Қоғам • 26 Тамыз, 2022

Заманың түлкі болса...

348 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сол күні солтүстікқазақстандық кәсіпкер Жоламан Ахметов (аты-жөні өзгертілген) банктегі депозиттік шотында жатқан 15 млн теңгесінен бір-ақ сәтте айырылып қалармын деп ойламаған еді. Тірнектеп жинаған ақшасын ол өндіріске салмай, баласына астанадан пәтер сатып әпермек болған. Биыл астық жақсы шықты, шашпай-төкпей жинап алсам, депозиттегі ақшамды еселеп, біріншіге баратын үлкен немереме арнадым деп астанадан бір көрікті үйге қол жеткізбек еді...

Заманың түлкі болса...

...Жұмысқа бармақ болып үйден шыққан жігітті шыр ете қалған белгісіз нөмір селк еткізді. Оған самарқау көз тастап, керенаулау көңілмен басып еді, ар жақтан мұның аты-жөнін жаңылмай айтқан біреу бастырмалатып кетті. Жаңа ғана еске алған депозиттегі ақшасын біреу қолды қылмақ болған екен. Ха­бар­ласып тұрған мына кісі банктің қауіпсіздік қызметінен болғандықтан дер кезінде ұстапты. Бірақ депозитті толық қауіпсіздендіру үшін ақшаңызды мына шотқа дереу ауыстыруыңыз керек деп бұл жауап бергенше, ватсаппен жаңа шоттың нөмірін де жіберіп үлгерді.

Жоламан аңқау жігіт емес еді, тіпті кейбір алаяқтардың қылықтарын да естіп жүретін. Алайда 15 млн теңге депо­зитіңізден айырылып қалғалы тұрсыз деген сөздің құдіреті оның  ой-санасын тұмшалап тастады. Қауіпті жеткізген адамның сенімді сөздері, банкке тән терминдер мен сөздерді жеткізуі де сенім тудырған. Сондықтан Жоламан өзінің банкін ашып, қоса берілген нұсқау­лықтың айтқанын толық істеп, бар ақша­сын «қауіпсіз» есепшотқа аудара салып, бір «уһ» деген еді.

Бірақ әлденеден жүрегі дүрсілдеп, мазасы кете берген соң жаңа есепшо­тындағы депозитінің амандығын біліп қояйыншы деп банктегі шотын ашса... ондағы сома «0»-ді көрсетіп тұр. Түс­кен ақшаны бес минут бұрын ғана біреу толығымен басқа жаққа аударып жіберіпті... Денсаулығы қанша мықты болса да, Жөкең сол жерде талып қала жаздайды. Тек үйден шыққан әйелінің көмегімен ғана есін жинап, полицияға арыз беруге келеді.

Солтүстік Қазақстан облысы ПД бас­тығының орынбасары Руслан Назаров мұндай оқиғалардың соңғы кездері тіпті жиілеп кеткенін жеткізді. Соңғы жеті айда ғана дәл осындай шағымның 129-ы тіркелген екен. «Мұндай қылмыстарды ашу өте қиын, өйткені алаяқтар көбінесе елдің басқа аймақтарында отырады. Тіпті басқа мемлекеттерде отыруы да мүмкін. Біз тек қылмыстың алдын алуды тұрғындарға үнемі айтып отырамыз. Ешқашан «банк қызметкерімін» деп хабарласқан адамның сөзіне сенбеңіздер. Егер банктегі шотыңызда бір күдік болса, оны дереу келіп тексеріңіздер. Құпия деректеріңізді ешкімге бермеңіздер деген ескертулерді банктердің есігіне, банкоматтарға іліп қойдық және БАҚ арқылы хабарлаудамыз», деді ол.

Дегенмен осындай алаяқтардың кей­бірі ұсталып та жатыр. Полиция олар­дың қылмыс жасау тарихын жинақтап, біріздендіріп, шығу тегін анықтаса ғой. Біздіңше, мұндай алаяқтықты, негі­зі­нен, бұрын банкте істеп, ондағы тер­миндерді, сөйлеу мәнерлерін жақсы бі­ле­тін адамдар ғана жасайды. Сондықтан қа­зір де, бұрын да банкте істеген және іс­тейтін адамдардың дауыс ырғағын, дыбысын жазып, сақтайтын арнаулы картотека жасаған дұрыс болар еді. Егер ондайлар компьютерде тұрса, жапа шегуші оларды естігенде кім екенін көрсетіп берер еді.

Бұрын қылмыскерлердің фотолары, саусақтарының таңбалары осылай сақталатын. Енді банк қызметкерлерінің дыбыстары компьютерде осылай сақтал­са дұрыс болар еді. Өйткені алаяқ қыл­мыскерлер алыстан емес, нақ өзіміздің банкте бұрын немесе қазір істей­тін қыз­меткерлердің өздерінің арасынан шы­ғады. Сонда полиция да алаяқты алыстан іздеп сабылмай, жақыннан табар еді. Әри­не, алаяқ өзінің құрбандығына өз дау­сын көрсетпей, сыбайласын сөйлестіруі мүмкін. Бірақ ондайлардың дауысы бәрі­бір сезік тудырмай қоймайды... Сон­дықтан да күннен-күнге ұлғайып бара жатқан банкілермен байланысты алаяқ­тықты құрықтау үшін полиция қызметі «Заманың түлкі болса – тазы боп шал» дегендей осындай жаңа әдістер тапқаны жөн.

Әрине, адамның құқығына қол сұғу деп мұндайға көптеген адам қарсы болуы мүмкін, бірақ қауіпсіздік үшін халықтың өзіне пайдалы болатынын түсінсе, ешкім қарсы бола қоймас.

 

Солтүстік Қазақстан облысы