Аймақтар • 26 Тамыз, 2022

Қоныстанушылардың жағдайымен танысты

160 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Солтүстік Қазақстан облысындағы бірқатар өндірістік және әлеуметтік жобалармен танысты.

Қоныстанушылардың жағдайымен танысты

Вице-премьер жұмыс сапарын Аралағаш ауылындағы құс өсірумен айналысатын «Северный бройлер» ЖШС-нен бастады. Болашақта бұл кәсіпорында 170 адамға дейін жұмыс істеп, 5 мың тоннадай өнім шығарылып, облыс­ты құс етімен толық қамтамасыз ететін болады деп күтілуде. Е.Тоғ­жанов жеке қосалқы шаруа­шылық­тарды кооперативтерге біріктіру жобасы туралы айтып, оның ауыл шаруашылығы өндірісін дамы­туға қосатын үлесі зор екенін жет­кізді. Кәсіпорынның басшысы Шың­ғыс­хан Сәлімов – Алматы облысы­нан кел­ген кәсіпкер. Ол қоныс аудару­шы­ларды қолдау мәселесіне көңіл бө­­летінін айтты. «Өндірісті дамы­ту барысында 5,4 млрд теңге қа­ра­жат құйылатын болады. Біз жұ­мысқа қоныс аударушылармен қатар жергілікті тұрғындарды да тар­­та­мыз. Жергілікті жағдайға тө­сел­­ген олардың еңбек өнімділігі жо­­ғары болатынына үміттіміз», деді ол.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов мұндай кәсіпорындар жергілікті тұр­ғындарға әлеуметтік-экономи­ка­лық көмек беру туралы мін­деттеме алатынын, сонымен қатар ауылдықтардың қосалқы шаруа­шылықтарын дамытуға жәр­дем­десетінін жеткізді. Мұны құпта­ған вице-премьер Солтүстік Қазақ­стан облысындағы осы үлгіні республикаға тарату керегін айтты.

Сондай-ақ Астраханка және Полтавка ауылдарына қоныс аудару­шылар біршама көп кел­ген. Облыс орталығына жақын, ин­фрақұрылымы жақсы болған­дықтан кезінде мұнда тың игеру­шілердің де көп келгенін айта кету керек. Сондықтан да ауыл атау­лары Украина мен Ресейдің қала­ларының атауымен аталған. Ал бүгінде Жамбыл, Түркістан, Маң­ғыстау, Алматы облыстары­нан қоныс аударушылар келіп, орнығуда. 2016 жылдан бері осы ауылдарға барлығы 11 мыңдай қоныс аударушы келді. Жұмыспен қамту орталығының мәліметіне қарағанда, тұрақтап қалушылардың үлесі – 94 пайыз. Осы жылдар ішін­де ауылдардағы кадр тап­шы­лығы 5 есеге дейін азайған. Соның ішінде кадр жетіспеушілігі ауыл шаруашылығында – 1,5, денсаулық сақтау саласында – 1,3, білім беру саласында 2,5 есе төмендеген.  

Елтай Зікірин ұзақ жылдардан бері «Полтавское» ЖШС-ін басқарады. Жуырда шаруашылық өз қаражатына 40 орындық «Ақ бөпе» балабақшасын салды. Он­да жаңадан 11 жұмыс орны ашыл­ған. Әзірге топқа жи­нал­ған бө­бек­тердің саны – 30. Бала­бақ­ша­ның құрылысы серіктестік үшін 350 млн теңгеге түскен. Ша­руа­шылықтың тұрғындарға жа­сап отырған тағы бір көмегі бар. Ірі қара өсіретін серіктестік тұрғын­дар­ға 10 күндік бұзауларды арзанға сата­ды, ал тұрғындар жас төлді күз­ге дейін бағып, торпақ болғанда ша­руа­шылықтың өзіне қымбатқа қай­та сата алады. Мәселен, 10 бұ­зау өсірген отбасы жарты жылда үйіне 2 млн теңгедей таза кіріс енгізеді.

Маңғыстау облысынан көшіп келген дәрігер Фатима Нәбиева өзіне солтүстік өңірдің ұнағанын жеткізді. «Мұнда бізді жылы қабылдады, ауа райы таза, климаты жайлы. Қыста суық болғанымен оған тез үйренуге болады. Тұрғын үймен және жұмыспен қамтамасыз етті. Жергілікті амбулаторияда жалпы тәжірибелік дәрігер болып істеймін», деді ол.

Жалпы, облысқа 5 жылдың ішінде 500-ге жуық отбасы қоныс аударды, оларға 270 млн теңгенің гранты мен несиесі берілді. Бірақ бәрі бірдей кәсібін ашып, ісін дөңгелетіп кете алған жоқ. Биыл жылдың соңына дейін 2,5 мың адам көшіп келеді деп күтілуде. Әзірге соның ішінде 1 320 адам келіп, қоныстанды. Е.Тоғжанов ауылдарға қоныс аударушылардың көптеп келгеніне қуанатынын жеткізді. «Мемлекет қоныс аудару­шыларды қолдап отыр. Мұн­да олардың тұрғын үй алуына, жұ­мысқа тұруына толық мүмкіндік бар. Халқымыздың оңтүстік өңір­лерде ғана отыра беруіне болмайды, көк майсалы, жасыл желекті өңірге көбірек көшіп келу керек», деді ол.

