Жыл басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында Жаңа Қазақстанды құру жолындағы жұмыстың нақты бағыттарын атап өтті. Сол мақсаттарды іске асыру Ата Заңға түзетулер енгізуді қажет етті. Биыл 5 маусымда өткен республикалық референдумда қолданыстағы Конституция толықтырылып, сол арқылы қоғам мен мемлекетті әрі қарай дамытуға бейімді құқықтық негіздер қаланды.
Президенттік басқару нысанын одан әрі жаңғырту, Парламент пен жергілікті өкілді органдардың рөлін күшейту, сайлау заңнамасын, партиялық жүйені, әкімшілік-аумақтық құрылымды жетілдіру бойынша пәрменді шаралар анықталды. Маңызды жаңалықтардың бірі – Конституциялық кеңесті Конституциялық сотқа трансформациялау.
Конституциялық бақылау органы мемлекеттің басты заңының талаптарын іске асыруда маңызды рөл атқарады. Әлемдік тәжірибеде олардың атаулары мен модельдеріне (Конституциялық сот, Конституциялық кеңес, конституциялық трибунал, конституциялық палата және т.б.) қарамастан, барлығы ұқсас функциялар атқарады. Олардың бәрінің миссиясы – мемлекеттің аумағында Негізгі Заңның үстемдігін қамтамасыз ету. Конституциялық бақылау органдары өз компетенцияларын: ресми түсіндірме, конституциялық-құқықтық даулар бойынша қорытындылар беру, әртүрлі субъектілердің өтініштері бойынша заңнамалық базаның конституциялығын тексеру арқылы жүзеге асырады.
Біздің елдегі жайға келсек, қолданыстағы Конституция қабылданғаннан кейін құрылған Конституциялық кеңес республика аумағында құқықтық мемлекет қағидаттарын бекіту ісіне лайықты үлес қосты. Алайда заман ағымы жаңа талаптар қойып отыр.
Халықаралық кеңістікте соңғы жылдары жүргізілген конституциялық реформалар азаматтардың конституциялық бақылауға қол жеткізуін кеңейтудің тенденциясын көрсетіп отыр. Әлемнің 70-тен астам елінде конституциялық бақылау органдары Конституциялық сот түрінде жұмыс істейді. Бұл өзінің тиімділігін дәлелдеген әрі кең таралған модель. Азаматтардың конституциялық құқығын конституциялық бақылау органдарына тікелей жүгіну арқылы қорғау тереңдетілуде. Мұндай тәжірибе Аустрия, Германия, Корея, Латвия және басқа да елдерде бар. Сонымен қатар Германияда азаматтар конституциялық талаптарды сақтау тұрғысынан заңға ғана емес, нақты сот шешіміне де баға беруді сұрай алады. Мұндай институт өте тиімді жұмыс істейді, азаматтарға заңнамалық қайшылықтарды шешуге тікелей қатысуға мүмкіндік береді және құқықтық мемлекет негіздерін нығайтуға айтарлықтай үлес қосады.
Халықаралық құқық қорғау құрылымдары және көптеген мемлекет азаматтың конституциялық шағымын енгізуге басымдық бере бастады. Соңғы уақытта бұл модель Түркияда (2011), Мажарстанда (2012), Литвада (2019) және басқа да елдерде енгізілді.
2021 жылы Өзбекстанда азаматтар мен заңды тұлғаларға Конституциялық сотқа жүгіну құқығы берілді. Мұндай субъектілердің қатарында Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық, Өзбекстан Республикасы Президентінің жанындағы Кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөніндегі уәкіл де қарастырылды.
2021 жылы Қырғыз Республикасында Негізгі Заңға өзгерістер енгізу туралы мәселе бойынша референдум өтті. Өзге де түзетулердің ішінде Конституцияның жаңартылған редакциясында Конституциялық сот қалпына келтірілді.
