Еліміздегі тұрмыстық зорлық-зомбылық пен балаларға қатысты жасалатын қылмыстардың санын азайтуға бағытталған жүйелі шешімдер мен тапсырмалар беріліп-ақ жатыр. Алайда арнаулы органдардың бұдан сабақ алып, қаншалықты нәтиже шығарып жатқаны үлкен сұрақ?!
Қош, сонымен Абай облысының Полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, зардап шеккен баланың анасы полицияға арыз беріп, соған сәйкес күдікті құрықталыпты.
«Сотқа дейінгі тергеу амалдарының барысында күдікті адам анықталып, оған Қылмыстық кодекстің 120 және 121-баптарының 4-бөлігіне сәйкес айып тағылып, 20 жыл мерзімге дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылуы мүмкін. Сол күні соттың құзыретімен күдіктіге қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды», делінген жауапты ведомствоның ақпаратында.
Жәбірленуші тараптың пікірі бойынша, оқиға тамыздың 13-де болған. Сол күні қыздың анасы жұмысқа кезекшілікке кетіп, 9 жастағы баланы үйде қалдыруға тура келген. Осы сәтті пайдаланып, көршісі арам ойын жүзеге асырған дейді үржарлық келіншек.
Облыстық Полиция департаменті қылмыстық іс бойынша тиісті сот-медициналық сараптамалар тағайындалғанын, істің барлық мән-жайын зерттеудің жан-жақтылығын және объективтілігін қамтамасыз етуге бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатқанын жеткізді. «Балаға медициналық көмек көрсетілді», деді құзырлы орган өкілдері.
Абай облысы,
Үржар ауданы