Қыстың қамы: Мал азығы жеткілікті көлемде дайындалды
Облыста биыл ауыл шаруашылығы саласында көрсеткіш жоғары, мамандар біраз жетістіктер болатынын айтуда. Бірқатар ауылшаруашылық дақылдары бойынша жиын-терім аяқталған. Мысалы, 254 мың гектарға егілген астықты ору науқаны аяқталып, гектар түсімділігі 19 центнерді құрады, 471,3 мың тонна өнім жиналды. Көкөніс пен бақша бойынша 2,8 млн тонна өнім, 112,6 мың тонна жеміс-жидек жиналған. Жалпы, биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 859,9 мың гектарға егіліп, өткен жылмен салыстырғанда 14,4 мың гектарға артқан. Оның ішінде дәнді дақылдар 313 мың гектарға, көкөніс, бақша, картоп 119,4 мың гектарға тамыр тартқан. Ал облыстың оңтүстік аудандарында мақта жинау науқанына дайындық қызу. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Т.Оспановтың мәлімдеуінше, биыл мақта дақылы 126,3 мың гектарға егілген. Жалпы, 345 мың тонна шитті мақта жиналып, өткен жылғы көрсеткіштен артады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ 2021 жылы бір килосының бағасы 320-380 теңге аралығында болған мақта бағасы биыл 400 теңге көлемінде болады деп болжануда. Облыс әкімінің тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы бойынша биыл 8,4 мың гектарда 3 мың жоба іске асырылды. Бірінші, екінші өнімнен 230 мың тонна көкөніс өнімі жиналып, жұмыстар жалғасуда. Жаңа жылыжайлар 85,5 гектарға салынып, жалпы көлемі 1 552 гектарға жетті. Бүгінде жылыжайлар есебінен 118 мың тонна өнім өндірілген. Жалпы, биыл мемлекет тарапынан күзгі жиын-терім жұмыстарына 48 мың тонна жанар-жағар май бөлініп, агроқұрылымдарға литрі 200-202 теңгеден берілуде. Минералды тыңайтқыштардың 522 түрінің құнын 50% субсидиялауға бюджеттен қаржы бөлінді.
Мал азығы да өңірде жеткілікті көлемде дайындалған. Басқарма басшысы мәлім еткендей, биыл тапшылық орын алмайды. Ауа райының жауын-шашынды болуына байланысты аймақты 1,5 жылға жететін мал азығы қорымен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар. Бүгінде мал басына қажетті 4,1 млн тонна мал азығы 100% жиналған. Атап айтсақ, 289,9 мың тонна сабан, 109 тонна пішендеме, 1,8 млн тонна табиғи шөп, 1,8 млн тонна жоңышқа, 6,5 мың тонна сүрлем жиналып үлгерген. Оған қосымша облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес аудан, қала әкімдіктеріне 1 млн тонна азықтық қорды қалыптастыру жоспары ұсынылған. Жалпы, қыстату науқанына дейін 5,1 млн тонна мал азығы жиналатын болады. Малазықтық шөптер биыл шаруаларға қолжетімді бағада сатылуда. Мысалы, егістік алқап басынан табиғи шөптер бумасы 350-400 теңге, жоңышқа 600-700 теңгеден сатылып жатыр. Былтыр 1 200-1 500 теңге аралығында саудаланған болатын. Басқарма басшысының есебінше, облыстағы мал басына қажетті азықтық жем көлемі 784,9 мың тоннаны құрайды. Оның 82%-ы, яғни 644,8 мың тоннасы облыста өндірілген дақылдар есебінен қамтамасыз етіледі. Оның ішінде: жүгері – 287,1 мың тонна, шитті мақта – 106,8 мың тонна, мақсары күнжарасы – 41,8 мың тонна, арпа мен бидай – 29,3 мың тонна. Бұдан бөлек, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ-ы арқылы облысқа бөлінген 34,4 мың тонна бидайдан алынатын 9,3 мың тонна кебек агроқұрылымдарға арзандатылған бағамен сатылуда. Бүгінде 334 агроқұрылымға 540 тонна кебек босатылған.
