22 Мамыр, 2010

ҚОРҒАН БОЛАР САРБАЗЫҢ БАР

453 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Атырауда №5546 әскери бөлім бар. Ішкі істер министрлігінің Ішкі  әскерлер қолбасшылығына қарайды. Қазір мұнда 400-ге жуық сарбаз Отан алдындағы борышын өтеуде. Бұрын мұнда жергілікті жастар да әскери міндетін өтеуге шақырыла беретін. Тіпті, сырқаты бар бір жас жігіттің сонау Қызылордадан әскерге шақырылып, осы бөлімнен үйіне кері қайтарылғанына да куә болған едік. Ал қазір ше? Аталған әскери бөлімде әлгіндей проблема кездесіп жүр ме? Осы сауалдарға жауап алу үшін әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, майор Атабек САЛЫҚБАЕВҚА жолыққан едік. Бөлім командирінің орын­ба­сары әскери тәртіпке сай әңгімеге сараң болып шықты. Онысы тү­сі­нік­ті де шығар. Майор Атабек Са­лықбаевтың айтуынша, жақын ара­да 100-ден аса сарбаздың әске­ри міндетін өтеу мерзімі аяқта­ла­ды. Соған орай сарбаздар қатары мау­сым айында толығады деп кү­ті­луде. Негізінен әскери бөлім сар­баздары Атырау қаласы көшеле­рін­дегі қоғамдық  тәртіп сақтауға, со­нымен бірге, еңбекпен түзеу ме­кемесіндегі тәртіпті нығайтуға ат­салысады. Бірақ, бір кездердегідей батыс облыстар мен жергілікті жер­дің жастары бұл бөлімге жібе­рілмейтін болыпты. Керісінше, өзге өңірлердің жастары көбірек жіберіледі. Мәселен, өткен жылғы күзде Қарағанды, Солтүстік Қазақ­стан облыстары мен Астана қала­сының жастары әскери міндетін өтеуге келіпті. Жақын арада әске­ри міндетін өтеу мер­зімі аяқ­та­ла­тын сарбаздар арасында Ке­реку  өңірінің жастары да бар. Соның бірі, сым­дай тартылған қатардағы жауынгер Дәу­лет Зекенов газет тілшісін бақылау-өткізу бе­кетінен әскери бөлім командирінің орын­басарының кабинетіне дейін ертіп жүрді. Мұндағы сарбаздарға барлық жағдай жасалған екен. Казарма, асхана секілді ғимараттарға “кө­гіл­дір отын” желісі жүргізіліпті. Бұ­рын казарманың қыста жылудан, судан  тарығатынын білетін едік. Енді бәрі басқаша, жақсылық жағына қарай өзгерген. Бөлім сарбаздары үшін арнайы монша да салы­ныпты. Бөлімде майор Владимир Нутков жетекшілік ететін әскери оркестр бар. Оның құрамындағы 18 музыкант келісім-шартпен жұмысқа алынған. Келісім-шарт демекші, былтыр әскери міндетін өтеу мерзімі аяқталған 10 сарбаз осы бөлімде келісім-шартпен қызметін жалғастыруға қалыпты. Ал биыл 6 сарбаз әскери учи­ли­ще­ге баруға тілек білдіріп отыр. Бұл – Ішкі әскерлер құрамындағы ең үздік бөлімнің бірі. “Біздің  сар­баз­дар өздерінің әскери міндетіне адалдығымен әр кез танылып ке­ле­ді. Қолдау күткен жандарға қор­­ған болуды жүктейтін  жауап­кер­ші­лікті түсінді. Қазақ­тың жігіттері негізінен шымыр, қайратты болып келеді ғой. Бөлім сарбазы Жандос Қалдышев 23 сәуірде Жайық өзе­нін­дегі суға батып бара жатқан  адам­ды құт­қарып қалды. Судан құт­қарған адамды ауруханаға апа­рып, өміріне араша болды. Ал қа­тар­дағы жауынгер Болат Нұр­са­паев ІV шағын ауданда анасынан ада­сып қалған үш жасар балдыр­ғанды 12 сағаттан кейін “Жеңіс саябағы” аумағынан тауып берді. Әри­не, мұндай сарбаздарды өзге­лерге үлгі-өнеге етеміз. Ішкі әс­керлер бас қолбасшысы Р.Жақ­сы­лы­қовтың бұйрығымен қатардағы жауынгер Жандос Қалдышев “Құқық тәртібін қамтамасыз етуде үздік шыққаны үшін” төсбелгі­сі­мен марапатталды”, дейді бөлім ко­мандирінің орынбасары Атабек Салықбаев. Өкінішке қарай, мақаламыз­дың басында айтылғандай, сырқат жасты әскерге жіберу оқиғасы әлі де кездеседі. Былтырғы күзде Жез­қазған өңірінен эпилепсия сыр­қа­тына шалдыққан бір жігіт осы бө­лімге жіберіліпті. Сонда дәрігерлер сырқат жігітті тәуелсіз еліміздің қор­ғаны бола алады, деп жіберген ғой шамасы. Өзге емес, эпилепсия сырқатына көз жұма қарауға бол­майтынын дәрігерлер қауымы жақ­сы біледі. Ендеше, қалтырап-дірілдеп, есінен танып қалатын сыр­қаты бар жігіт әскери-меди­ци­налық комиссия жіті талқысынан, бақылауынан қалай өткен? Әлде әскерге барғысы келмеген  дөкей баласының орнына “абайсызда” “құрбандыққа” шалынды ма екен? Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы. Суреттерді түсірген  Орынбай БАЛМҰРАТ.