Аймақтар • 26 Тамыз, 2022

Жарықтандыру жұмыстары жалғасын табады

434 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кейінгі бірнеше жылдың бедерінде Жамбыл өңірі айтарлықтай өзгерді. Сәулеті келіскен ғимараттар, әсіресе көне шаһар Тараздың шырайын арттыра түскені даусыз. Бүгінде қалаға келген жұртшылық «Тектұрмас» этно-тарихи кешені мен «Көне Тараз» аумағына міндетті түрде арнайы ат басын бұрады. Өйткені тарихтың алтын көмбесінен сыр шертетін нысандар осында тұр. Мұндағы архитектуралық шешімдер жұрттың көңілінен шығатыны рас.

Жарықтандыру жұмыстары жалғасын табады

Тотыдай таранған Тараз шаһары мен өзге де аудандардың ажарын арттыру үшін өңірде ауқымды жұмыстар атқарылғаны белгілі. Жалпы, тарихпен тамырлас өңірдің келбетін келісті ету мақсатында әлі талай жобалардың қолға алынатыны күмән тудырмаса керек. Өйткені мыңжылдықтармен астасқан Тараз тарихы өңірдің ғана емес, еліміздің де мақтанышы.

«Түсіне білген адам үшін архитектура деген тек ғимараттар мен құрылыс нысандарын салу ғана емес, адамдардың эстетикалық талғамына сай еңбек етуді жүктейді. Сондықтан сәулет өнері адам­дардың талғамына қарай дамып оты­рады. Біздің басты мақсатымыз бен міндетіміз – уақыт талабына сай еңбек ету.

Жалпы, облыс орталығы Тараз қала­­сының тұрғындары мен шаһар қонақ­тарына қолайлы орта қалыптастыру мақ­сатында өңірімізде көптеген жұ­мыс ат­қарылып жатыр. Ауқымды жоба­лар­дың бірқатар бөлігі өткен жыл­дары басталып, Тараз қаласының сәу­лет­тік келбетін көркейте түсу үшін айтарлықтай жұмыстар жүзеге асырыл­ды. Жалпы, өңірдегі қолға алынған жоба­лардың барлығына облыс әкімі Нұржан Нұржігітов қолдау білдіріп отыр», дейді облыс әкімдігі сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Арман Әбдешов.

Оның айтуынша, өңірдегі сәулеті келіскен тарихи ғимараттардағы архи­тек­турлалық шешімдер Таразға келген қонақтардың көңіл күйіне де айрықша әсер етеді.

«Тараз қаласындағы «Көне Тараз» және «Тектұрмас» тарихи кешендері, «Ар­баттар», саябақтар, «Таразға тар­ту» жобасы аясында салынған 28 сквер, Үшбұлақ каналын абаттан­дыру және бизнестің әлеуметтік жауап­кер­ші­лі­гі аясында бой көтерген ұлттық құн­дылықтарды дәріптейтін «Анаға тағ­зым» орталығы, қаланың басты көшелеріндегі кіші сәулеттік формалар, Тәуке хан көшесінің бойында орналасқан «Үстел теннисі мен көркем гимнастика» орталығының құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, 2021 жылы халық игілігі үшін пайдалануға берілген болатын. 2021 жылы құрылысы басталған «Оқушылар сарайы» мекемесі де бүгінде елге қызмет етуде.

Аталған нысандардан бөлек, Д.Қона­ев және Ш.Мұртаза атындағы сквер­лер, «Тектұрмас» этно-тарихи кеше­нінің 3-кезеңі, Тараз қаласының негізгі көшелерінің сәулеттік келбеті назардан тыс қалмақ емес. Аталған нысандардың сәулеттік стилін қалыптастыру мақ­са­тын­да «Дизайн код» жобасы аясында эскиздік жобалары әзірленіп жатыр. Сондай-ақ Тараз қаласының негізгі кө­ше­лерінің бойында орналасқан нысан­дарды түн мезгілінде жарықтандыру бойынша бірқатар жұмыс атқарылуда», дейді ол.