Айта кетелік, жыл басынан бері 7 айда облыста ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі жоспардан 27,2 млрд теңгеге артық орындалып, 338,9 млрд теңге болды. Ал нақты көлем индексі өткен жылмен салыстырғанда 4,4%-ға ұлғайды. Жалпы, егін саласында жиын-терім науқаны уақтылы ұйымдастырылып, астық мерзімінде жиналып алынды. Мал шаруашылығы өнімдерінің көлемі де өткен жылмен салыстырғанда артқан. Шетелге 121 мың тонна қауын, 170 мың тонна қарбыз экспортталған. Сондай-ақ өңірде ауыл шаруашылығы саласы өкілдеріне ұйымдастырылған семинарларда кәсіпкерлерге, шаруаларға жаңа технологияларды енгізу жолдары түсіндіріліп, нәтижесінде тамшылатып және жаңбырлатып суару тәсілдері кеңінен қолданысқа енгізілді.
Ауылдағы ағайынның мал шаруашылығымен айналысуына, өнімін өткізуіне де жан-жақты мүмкіндік жасалмақ. Мысалы, алдағы уақытта «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автодәлізінің Ордабасы ауданы аумағындағы Бадам – Шұбар автожолының қиылысқан тұсындағы 400 гектар аумаққа бірегей кешен салу жоспарланып отыр. Ол кешенде автотұрақ, әкімшілік кеңсе, асхана, мұздатқыш қойма, құрама жем өндіру цехы, мал азығын сақтау орны, мал базары және 40 мың басқа арналған мал бордақылау алаңдары болмақ. Жоба логистика жүйесінің қолайлылығымен де ерекшеленеді. Халықаралық автожол арқылы дайын өнімді 30 шақырым қашықтықтағы үшінші мегаполиске 20-25 минутта жеткізуге болады, ал тоңазытылған ет өнімдерін көршілес облыстар мен Өзбекстан және Ресейге экспорттауда қолайлы темір жол желісі де аудан іргесінде тұр. Ірі қара малды жемшөппен қамтамасыз ету үшін арнайы кешен аумағында құрама жем цехы орналастырылып, мал бордақылаушы шаруаларға төмендетілген бағада ұсынады. Бордақылау алаңдарында ірі қара мал арнайы ветеринарлық лабораториядан тексерулерден тұрақты өткізіліп отырады. Семірген бұқашықтар мал сою бекетінде сойылып, бастапқы өндеуден өткізіліп, республика аумағына жөнелтіледі, шет мемлекеттерге экспортталады. Аудан әкімдігінің мәліметіне қарағанда, жоба бойынша 40 мың бас мал бордақылау алаңдарына шамамен 1 айналымда 36 мың тонна шөп, 48 мың тонна жем азығы қажет. Бұл қажеттілікті ауданның егістік, шабындық алқаптарынан алынатын жемшөп қоры қамтамасыз етпек. Бүгінде мал бордақылау алаңын қажетті инженерлік-инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында ауыз су, электр жарығы, көгілдір отын, асфальт, көше жарықтандыру жұмыстары бойынша арнайы жобалар әзірленіп, тиісті мекемелермен бірлескен жұмыстар қолға алынуда.
«Әр ауылда шағын және орта бизнес көзін дамыту керек»
Экономиканың қозғаушы күші – кәсіпкерлікті қолдау арқылы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге, инфляцияның алдын алып, тауар жетіспеушілігінен құтылуға, экономиканы ілгерілетуге ықпал етуге болатыны мәлім. Бюджеттің 70-80 пайызы салықтық түсімдерден құралатынын ескерсек, кәсіпкерлердің жұмысы жандана түсіп, салықтан жалтармауы маңызды. Түркістан облысы бойынша 2022 жылдың I жартыжылдығында салықтық түсімдер 182 млрд 757 млн теңгеге жетіп, бюджет жоспары 105,3% орындалған. Ал кәсіпкерлік субъектілері саны жөнінен облыс Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласынан кейін үшінші орында тұр. Кәсіпкерлер саны жылдың өзінде 10 мыңға өсіп, 155 мыңнан асқан. Бүгінде халық саны көбейіп келе жатқан облыста елге қажетті жұмыс орындарын, өндіріс орындарын көбейту – уақыт талабы. Өңір тұрғындары қашан да кәсіпкерлікке бейім болған. Сондықтан жергілікті әкімдік тарапынан кәсіпкерлікке үлкен маңыз беріліп, «Қарапайым заттар экономикасы» мен «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы арқылы қолдау көрсетілуде. Түркістандағы құрылыстарды да жергілікті кәсіпкерлер атқарып жатыр. Статистикаға жүгінетін болсақ, облыстағы 160 мыңға жуық кәсіпкердің 52 пайызы ауыл шаруашылығы саласында қызмет атқаруда. Кәсіпкерлер палатасы биыл кәсіпкерлерге 9 мыңнан астам ақпараттық қамтамасыз ету қызметін және 1 мыңнан астам сервистік қолдау қызметін көрсеткен. «Атамекен-Түркістан» МҚҰ қазіргі таңда 226 