Қырғызстанның Конституциялық сотына жүгіну құқығы Президентке, Жоғарғы кенешке, фракцияларға, депутаттық топтарға, Министрлер кабинетіне, Жоғарғы сотқа, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына, Бас прокурорға, омбудсменге, судьяларға берілді. Сонымен қатар егер заңдарда және өзге де нормативтік-құқықтық актілерде Конституциямен танылған құқықтары мен бостандықтары бұзылады деп санаса, жеке немесе заңды тұлғалар да мұндай құқыққа ие болды.
Азаматтардың конституциялық шағымы институты осы жылдың ақпан айының соңында референдумда мақұлданған Беларусь Республикасының конституциялық өзгерістерінде де қарастырылды.
Ерекше көңіл бөлетін нәрсе, көп елдерде, атап айтсақ, Әзербайжан, Армения және Ресейдің Конституциялық соттары азаматтардың шағымдарын нақты істе қолданылған заңдар бойынша ғана тексереді. Ол үшін тұлға барлық сот сатыларынан өтуі қажет. 2014 жылы мұндай институт Тәжікстанда жұмыс істей бастады.
Осы уақытқа дейін Қазақстанда азаматтар Конституциялық кеңеске соттар арқылы жанама түрде жүгіне алатын. Мұндай тетік Конституцияның 78-бабында көзделген, соған сәйкес егер сот қолданылуға тиісті нормативтік-құқықтық акт адамның Конституциямен баянды етілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп тапса, іс жүргізуді тоқтата тұрып, осы актіні конституциялық емес деп тану туралы ұсыныспен Конституциялық кеңеске жүгінуге құқылы болатын. Яғни соңғы өзгерістерге дейін де азаматтар сотта нақты істі қараған кезде қолданыстағы заңдардың Конституцияға сәйкестігін даулауға мүмкіндігі бар болды. Алайда бұл институттың әлеуеті толық ашылмай, соңғы жылдары соттар Конституциялық кеңеске өте сирек жүгінді.
Мұның басты себебі – соттардың жұмысбастылығы, тараптардың өтінішін ескермеуі және судьялардың өз міндеттерін атқарған кезде қызметіне жан-жақты қарамауынан туады. Судьялардың басым көпшілігі нақты істе қолданып отырған заңдарға Конституция тұрғысынан терең қарай алмайды. Сол себепті соттар Конституциялық кеңеске қолданыстағы заңдардың Конституцияға сәйкестігін тексеру жөніндегі ұсыныстарды сирек жолдайды. Ал шетелдерде мұндай институт тиімді жұмыс істейді.
Молдова Республикасында да азаматтар Конституциялық сотқа жүгіну құқығын жалпы соттар арқылы жүзеге асырады. Бұл елдің соттары Конституциялық сотқа жылына жүздеген ұсыныс енгізеді. Мұндай рәсімнің тиімділігіне қаралып отырған істі шешу кезінде қолданылуға жататын заңдардың конституциялығы күмән тудыратын болса, сот оның ішінде тараптардың бастамасы бойынша да Конституциялық сотқа жүгінуді практикаға айналдырғаны оң әсер еткен.
Францияда осындай тәртіп 2008 жылғы елдің Конституциясына енгізілген түзетулер арқылы пайда болды. Нәтижесінде, Францияның Конституциялық кеңесі 2010 жылғы 1 наурыздан бастап 2019 жылға дейін тек жоғары соттың ұсыныстары бойынша 740 шешім шығарды.
Корея Республикасында егер сот Конституциялық сотқа жүгіну туралы сот процесі тарапының өтінішін қабылдамаса, онда сотталушы немесе басқа да қатысушылар заңның конституциялығын тексеру туралы өз бетінше сұрау салуға құқылы. Бұған қоса, конституциялық шағым институты да бар, ол азаматтарға барлық сот сатыларынан өткеннен кейін өз бетінше Конституциялық сотқа жүгінуге мүмкіндік береді. Соңғы уақытта кореялық әріптестер 38 мыңнан астам өтінішті қараған.
