Қазақстан • 25 Тамыз, 2022

Сауда желілері отандық тауарларды сатуға неге мүдделі емес?

415 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Миллиондаған тұрғыны бар мегаполистерді асырап отырған айналасындағы облыстар болғанымен, отандық азық-түлікті өндірудің ғана емес, сатудың да, сақтаудың да өзіндік мәселелері бар. Мысалы, осы аптада «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында өңірлік тамақ өнімдерін өндірушілер, салалық одақтар өкілдері мен азық-түлік нарығы сарапшылары тоқайласқан еді.

Сауда желілері отандық тауарларды сатуға неге мүдделі емес?

Әсіресе бұл жиын Алматы шаһарының айналасындағы Алматы облысына қатысты десек болады. Кездесуде отандық өнімдерді желілік бөлшек саудада сату мен дүкен сөрелерінде импорттың сіресіп тұруына байланысты қиындықтар мен кедергілер сөз болды.

Барлық тараптар бұл ахуал қазір­гі күрделі геосаяси жағ­дайда ел­дің азық-түлік қауіп­­сіздігіне қауіп төндіре түсе­тінін талқылады. Қысқасы, жер­гілікті өн­­діру­ші нақты қолдау таппайын­ша, оның дамуы тежеле бермек, яғ­ни жалпы эконо­микалық жағ­дай­дың нашарлауы­на алып келмек.

Импорт алмастыру қазақстан­дық экономиканы тұрақ­тан­ды­рудың басты тетігі десек те, мамандардың ойынша, азық-түлік нарығында жергілікті өндірушілер өктемдік таныта алмай­тын тұстар болғандықтан, әзірге сырт­тан тасылған та­уар­­ларға қанағат тұта­мыз. Себе­бі жергілікті өндірушілер қазақстандықтарды толығымен сапалы да арзан өнімдермен қамтамасыз етуге қабілетті сегменттерде де әлі де әлсіз. Өйткені өнімдердің негізгі бөлігі сауда желілері арқылы сатылады, ал олар отандық тауарларды сатуға аса мүдделі емес. Желілерге ең төменгі баға бойынша өнімнің максималды көлемі қажет болса, мұны көрші Ресей мен Бе­ларусьтің ірі өндірушілері оңай қамтамасыз ете алады.

Нәтижесінде, жергілікті нарық пен өнім сапасына бағытталған отандық кәсіпорындар мұндай бәсекелестікке төтеп бере алмайды. Оған қоса өз тұты­ну­шы­­ларымыз да қолжетімді им­­порттық өнімнің неден жа­сал­ға­ны туралы ойланып жат­пас­тан, арзанын таңдайды. Осының бәрі қордалана келе азық-түлік сапасына айтарлықтай әсер етеді. Бұл болашақта елдің денсаулық сақтау саласына ауыр тиеді және шығындардың артуына әкеледі.

Сонымен бірге кездесуде бөлшек саудадағы импорттық тауарлармен әді­летсіз бәсекелестік тақырыбы да қоз­ғалды. Мысалы, отандық өндірісті сани­тарлық-эпидемиялық бақылау органдары үнемі тексеріп отырады. Ал импорттық тауарлар Қазақстан нарығына кірген кезде бір рет қана тексеріліп, содан кейін үш жыл бойы импорттық өндіруші тексерусіз жұмыс істейді. Нәтижесінде, кездесуге қатысушылардың айтуынша, бақылаудың толық болмауы және төмен өзіндік құнға ұмтылу кезінде жекелеген шетелдік өндірушілер өз өнімдеріне заттаңбаларда көрсетілген ингредиенттерді қосуды қойғандықтан, тұтынушы тауарда онда қандай суррогат бар екенін біле алмайды. Қазақстандық СЭС бұл заңсыздықтарды қадағалауға тырыспайды. Себебі мұндай ауқымды тексеруге ресурстары жоқ. Сондықтан отандық өндірушілерге өзіндік төмен құнымен, бірақ тұтынушылардың ден­саулығына зиян келтіруі мүмкін жал­ған өніммен бәсе­келесуге тура ке­ле­ді. Кез­десуге қатысушылардың ай­туын­ша, осы күмәнді өнімдерге тос­қа­уыл қойылатын болса, онда ісіне адал отан­дық өндірушілер өз өндірісін арттыра алады.

«Былтыр қазан айында Үкімет қау­лысымен «ҚР агро­өнер­кәсіптік кеше­нін дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» бекітілді, оның міндетінің бірі – нарықты жер­гілікті өндірістің негізгі азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету болатын. Бүгінгі таңда отандық ет өңдеу кәсіпорындары тұтынушыны сапалы өніммен жеткізуге дайын болғанымен, өкінішке қарай, әзірге Қазақстан нарығы импорттық өніммен мөлшерден артық толыққан, ал ағымдағы геосаяси жағ­дайды ескере оты­рып, импортты алмастыру бұрынғыдан да маңызды. Отан­дық өндірушілер үшін, әсіресе заңнамалық деңгейде, басым жағдайлар жасап, сау­да желілерімен импортты алмастыру мәселесін реттеу қажет. Өндірушілер бұл мәселені өз бетінше шеше алмайды. Ал сауда желілері – азық-түлік өнімдерін сатудың негізгі арнасы. Мәселені шешу үшін өндірушілер тарапынан да, ритэйл тарапынан да мемлекеттік институттарды, сарапшылар мен бизнес өкілдерін тарту қажет деп есептейміз, дейді «Қазақстанның ет өңдеу кәсіпорындары қауымдастығы» атқарушы директорының орынбасары Юлия Нам.