жобаны 1,8 млрд теңгеге қаржыландырған. «Кәсіпкерлік қырандары» жобасы арқылы ірі бизнес өкілдері капиталы жоқ, бірақ бизнес идеясы бар, кәсіпкерлікке жаңа қадам басқан азаматтарға қолдау көрсетуде. Бүгінде «Кәсіпкерлік қырандары» бойынша қолдау алған стартап жобалар (16 – жоба 44 млн теңге) өз кәсіптерін дөңгелетіп, өнімдерін өндіруде. Осы жобаның үшінші кезеңінде медициналық қалдықтарды жоятын, аяқ жол плиткаларын шығаратын цехтар, «Тармақтар» кітабы, қолдан ұрықтандыру және ветеринарлық станса, ғарыштық байланыс және спутниктік роботтехника кешені, Eco-Protect дөңгелектерді қайта өңдеу жобасы және мүмкіндігі шектеулі жандарға қажетті әмбебап монша салу бастамасы сынды 7 жоба ұсынылып отыр. «Қарапайым заттар экономикасы» арқылы кәсіпкерлер 47 млрд теңгеге жеңілдетілген 6%-бен несиеленген болса, «Бизнестің жол картасы – 2025» арқылы жыл соңына дейін 40 млрд теңгеге несиелеу күтілуде. Ал облыс орталығы Түркістан қаласында кәсіпкерлерді аз пайызбен несиелендіру бойынша биылдың 6 айында «Ырыс» МҚҰ» ЖШС-ы 198,5 млн теңгені құрайтын 16 жобаны қаржыландырды. Былтырғы тиісті кезеңмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 2 есеге артты.
Бүгінде кәсіпкерлік саласында қалада 14 155 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар биыл индустриалды аймаққа құны 2 млрд 990 млн теңге болатын және 169 жаңа жұмыс орнын құратын 4 жоба тартылып, өңірлік үйлестіру кеңесінің оң қорытындысын алды. Түркістандағы құрылыс жұмыстарының көлемі 132,6 млрд теңгені құрады. Жыл басынан бері жалпы алаңы 296,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жалпы, сауда көлемі 148,3 млрд теңгеге жетті. Ал «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында облыста 105 елді мекенде 249 жобаны іске асыруға бюджеттен қаржы бөлініп, басым бөлігінде жұмыс жүріп жатыр. Облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Қанат Қайыпбектің айтуынша, тамыздағы дерекке сәйкес 223 жаңа жобаның 191-і бойынша жеңімпаз мердігер анықталып, келісімшарттар түзілген. Мемлекеттік сатып алу қорытындысымен жалпы 306,7 млн теңге үнемделген.
Негізінен шағын және орта бизнесті дамыту арқылы облыста биыл 88 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылмақ. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» шеңберінде «Еңбек» бағыты бойынша 70 250 адамды жұмыспен қамту шараларына тарту көзделген. Ұлттық жобалар аясында жаңадан ашылатын жұмыс орындарына 7 086 адам жұмыспен қамтылады. Жеке бастамалар арқылы 10 мыңнан астам адам жұмыспен қамту шараларына тартылады. Мемлекет басшысының жыл сайын 10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу жөніндегі тапсырмасы бойынша Түркістан облысында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, үш бағыттағы жұмыспен қамту шаралары аясында 47 мыңнан астам адам немесе 54 пайызы тұрақты жұмыспен қамтылған. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев басқарма басшылығына жұмыспен қамтудың жаңа үлгісі – жаппай кәсіпкерлікті дамытуды міндеттеп, бұл бағыттағы шараларды күшейтуді тапсырды. Мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға бөлінген қаржыны барынша тиімді пайдаланып, міндетті зейнетақы төлемдерінің кешіктірілуіне жол бермеуін жүктеді. Жаңадан қолға алынған қанатқақты жобалар негізінде алыс-жақын шетелдік компанияларды инвестиция салуға тарту да маңызды. «Жұмыс орындарын ашу – әкімдердің ең маңызды міндеті. Әр ауылдан шағын және орта бизнес көзін дамыту керек. Өңір халқының табысын арттыруға бағытталған жұмыстар әрі қарай да өз жалғасын табатын болады. Халықтың табысын арттыру бойынша «Түркістан облысы бойынша 2022-2025 жылдарға арналған жұмыспен қамту картасы» жобасы бекітіліп, нәтижесінде, жалпы 144 мыңдай жұмыс орындарын ашу жоспарланған. Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстанның шынайы жаңару кезеңіне сәтті қадам басуы жолында алдымызға қойылып отырған тапсырмалар мен міндеттерді бүкіл қоғам болып жұмыла атқаруымыз маңызды», деді облыс әкімі жұмыспен қамту мәселесі талқыланған аппарат отырысында.