Қазір Петропавлда электр өнімдерін шығаратын «Alageum Electric» АҚ филиалы жұмыс істейді. Сайдулла Қожабаев алғаш Кентау қаласында ұйымдастырған холдингтің елімізде отыз шақты филиалы бар. Соның трансформатор шығаратын бір филиалы Петропавлда ашылып, өңірдегі озық кәсіпорындардың біріне айналды. Осы кәсіпорын өзінің оңтүстіктен шақырған мамандары мен жұмысшыларына 40 пәтерлік жатақхана салып берді. Онда қазір бала-шағасымен 150-дей адам тұрады. Жатақхананың бөлмелері кең, төбесі биік. Кәсіпорын тұр­мыстық жиһаз бен техникаға дейін қамтамасыз еткен. Премьер-Министрдің орынбасары аталған жатақхананың тұрғындарымен де кездесті. Соның бірі Салтанат Асылбекова зауытта жұмысшы болып істейтінін, екі бөбегі барын айтты. «Бізге солтүстік ұнады. Ауа райы жақсы, үнемі таза. Балаларымды «Балауса» атты қазақ балабақшасына орна­лас­тыр­дық. Күйеуім екеуміз 400 мың теңгедей еңбекақы аламыз. Жұ­мысқа автобуспен апарады. Тек мұнда оңтүстікке қарағанда қымбатшылық екен», деді.

Ал Лаура Алпысбаеваның күйеуі Қайрат Қонысов «Alageum Electric» фирмасында 16 жыл бойы дәнекерлеуші болып істейді. Олар 6 баласымен Кентау қаласынан келген. «Еңбекақымыз жақсы, бас­панамен қамтамасыз етті, айлы­ғымызды уақтылы беріп тұрады. Жатақ­ханамыз жарқырап тұр, бізге бұ­йырғаны – 64 шаршы метр, тұр­­ған жері қаланың демалыс сая­бағы­­на жақын. Балалары­мызды №6 қазақ мектебіне орналастырдық, саба­қ­қа апаруға автобус бөлінген», деді ол.  

Жатақхананың меңгерушісі Батсай Қалдыбекова 8 баласымен көшіп келіпті. Ол да жасалған жағдайға разы екенін айтты. «Жатақ­ханамыздың ыстық-суық сумен, газбен қамтамасыз етілуін­де қапы жоқ. Бізге үш бөлмелі кең жатақхана тиді. Енді салынып жатқан 104 пәтерлі үйден де үлкенірек пәтер алып қалармыз деген үміттеміз», деді ол.

Айта кететін жайт, қоныс аударушы отбасы мүшелерінің әрқайсысына Үкімет тарапынан 70 АЕК көлемінде жол шығыны өтелген. Оның үстіне баспана, жақсы еңбекақылы жұмыс, басқа да жағдай жасалды. Кәсіпорынның өн­діріс жөніндегі директоры Нұр­жан Абдуллаев өндірісте де, әлеу­мет­тік мәселеде де ешқандай проб­­лема жоқ екенін, өнімдердің Қазақ­­станнан басқа Ресей мен Өзбек­станға шығарылатынын жеткізді.

Вице-премьер сонымен қатар Петропавлдағы фанера комби­натының өндірісімен танысты. Жобаны 4,1 млрд теңгеден астам инвестиция құйған түрік инвес­торлары іске асырған. Зауыттың жобалық қуаты – 30 мың текше метр болатын ламинатталған фанера өндіру. Кәсіпорын еліміз бо­­йын­ша фанераға қажеттіліктің 22%-ына дейін қамтамасыз ете алады. 210 тұрақты жұмыс орны ашылған.

Сондай-ақ Премьер-Министр­дің орынбасары «Жүкенов» жеке кәсіпкерлігінің тігін цехына барды. Цехта көпбалалы, еңбекке шектеулі мүгедек жандар, қандастар және толық емес отбасылар үшін 9 жұмыс орны құрылған. Қосымша 40 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Аталған кездесулерден кейін Ералы Тоғжанов азаматтардың қоныс аударуы және халықтың табыс деңгейін арттыру мәселелері бо­йынша кеңес өткізді. Солтүстік Қазақ­стан облысында биыл 13 мың жаңа жұмыс орны құрылады, бү­гінде оның 11 мыңнан астамы ашыл­ған, оның 72%-ы – тұрақты жұ­мыс орындары. Осы жылы 53 млрд теңгеге 19 инвестициялық жо­­ба іске қосылып, 1 300-ден ас­там тұ­рақ­ты жұмыс орны ашылады.

Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында азаматтарды жұмысқа орналастыру бойынша кешенді шаралар атқарылуда. Бұл мақсатта қаржыландыру көлемі 1,4 млрд теңгеден 6 млрд теңгеге дейін, яғни 4 есеге ұлғайды.

 

Солтүстік Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20