Біздің тәжірибеде қалыптасқан жоғарыда аталған пәрменсіз жағдайға судьялар белсенділігінің төмен деңгейі ғана емес, сондай-ақ заңнамалық және ұйымдастырушылық проблемалар әсер ететініне Конституциялық кеңес бірнеше рет назар аударған еді. Мәселені түзеу үшін жалпы соттар арқылы азаматтардың конституциялық бақылауға жанама қол жеткізу тетігін жетілдіру бойынша нақты ұсыныстарды енгізгенбіз. Конституциялық кеңес өзінің ұсынысында сот ісінде тараптардың өтініш хаттарын жеке бөліп көрсетуді, сондай-ақ өтініш хаттарды соттың неғұрлым егжей-тегжей қарау тәртібін айқындап, оларды қанағаттандырудан бас тарту үшін нақты негіздерді бекітуді ұсынды. Біздің пайымдауымызша, тараптардың ақылға қонымды күдіктеріне соттар мән беріп, оларды шешу үшін конституциялық органға жолдауға тиіс.
Сонымен қатар Конституциялық кеңес Конституцияның 72-бабында бекітілген өтініш субъектілерінің шеңберін кеңейту туралы мәселені бірнеше рет көтерді. Бұл құқықты Бас прокурорға, Әділет министріне беру керектігіне назар аударылды.
Өткен жылы кеңес омбудсменнің маңызды өкілеттіктерінің бірі оның заңның конституциялығын тексеру туралы мәселеге бастамашылық жасауы болып табылатынын атап көрсетті. Алайда сол кезде біздің осы идеяларымыз Жоғарғы сот, Бас прокуратура және Әділет министрлігі тарапынан қолдау таппады. Сол себепті Конституциялық кеңес Президентке және Президент Әкімшілігіне бірнеше хат жолдады.
Биыл болған конституциялық реформа арқылы біздің ұсыныстарымыз өз мақсатына жетті деуге болады. Мемлекет басшысы оларды ескеріп қана қоймай, Конституциялық кеңесті Конституциялық сотқа ауыстыруды ұсынды. Президенттің бастамасы бойынша Конституциялық сотқа жүгінетін субъектілердің тізбесі кеңейтілді. Оған қосымша Бас прокурор, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл және азаматтар енгізілді. Бұл өте орынды. Жаңартылған Конституцияға сәйкес азаматтардың Конституциялық сотқа жүгіну тәртібі Конституциялық заңмен белгіленетін болды.
Азаматтардың конституциялық шағымын соттардың конституциялық бақылау органына алдын ала сұрауларымен үйлестіру адам құқықтарын қорғау тұрғысынан ең тиімді болып табылады.
Халықаралық тәжірибеде тұлғаның конституциялық шағым беруінің шарттары бар. Атап айтқанда, даулы заң оған қатысты қолданылуы және сот инстанцияларының бәрінен өтуі керек. Осылайша, Конституциялық соттың өкілеттігі субсидиарлық қағидатпен шектеледі, яғни ол күмән тудырған заңды жалпы соттардың барлық сатылары өз шешімдерін шығарғаннан кейін ғана тексереді. Әрине, бұл жерде кейбір ерекшеліктер бар. Мысалы, даулы мәселе бойынша сот практикасы қалыптасса немесе ол жөнінде Жоғарғы соттың нормативтік қаулысы болса, онда істің барлық сот инстанцияларынан өтуі керек емес.
Біздің кейбір оппоненттеріміз азаматтар нормативтік-құқықтық актінің конституциялығын қандай да бір шарттарсыз тексеруге құқылы деп есептейді. Жай сөзбен айтқанда, жарияланған заңды бір рет оқи сала, Конституциялық сотқа жүгінуге болады деп ойлайды. Арнайы әдебиеттерде мұндай шағымдар actio popularis деп аталады. Бұл кез келген адамға нормативтік акті қабылданғаннан кейін оны даулауға құқық береді, яғни заңның азаматтың конституциялық құқықтарына тікелей әсерін дәлелдеудің қажеті жоқ деп есептейді. Біздің пікірімізше, бұл дұрыс емес, ондай тәжірибені енгізу арқылы Қазақстан бүгінгі бір жақтықтан, екінші теріс тәжірибеге өтіп кетуі мүмкін. Мұндай тәжірибе негізсіз шағымдар туғызып, конституциялық органға шамадан тыс жүктеме түсіреді және жұмыс сапасын төмендетеді.
