға бастайтыны сөзсіз. Жастарға ісін үлгі қылатын сондай аяулы жанның бірі – жарты ғасыр ұстаздық еткен Нәйля Арынқызы деп нық сеніммен айтуға болады.

Мамандықпен мақтанудың мәртебесі

Бұл кісі мұғалімдер отбасында тәрбиеленіп өсті. Әкесі Арын Өтешов, анасы Жамал Маженова да кеншілер астанасындағы Жамбыл атындағы №7 орта мектепте көп жыл бала оқы­тып, ұстаздық еткен. Сол себепті болар, мек­тепті бітірген Нәйля сынды өрімдей жастың ал­дын­да бір ғана жол болды. Ол – ата-анасының ізін басып, ұстаздықтың жауапкершілікке толы жолына түсуді мақсат етті.

Осы арманды қанат қылып байлаған жас Нәйля 1969 жылы Ебіней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетіне келіп бағын сынаған. Мектепте алған терең білім талапты жасты сынақтың небір ауыр кезеңдерінен абыроймен алып шықты.

Қолына диплом алған соң, мұғалімдік еңбек жолын 1973 жылы Абай қаласындағы №12 орта мектепте бастаған. Одан кейін Қарағанды қаласындағы №15 мектепте және медицина-техникалық колледжде орыс тілі және орыс әдебиеті пәндері бойынша сабақ беріп, жемісті еңбек жолын жалғастырды.

Ұзақ жылдар бойы жиған бай тәжірибесі бар ұстаздың кейінгі жас мамандарға айтар кеңесі қарапайымдылығымен және шынайылығымен тәнті етеді. «Мұғалімдікті таңдаған жастар өз мамандығын, өз пәнін сүюі керек. Маман­дықпен мақтана білудің өзі мәртебе. Ұстаз үздіксіз ізденісте болса, көп оқыса, шығар­ма­шылыққа ұмтылса, талапты оқушыны тәрбие­леуді мақсат қылса, ондай педагог ма­манның болашақтағы абырой-беделі зор болады», деп ой тұжырады Нәйля Арынқызы.

Ұлағатты ұстаздың «Педагог мәртебесі туралы» Заңға деген көзқарасы да байыптылығымен ерекшеленеді. «Мәні терең құжат, дейді ол. – Шындап келгенде, ұстаздар құқығының ауқымы кеңейді. Жүктемесі азайып, қосымша жұмыстардан босатылды. Өкінішке қарай, мұның бәрі педагогтердің өз жұмысымен тікелей айналысуына барынша кедергі болып келген еді. Ал олардың еңбекақысының көбейгенін әлеуметтік әділдік деп бағалауға болады. Ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсариннің өзі «Бізге жақсы мұғалім бәрінен қымбат. Өйткені мұғалім – мектептің жүрегі», деген жоқ па!».

Тәжірибелі педагог Нәйля Арынқызы жоғары оқу орындары мен мектептер арасын­дағы байланыс нығайтыла түссе екен деп тілейді. «Студенттердің мектепте өндірістік прак­тикадан өтуіне көңіл көбірек бөлінсе дей­мін. Болашақ мамандар мамандыққа қойы­латын талаптармен іс жүзінде танысса, нұр үстіне нұр болар еді», дейді ұстаз.

Бүгінде орыс тіліне деген сұраныстың азай­мағанын айтады Нәйля Арынқызы. Педа­гогтің пікірінше, орыс тілі – бизнестің тілі. Қазіргі қоғамда орыс тілін білу қажеттілік болып тұр деп санайды ол. «Бұл тілге деген сұраныс пандемия кезінде жоғарылады, – дейді педагог. – Неге десеңіз, кәсіпкерлердің көбі сауда-саттықты интернет арқылы жасады. Жалпы, ғаламторда орыс тілінде өте сапалы ғылыми мақалалардың көп екенін айта кеткім келеді. Сол себептен болса керек, бұл тіл уикипедия­да қызғылықты және пайдалы материалдар бо­йын­ша жетінші орында тұр».

Еңбек өтіліне жарты ғасыр болған Нәйля Арынқызы қаладағы №15 орта мектепте орыс тілі және орыс әдебиеті пәндерінен сабақ береді. Қосымша медицина-техникалық колледж­де де еңбек етеді. Жастардан калыспай, түрлі сайыстарға, семинарларға қатысады. Жұмысында жаңа технологияларды қолданып, сабақтарын қызықты өткізуге бар күшін салады. «Мамандығымды шексіз сүйемін. Содан да болар, жұмысыма күліп барып, күліп қай­тамын», дейді ұлағатты ұстаз ағынан жарылып.

Сайып келгенде, мұның бәрі өзінің таңдап алған мамандығына деген шексіз берілгендіктің шынайы үлгісі ғой. Жастар дәл осындай парасатты педагог, өнегелі тәлімгерлердің өміршең ұстанымдарынан үлгі алса дейсіз!

 

ҚАРАҒАНДЫ