Басқарма басшысының айтуынша, қолға алынған жобалар аясында пайдалануға берілген ғимараттарды ғана емес, көне шаһардың көркін арттырып тұрған кәсіпкерлік нысандар мен көпқабатты тұрғын үйлердің де келбетін келісті етудің маңызы зор. Сол мақсатта бірқатар жұмыс қолға алынатын көрінеді.

«Архитектуралық жарықтандыру және қасбеттің түпнұсқалық жарық­тан­дырылуы ғажайыптар жасай алады. Жақсы ойластырылған, әдемі жобаланған және кәсіби түрде орнатылған құрыл­ғы­лар жарықтандырылған нысанның сәні мен мәнін арттыра түседі. Жа­рық­тандырудың эстетикалық шешімдерін өнер деп те бағалауға болады. Осы тұрғыдан алғанда қаладағы ғимараттардың стиліне ерекше назар аударуымыз керек. Соған сәйкес шешім қабылдаған ләзім.

Тараз қаласының негізгі көшелерінің бойында орналасқан кәсіпкерлік саласына арналған ғимараттар, көпқабат­ты тұрғын үйлер мен әкімші­лік ғима­рат­тарды назардан тыс қалдыр­май­мыз. Заманауи үлгіде қаланың түнгі сәулеттік көркін келтіру мақсатында ғима­раттардың біразы жарық шамдармен жарықтандырылды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде көне шаһар­дың шырайы кіріп қалғаны мәлім. Сол бағыттағы жұмыстар лайықты түрде жалғасын табады», дейді А.Әбдешов.

Сәулет және қала құрылысы басқар­масы өңірдегі ғимараттарды жа­рық­­тандыру, жаңа архитектуралық шешім­дер­ді іздеуден бөлек, сейсмикалық қауіп­сіз­дікті қамтамасыз ету мәселесіне де айрықша назар аударып отыр. Нақтылап айтар болсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылдың 14 қазандағы тапсырмасына сәйкес жүйелі жұмыстар атқарылуда.

«Сейсмикалық аудандастыру кар­та­лары әрбір аймақта жеке-жеке жүргі­зілген зерттеу жұмыстарының негі­зін­де жасалынып, кейінірек бүкіл ТМД территориясының көлемінде бірік­ті­рі­ле­ді. Бұл жұмыстардың алғашқы сатысында геологиялық, сейсмологиялық және инженерлік-сейсмологиялық мәлі­мет­тер жинақталып, жер сілкінісі болуы ықтимал орындар мен олардың энергиясы анықталады.

Жамбыл облысының Тараз, Жаңатас, Қаратау, Шу қалалары мен Т.Рысқұлов, Жуалы, Байзақ, Қордай, Жамбыл, Меркі, Талас, Шу аудандары сейсмоқауіптілігі жо­ғары аймақтар болып есептелініп, сейс­мо­тұрақтылығы 7 балды құрап отыр.

Осыған байланысты Жамбыл облы­сы­ның сейсмикалық аудандастыру және Тараз, Жаңатас, Қаратау, Шу қала­ларының сейсмикалық ша­ғын аудандастыру карталарын әзірлеу жұ­мыстары 2021 жылдан бастап қолға алын­ған болатын.

Аталған карталарды әзірлеу бо­йын­ша жұмыстарды Төтенше жағ­дай­лар министрлігінің пәрменімен «Сейс­мо­ло­гия институты» ЖШС-і  2023 жылға дейін жүргізеді.

Нәтижесінде,  халық шаруашылығында әр түрлі инженерлік құрылыс жүйелерін дұрыс жоспарлап, іске асыруға үлкен септігін тигізіп, жер сілкінуді алдын ала болжап, оның ықтимал орны мен күшін анықтау мүмкіндігі қарастырылады.

Бүгінде белгілі болғандай, 60 нысан­ның ішінен 36 нысанға сейс­мо­қо­ры­тын­ды алынды. Атап айтқанда, 28 нысан сейсмокүшейтуге, 8 нысан бұзуға жатады. Қазіргі таңда қалған 24 нысанға сейсмоқорытынды алу жұмыстары жүр­гі­зілуде», дейді басқарма басшысы.

 

Жамбыл облысы