Венеция комиссиясы да аталған actio popularis үлгісін еуропалық стандарт ретінде енгізуге қарсы болған. Комиссия «құқыққа сай емес заңдардан зардап шеккендер ғана конституциялық шағым беруге құқылы» деп әрдайым кеңес беріп келеді.
Заң – бұл күрделі, көпсатылы рәсімдерден өткен акт, сондықтан оны конституциялық емес деп тану үшін негіздер дәлелді болуы керек. Бірнеше сот сатыларынан өту нормативтік-құқықтық актіні түсіндіруге және қолдануға байланысты жол берілген бұзушылықтарды түзетуге, құқық нормаларының тиісінше қолданылуы үшін жағдайлар жасауға мүмкіндік береді. Егер азаматтың құқықтарын жоғары тұрған сот қалпына келтіріп жатса, онда мұндай заңды конституциялық емес деуге негіз жоқ.
Конституциялық сот туралы заң жобасын әзірлеу кезінде жинақталған әлемдік тәжірибені ескеру маңызды. Бұл мәселелерді Конституциялық кеңес бүгінгі халықаралық дөңгелек үстелде талқылайтын болады. Конференция жұмысына Венециялық комиссия, Еуропалық одақ, Еуропа Кеңесінің өкілдері, парламент депутаттары, қазақстандық және шетелдік ғалымдар қатысады.
Барлық елдерде конституциялық бақылау органдарының аппараттары Конституциялық соттың регламенті аясында шағымдардың талаптарға сәйкестігін тексереді, өтініш берушілермен хат алмасады және судьялардың конституциялық іс жүргізудегі қызметін қамтамасыз етеді.
Қазіргі уақытта Конституциялық кеңестің аппараты 25 бірліктен тұрады, бұл, әрине, өте аз. Жұмыс көлемінің ұлғаюын ескере отырып, Конституциялық сот аппаратының штат санын көбейту жоспарлануда. Сөзімді қорытындылайтын болсам, конституциялық дамудың қазіргі кезеңінде қабылданып жатқан шаралар өте маңызды. Болашақ Конституциялық соттың тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін ұйымдастырушылық және өзге де шараларды қарастыру қажет.
2019 жылы Конституциялық кеңестің жаңа әкімшілік ғимаратының құрылысын салу туралы шешім қабылданған болатын. Биыл құрылыс аяқталады, болашақ Конституциялық сот барлық талаптарға жауап беретін жаңа ғимаратта өз өкілеттіктерін жүзеге асыруға кіріседі.
Алдағы кезеңде мемлекет пен қоғамның барлық күш-жігері жаңартылған Конституцияның әлеуетін жан-жақты ашуға бағытталуға тиіс. Бұл жұмыс заңнамалық, практикалық және өзге де шешімдер мен іс-әрекеттермен нығайтылуы керек. Азаматтардың санасында Конституция ең жоғары заңдық күші бар және тікелей қолданылатын басты заң құжаты деген ұстаным берік орнығуы қажет.
Осы жылдың соңына дейін бірқатар конституциялық және өзге де заңдарды қабылдау жоспарда бар. Конституцияға енгізілген түзетулермен бірге олардың орындалуы қойылған мақсаттарға қол жеткізуге ықпал етеді. Түптеп келгенде, құқықтық жүйені дамытуға, азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін және елдегі заңдылық режімін нығайтуға, халықтың мемлекеттік институттарға сенімін арттыруға жол ашады.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барша қазақстандықтарды Конституция күнімен құттықтаймын. Сіздерге зор денсаулық, бақыт және бақ-береке тілеймін.
Қайрат МӘМИ,
Конституциялық кеңес Төрағасы