Үкімет • 27 Тамыз, 2022

Біздің міндетіміз – бюджет қаражатын тиімді пайдалану - Ә.Смайылов

457 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстанның 2023-2027 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы және 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру жөніндегі заң жобалары қаралды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Біздің міндетіміз – бюджет қаражатын тиімді пайдалану - Ә.Смайылов

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров әлеуметтік-экономикалық даму болжамы 2021 жылы экономиканың өсуі бойынша қорытынды деректер, Халықаралық қаржы ұйымдарының әлемдік экономиканың өсуі мен экспорттық тауарлар бағасы бойынша күтулері ескеріле отырып қалыптастырылғанын баяндады.

Бюджеттік жоспарлау үшін негіз ретінде пайдаланылатын базалық сценарийде мұнайдың орташа бағасын барреліне $85 деңгейінде және АҚШ долларының есептік бағамын 470 теңге деңгейінде пайдалану ұсынылады. Осы сценарий бойынша жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық нақты өсуі 3,9%-ды құрайды, оның ішінде 2023 жылы – 4%. Бұл ретте экспорттың және экономиканың барлық негізгі салаларының өсуі күтілуде.

Өз кезегінде Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов жылдық инфляцияның нысаналы дәлізі 2023 жылы 7,5-9,5% шегінде болжанып отырғанын хабарлады.

Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасы туралы мәліметтерді ұсынды.

2023 жылы түсімдер 17,8 трлн теңге деңгейінде болжанып отыр. Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт осы жылмен салыстырғанда 1,8 есеге азая отырып, 2,2 трлн теңге мөлшерінде тартылатын болады.

2023 жылы шығыстар кірістер мен тапшылықты ескере отырып, 2022 жылдың жоспарынан 2,2 трлн теңгеге ұлғаяды және 21 трлн теңгені құрайды.

Баяндамашыларды тыңдаған Премьер-Министр үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджет жобасы, ең алдымен, мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелерін толық және уақытылы орындауға, сондай-ақ ағымдағы жағдайда экономиканы сапалы және орнықты дамытуды қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.

«2023-2025 жылдары жалпы ішкі өнімнің өсімі 4-4,1% деңгейінде болады деп болжанып отыр. Инфляцияның орташа жылдық деңгейі 2025 жылға қарай 3-4%-ға төмендейді деп жоспарлануда. Республикалық бюджет кірістері 2023 жылы 3 трлн теңгеге ұлғаяды. Осылайша, республикалық бюджет кірістерінің жоғары деңгейде өсу қарқынын қамтамасыз етеміз», деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы Ұлттық қордан республикалық бюджетке бөлінетін трансферттер едәуір төмендейтінін атап өтті. Олар 2023 жылы 1,4 трлн теңгеге, 2024 жылы тағы 800 млрд және 2025 жылы тағы 500 млрд теңгеге азаятын болады.

«Бұл – өте маңызды аспект. Кепілдендірілген трансферт Ұлттық қорға мұнай секторынан түсетін түсімдердің көлемінен аспайтын болады. Ал бюджет шығыстарының өсуі инфляция межесін ескергенде, ұзақ мерзімді экономикалық өсудің орташа деңгейінен аспайды. Жалпы алғанда, бюджет жобасы теңгерімді», деді Премьер-Министр.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, бюджет әлеуметтік сипатқа ие. Әлеуметтік салаға 2023 жылы 8 трлн теңге көзделген.

Экономиканың нақты секторында өңдеу өнеркәсібін дамыту, бизнесті қолдау, көлік инфрақұрылымын дамыту және газдандыру басым бағыттар болып табылады.

«Біздің міндетіміз – бюджет қаражатын тиімді пайдалану», деді Премьер-Министр.

Ұсынылған заң жобалары үшін дауыс беру процедурасынан кейін Үкімет басшысы Ұлттық экономика және Қаржы министрліктеріне Премьер-Министр Кеңсесімен бірге заң жобалары мен әлеуметтік-экономикалық даму болжамын Парламентке енгізуді қамтамасыз етуді тапсырды.