Отандық өндірушілер өзде­рі­не қа­тысты сала мәселе­рі­мен бөлісті. Мәсе­лен, олар отандық өндірісті сақтау үшін мемлекет тарапынан қолдау саясаты керек екенін кезекті рет алға тартты.

«Соңғы уақытта Ресейден тасылатын жұмыртқа саны көбейді. Себебі бұл өнімнің өзіндік құны әлдеқайда арзан. Қазақстандық құс фабрикаларының көпшілігі 2022 жылдың бірінші жар­ты­жылдығында шығынға батты. Өйт­кені жұмыртқа бағасын өзіндік құ­нынан төмен қоюға мәжбүр болды. Жұмыртқа тез бұзылатын өнім, сон­дықтан оны жылдам сату маңызды. Ал біздің нарықта арзан бағамен ресейлік өнім қаптап тұр. Оған қоса шекаралар жабылып қалғандықтан, біз өз өнім­де­рімізді экспортқа жібере алмадық. Қазақстандық жұмыртқа өндірушілер жылына 5 млрд жұмыртқа шығара отырып, ішкі нарықты өз өнімдерімен 100%-ға қамтамасыз етеді. Им­порттық жұмыртқа біздің на­рыққа келгенде, оған қоса төмен бағамен, нарық шамадан тыс толып кетеді. Біздің өнімнің өзіндік құнын төмендету үшін кәсіпорындардың нарықтық бағадан төмен бағамен жемге деген қажеттілігін қамтамасыз етуге арналған жем қорларын құру қажет. Сондықтан біз үшін импорттық тауарды әкелуді реттеу мен жемшөп қорларын құру мәселесінде мемлекеттің қолдауы маңызды. Өнімді сатуға келетін болсақ, өндірушілер сау­да желілерінде сатылған тауар үшін төлемдер бойынша кідіріске жиі тап болады, келісімшарт бойынша бір талап, іс жүзінде жағдай мүлдем басқа», дейді «Алсад Қазақстан» ЖШС қаржы директоры Эльдар Айгинин.

Тағы бір өзекті мәселе – қазақстандық тұтынушылар арасында азық-түлік патриотизмін тәрбиелеу, оған мемлекет те, жақында «Қазақстанда жасалған» науқаны өткізілген супермаркеттер де қатыса алады. Өкінішке қарай, отандық өнімдерге жарқын стикерлермен жаб­дықталған жеке сөрелер бөлінген пайдалы бастама қазір тоқтатылды. Әрине, тұтынушылар өнімді Қазақстанда өн­ді­­ріл­­гендіктен ғана сатып алмауға тиіс, бірақ олар өздерінің сапалы артық­шы­лық­тары туралы да білуі қажет және жер­гілікті өнімдерді сатып ала отырып, қазақстандықтар өз экономикасын жандандыруға, жұмыс орындарын ашуға септесетінін, осының есебінен ауруханалар, мектептер мен балабақшалар салынатын жергілікті бюджетті толық­тыратынын есте ұстаған­дары жөн.

Сауда желілерінің мөлшерін рет­теу мен олардың нарықта үс­тем­дігін болдырмауды көздей­тін еуропалық үлгі бойынша заңнамалық деңгейде отандық өндіруші үшін басым жағдайлар жасалған кезде, олардың иеле­рінің пайдасы бәрібір сақ­та­ла­ды. Өйткені олар бүгінде өнді­рушілер есебінен алған бонус­тар мен айыппұлдардың алуан түрлерінен емес, сауда үс­те­ме бағасынан кіріс алуды жал­ғас­ты­рады.

Сондай-ақ кәсіпкерлер пала­та­сының өкілдері қазір көзге ұрып тұрған импорт үс­тем­дігі тұтынушыларға да, өн­ді­ру­­шілерге де, мемлекетке де тиімді емес деп санайды.

«Атамекен» үшін мүдделер тең­герімін сақтау маңызды, себебі палата барлық кәсіп­кер­лер­дің мүдделерін қолдайды. Бірақ біз бөлшек сауда желі­ле­рінде өнімді сату кезінде үл­кен қиындыққа тап болатын отандық та­мақ өндірушілердің мұңын естиміз. Қордаланған мәселелерді талқылау үшін «Ата­мекен» алаңын ұсынуға да­йын­быз. Еркін сауда қағи­дат­­тары, сөз­сіз, маңызды, алай­да біз үшін елдің азық-тү­лік қауіпсіздігі де маңызды. Бар­лық мүдделі тараптардың, сауданы реттейтін мемлекеттік құрылымдардың қатысуымен оңтайлы шешімді бірге таба ала­тынымызға сенімдіміз», дейді «Атамекен» ҰКП Жетісу облыстық филиалының басшысы Дәурен Оңалбаев.

Кездесу қорытындысы бо­йынша қатысушылар азық-түлік өндірісі саласына жетекшілік ететін мемлекет өкілдері отандық өндірушілердің өтініштерін тыңдап, қазақстандық өнім­дердің ел нарығындағы үлесін арттыруға қатысты шаралар қабылдайтынына сенім біл­дірді. Өйткені жергілікті өнімдерді сату мә­селесі Қазақстанның бар­­лық өңірінде өзекті болып тұр. Мемлекет тарапынан нақты позицияның болмауына байланыс­ты елдің азық-түлік нарығындағы ойын ережелерін сауда желілері белгілейді. Ал қазақ­стандық өндірушілер өн­діріс пен жұмыс орын­дарын қысқартуға мәжбүр. Бұл жағ­дай еліміздің экономикасы мен қазақстандықтардың әлеуметтік әл-ауқатына қауіп төндірмеуге тиіс.

 

АЛМАТЫ