Аймақтар • 29 Тамыз, 2022

Жарлысу жарамды суға жарымай отыр

645 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Жарлысу ауылының халқы ауыз суға жарымай отыр. Елді мекенге ауыз су жүйесін жүргізуге жүздеген миллион қаражат жұмсалғанымен, ауыл жұрты ауыз судың қызығын көре алмай қамығып жүр. 2020 жылы аяқталған құрылыс жұмыстарынан кейін берілген су ішуге жарамсыз болып шыққан.

Жарлысу жарамды суға жарымай отыр

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Иә, ауылдың аты айтқандай Жарлысу ауыз судан тарығып отыр демесеңіз, елді мекенде басқа мәселе жоқ деуге де болады. Уақытында Қазақстанның Еңбек Ері, «Шәушен» шаруа қожалығын басқарған белгілі азамат Сайрамбай Дөненбаев халыққа көптеген аудан ор­та­­лығында кездесе бермейтін зәулім м­е­шіт, шопандардың балаларына арнап ға­жап интернат, балабақша, «Жеңіс» саябағын салып берген-ді. Кім біледі, Сәкең ортамызда болғанда ауыз судың мәселесін де өзі шешер ме еді...

Бүгінде ауылдағы 197 аулада 1 073 адам тұрады. Ауыл халқы 2020 жылы өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында жүргізілген ауыз судың сапасына көңілдері толмайтынын айтады. Халыққа ауыз су деп бергені техникалық су болып шыққан.

«2020 жылы «Жігер 2004» ЖШС көктем мезгілінде ауылға ауыз су жұ­мыстарын жүргізуді қолға алды. Содан күз аяқталып, қыс басталар шақ­та жұ­мыс­тарын аяқтауға күш салды. Қазды, құбыр жүргізді. Сол кезде қар жауды да тірліктері түйінделмей қалды. Кей жерлерді жапқанымен, біраз жер жабылмады. Одан кейін бұрынғы басшылар суды пайдалануға бердік деп айтқаны туралы хабардар болдық. Содан халық болып аудандық прокуратураға арыз жаздық. Сол кезде құзырлы орган қызметкерлері тексерсе керек. Аудан­дық тұрғын үй-коммуналдық шар­уа­шы­лық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы мен «Жігер 2004» ЖШС басшысы келіп: «Прокуратураға арызданыпсыздар, сол арызды қайтарып алыңыздар. Ел ішінде бітімгершілік деген болады. Жұмысымызды аяқтаймыз» деді. Халық болып ақылдастық та, ел азаматтары уәдесін орындайтын шығар деген оймен қағазымызды кері қайтарып алдық. Кейіннен олар келіп, жұмысты ары қарай жалғастырды. Уақыт өте келе, облыстық телеарнадан журналист шақырдық. Сол кезде олар суды жіберді. Екі скважина бар. Бірінен берген суы тұзды болса, екіншісінікі тіпті ащы болып шықты. Ішуге жарамайды. Сол суды алдымен малға беріп көрдік. Жылқы ішпей қойды. Бұлар сонда кімді алдап отыр? Мемлекетті ме, халықты ма», дейді ауыл тұрғыны Жұмағұл Зиябаев.

Оның айтуынша, сол кезде жергілікті атқарушы билік елді мекендегі ауыз су мәселесін оңынан шешуге сөз берген көрінеді. Ал әлгі аққан су шелекте бірнеше күн тұрғаннан кейін өңін өзгертіп, ағарып кетіпті. Тұрғындар бізге сол судың суретін де көрсетті.

«Кейін аудан басшысы келіп, мектепте кездесу өткізді. Өзінің орынбасарын ертіп келді. «Ертеңнен бастап орынбасарым осы ауылда болады. Су екі айда пайдалануға беріледі» деді. Суды адам түгілі мал ішпей жатқанын айттық. Естуімізше, біздің ауылдан ауыз су шығуы үшін 300 метрге дейін қазу керек екен. Мұнда ондай тереңдікте қазылмаған. Су сорғысы күйді, қазір су жоқ. Тазарсын деп біраз күн ағызды. Кейін бұл судың құрамын тексертіп, кадмий деген химиялық элемент бар екенін білдік», дейді ол.

