Қазақстан • 26 Тамыз, 2022

Ата Заңға енгізілген өзгерістердің тиімділігіне тоқталды

570 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Биылғы 5 маусымда референдум арқылы Конституцияға енгізіл­ген өзгерістер 33-бапқа қатысты болып, Ата Заңымыздың үш­тен біріне өзгеріс енгізілді. Халықтың негізгі бөлігі оған үлкен үміт артып, қолдағанына куә болдық. Өйткені өзгерістердің негізгі өзегі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, елді «супер­пре­зи­денттік басқару формасынан ықпалды Парламенті мен есеп беретін Үкіметі бар президенттік республикаға» айналдыру болатын.

Ата Заңға енгізілген өзгерістердің тиімділігіне тоқталды

«Суперпрезиденттік билікті» шектеудің амалдары қатарында Конституциялық кеңесті тәуелсіз Конс­титуциялық сотқа айналдыру, Парламент Мәжілісі депу­тат­тарының партиялық тізім­мен ғана сайлануын шектеу, Пар­ламент Сенатына Президент ұсынатын квотаны төмендету сияқты өзгерістер болды. Әсіресе Мәжіліске негізінен бір партия мүшелерінің ғана өтуі, оның өзі Президент төрағасы болып отырған партияның болуы – суперпрезиденттік басқару формасын барынша күшейтіп, барлық билікті бір адамға тәуелді етуге соқтырған еді. Өзгертілген Конс­титуцияға өз өкілеттігін атқару кезеңінде Президент ешқандай партияның мүшесі болмайды деген бап енгізілді. Көптеген шетел­де сайлауда жеңген партия­ның көшбасшысы президент болып сайланады. Бұл партия­лық басқару формасы дамы­ған мемлекеттерде озық әдіс бол­ғанымен, бізде үнемі және біржақ­ты президенттің партиясы ғана жеңіске қол жеткізетінін өмір­дің өзі көрсетті. Өйткені барлық әкім­шілік ресурстар соған жұмыс істеп, саяси бәсекелестік деген тіпті ауызға да алынбайтын болды. Сайып келгенде тек бір пар­тия­ның үстемдігі орнады. Ал оның көшбасшысы жеке-дара мыз­ғымас билікке қол жеткізді. Сондықтан...

Барлық саяси күштердің арасында тең құқылы бәсекелестік болуы үшін Президент Қ.Тоқаев өзінің бастамашылдығымен осы бапты енгізді. Бұл қазақстандық ахуал үшін өте әділетті шешім екені дау­сыз. Демократиялық үдерістің дамуына жол ашатын мық­ты өз­герістің бірі де осы. Сон­дай-ақ Конст­итуциялық және Жо­ғарғы сот­т­ардың судьялары, Орта­лық сай­лау комиссиясының, Жо­ғары ауди­торлық палатаның мүше­лері де жаңа өзгерістермен ешқан­дай партия­ға мүше болуға құқы жоқ. Ал Пре­зиденттің жақын туыс­тары мем­лекеттік саяси қызмет­ші, квази­мемлекеттік секторлар субъек­тілеріне басшы бола алмайды.

«Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер және жануарлар дүниесі және басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншігінде болады» делінген 6-баптың 4-тармағына да өзгерістер енгізіліп, «мемлекет меншігінде болады» деген  сөздер өзгертіліп, «халыққа тиесілі және халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады» деген сөздермен алмастырылды. «Мемлекет меншігінде» болғандықтан мемлекет басында отырғандардың елдің байлығын жеке-дара сатуына, сапыруына ерік берілген. Енді негізгі иесі халық болғандықтан оған есеп беруіне тура келеді. Енгізілген өзгеріс осыны қамтиды.