Кәсіпкерлікпен айналысатын нәзік жандылар қатары артып келе жатқанын да айта кетелік. Статистикаға сәйкес, шағын және орта кәсіпкерліктің 32%-ында әйелдер басшылық жасауда. Яғни Түркістан өңірінде жұмыс істейтін әрбір үшінші кәсіпкер – әйел. Бұл орайда еліміздегі алғашқы «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы» өткен жылы Түркістан қаласында құрылғаны мәлім. Кәсіпкер әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту, бизнесті жүргізу үшін оларға қолайлы жағдайлар жасау мақсатында ашылған орталыққа 500-ден астам кәсіпкер әйел, сондай-ақ кәсіпкерлік бастамасы бар қыз-келіншектер кеңес алу үшін жүгінген. Бұдан басқа, кәсіпкерлікке, оның ішінде әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға «Түркістан» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мекемесі қызмет етеді. Барлық аудан және қала орталығында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының филиалдары бар. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы да кәсіпкер әйелдер тарапынан сұранысқа ие. Бағдарлама арқылы өткен жылы кәсіпкерлерге 25 млрд теңгеге 6%-бен 1 371 жеңілдетілген несие берілген болса, қолдау алған жобалардың тең жартысы – нәзік жандылар. Осы жылдың 6 айында 9,6 млрд теңгеге 274 жоба қолдау тапса, оның 48%-ы кәсіпкер әйелдердің үлесінде. Өңірде «Керуен сарай» және «Эко базар» саудагерлеріне арналған 6%-бен несиелеуді көздейтін Yassy Business бағдарламасы жұмыс істейді. Қазіргі таңда «Ырыс» микроқаржы ұйымымен 140 млн теңгеге 10 жобаны несиелеу туралы оң шешім қабылданды, оның ішінде 4 кәсіпкер әйелдің жобасы қолдау тапты.
Ұлттық жобалар шеңберінде іске асырылатын барлық жобаларда жұмыс орындарын ашу көзделген. Олардың ішінен 429 жоба негізінде ашылатын 7 086 жұмыс орны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жанындағы «Электронды еңбек биржасына» тіркелуі бақылауға алынған. Бүгінде 300-ге жуық жоба аясында ашылған 3 326 жұмыс орны «Электронды еңбек биржасында» жарияланды, олардың 45%-ы жұмысқа орналасты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұсынған дерегіне сәйкес, 10 мың тұрғын саны негізіне 16-62 жас аралығындағы халық саны (1 085 391 адам) есепке алынып, Түркістан облысына 10 854 тұрақты жұмыс орындарын ашу межеленді. Оның басым бөлігі – жеке бастамалар, салық органдарында жаңадан тіркелген жеке кәсіпкерлер, орта және шағын бизнесте ашылған жұмыс орындары негізге алынады. Биылдан бастап «Жастар тәжірибесі» жобасы шеңберінде 5 658 адамға 6,2 млрд теңге, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 386 азаматқа 436,7 млн теңге қаржы қаралды. Сондай-ақ жастардың іскерлік бастамаларына қайтарымсыз 3,4 млрд теңгеге 2 765 грант беру көзделуде.
Жұмыс орындарының көптеп ашылуына жаңадан салынатын нысандар да септігін тигізбек. Мысалы, Келес ауданында құны 12 млн долларды құрайтын күн электр стансасы салынады. Құрылыс жұмыстарын «UBS KZ» және «UBS Solar» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырады. Бұл жоба Келес ауданының Ақтөбе ауылдық округі аумағынан іске аспақ. Ол үшін арнайы 50 гектар жер аумағы бөлінген. Жоба аясында 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Аталған станса сағатына 20 мВт электр қуатын өндіруге қауқарлы. Құрылыс жұмыстары 2023 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.
Түркістан облысы