Конституцияның бұрынғы редакциясының 15-бабының 2-тармағында террористік акт жасау арқылы адам өмірін қиған, соғыс уақытында ауыр қылмыс жасағандарға өлім жазасы берілетіндігі жазылған еді. Енгізілген өзгерістер бойынша өлім жазасы түбегейлі түрде алынып тасталды. Бұл әлемдік демократиялық үрдістерге толық сай келетін өзгеріс болып отыр.

Конституция күнінің қар­саңын­да Петропавлдағы С.Мұ­қанов атындағы облыстық әмбе­бап кітапханада «Ата Заң алды­мен адамды қорғайды» деген тақы­рыпта үлкен дөңгелек үстел болып, оған облыстық соттың төрағасы Ербол Жанғазин, М.Қозы­баев атындағы Солтүстік Қазақ­стан университетінің магистрі Марина Умрихина, Ұлт­тық Ұлан академиясының оқыту­шысы Санат Тілеужанов және бас­қа да білікті заңгерлер, мемле­кет­тік қызметкерлер журналистер, оқытушылар, студенттер мен курсанттар қатысқан үлкен жиын­да осы мәселелер айтылып, баян­дама жасағандар Ата Заңға енгізілген өзгерістердің тиім­ділігі туралы ой толғады. Об­лыс­тық соттың төрағасы Е.Жан­ғазин өзінің сөзінде «Негізгі Заңы­мыз елдің тұтастығы мен Тұрақ­ты­лығының кепілі ретінде біздің бір­лігімізді бекемдеп, елдегі татулық пен төзімділіктің берік тұтқасы болып отыр», деді. Ер­бол Әмірғалиұлының айтуына қара­ғанда, референдум – халық билі­гінің айқын көрінісі, әрбір қазақ­стандықтың өзінің құқы мен тағ­дырына селқос қарамай, өмірінің жақсы жаққа өзгеруіне белсене атсалысуы болып табылады.

«Жаңа Қазақстанды құру идеясының референдум өткізуден бастау алуы өте қуанышты жағ­дай әрі тарихи оқиға болды. Егер бұған дейінгі Конституцияға енгі­зілген өзгерістер Парла­мент­те талқыланып, аз топтың қа­лауы­мен қосылып келсе, өт­кізіл­­ген референдумның тарихи мән-маңызы тұтастай ұлттың тағ­ды­­рына қатысты мәселе­лерді ха­­лық­тың талқысына шы­­ғару, оның мемлекеттік билік­ке тіке­лей қатысуын қамтама­сыз ете отырып, демократия негіз­дерін ор­нықтырды», деді заң­гер. Со­нымен бірге Е.Жанға­зин конс­титуциялық реформа негізінен барлық мемлекеттік модель­ді кешенді түрде өзгерт­кенін айтты. Биліктің өкілді тар­мағы айтарлықтай күшей­тілді. Теңгерімді және үйлесімді жүйені нығайтып, Парламенттің және барлық деңгейдегі мәсли­хаттардың ықпалы арттырылғаны айтылды.

Енгізілген өзгерістер халықтың ел басқару ісіне белсенді түрде араласуын қамтамасыз етіп, сайлау жүйесінің жетілдірілгені де сөз болды. Енді Мәжіліс депутаттары аралас сайлау жүйесі бойынша сайланады. Атап айтқанда, бұрын халық біртұтас жалпыұлттық сайлау округі бо­йынша тек саяси партиялар үшін дауыс беріп, сайлаған нақты адамдарының көбін білмейтін еді. Енді бір мандаттық аумақтық сайлау округі бойынша да депутаттар сайланып, халық өзінің қалаған адамын нақты білетін болды.

Дөңгелек үстелде сөйлеген басқа сарапшылар да Консти­туция­ға енгізілген өзгерістер еліміз­ді жаңғыртып, құтты қоғам құру жолындағы маңызды құқылық қадамдар екенін атап өтті. Барлық заңдар мен заңнамалық актілердің негізі болатын Ата Заңымыз Жаңа Қазақстанды орнатудың алғы­шарты болып тұрғаны да сөзсіз.

 

ПЕТРОПАВЛ