Бүгінде ауыл тұрғындары Кеңес өкіметі тұсында қазылған құдықтан аққан таза суды ішіп отыр. Олардың айтуынша, арбамен су тасу әлі де бар.

«Таудың бойымен өзен суы келеді. Соны ішеміз. Болмаса Кеңес өкіметі кезінде қазылған құдықтан аламыз. Ол су белгілі бір уақытта ғана берілетіндіктен жетпейді. Ондай жағдайда ақшасы барлар суды сатып алады», дейді ауыл тұрғындары. Халықтың айтуынша, тау суы кейбірінің үйіне жетпейді. Өйткені арада үлкен сай бар екен. Сондықтан да олар судың қадірін біледі.

«Негізі біз 3-4 тонналық бассейн жасап алғанбыз. Сатып алған суымызды соған сақтаймыз. Қазір жаз болған соң бір тонна ғана аламыз. Әйтпесе, борсып кетеді. Ал арықтың суымен жуынамыз», дейді жергілікті жұртшылық.

Тұрғындардың сөзіне сүйенсек, әлгі жа­рамсыз судың ақпағанына 2 айға жуық­­таған. Жергілікті жұртшылық: «Ішу­­­ге жарамаған соң оның аққанынан не пайда? Әлгі сумен әйелдер кір жуса, кір тұтып қалады. Ал бас жусаң ша­шың­ды тұтады», дейді күйініп.

Жергілікті халықтың айтуынша, құ­ра­мында кадмий элементі бар суды ішу қауіпті көрінеді.

«Негізі бұл жерге ілгеріде барлау жұ­­­мыстары жүргізілген. Ереже бо­йын­­ша солай болуы керек. Белгілі бір компания судың құрамын тексеруге тиіс. Соның нәтижесінде қорытынды жасалуы керек. Сол қорытындыда кад­мий бар екені көрсетілген. Кадмий – улы зат. Сол жерде арнайы тазалайтын құрылғы болуы керегі айтылған. Бел­гі­сіз бір себептермен жоба жасалған кезде сол қондырғыны қарастырмаған. Жоба жасау­шылар алғаш тексерген ком­па­нияның лабораториялық анализіне емес, кейін басқалар жасаған тексеру нәтижесіне сай жасаған деген сөз бар. Онда кадмий жоқ деп айқындалған», дейді ауыл тұрғыны Мақсат Байжігітов.

Ал ауданның жаңа әкімі Ернар Есіркепов ауыл халқымен кездескенде мәселемен танысыпты. Тиісті мекемелер арқылы мәселені шешуге күш салатынын айтқанын ауыл тұр­ғын­дары жеткізді. Әйтсе де, олар «аяқ­тал­ды» делінген жұмыстың жақын арада қайта жанданып, халыққа таза су бері­летініне күмәнмен қарайды. Біз өз кезегімізде Тұрар Рысқұлов ауданының орталығы Құлан ауылына барып, жа­уапты тұлғалармен кездесіп, мәселенің мәнісіне қанықтық.

«Жарлысу ауылының халқы ауыз судың сапасына қатысты мәселе көтеріп отыр. Жұмыс 2020 жылы басталып, сол жылы аяқталған. Кейбір жұмыс күн суық кезде жасалғандықтан, кейін қал­пына келтірілді. Уақытында жоба әзірленген кезде құзырлы мекемелер талапқа сәй­кес деп көрсеткен. Жоба соған сәй­кес жа­сал­ған екен. Сарап­шы­лардың сүз­гі­сінен өткен. Мүмкін тереңдікті тағы төмен түсірсек, тұщы су шығатын шығар деген оймен мердігер тарапынан тағы жиырма метрге жуық тереңге түсірілді. Алайда судың дәмінде өзгеріс жоқ.

Қазіргі таңда аудан әкімі тарапынан тиісті комиссия құрылды. Кезінде «Юж Каз Недро» деген мекеме тарапынан су қорын анықтау жұмыстары жүргізіледі. Бұл 2015 жыл болатын. Ол кезде тапсырыс беруші – құрылыс басқармасы. Сол уақытта кадмий эле­мен­тінің көрсеткіштері анықталған. Тиісті құрылғы орналастыру қажеттігі нақ­ты­лан­ған. Ал жоба 2018 жылы әзір­ленген кезде жобалаушылар анализ алған. Осылайша, судың сапасын анықтағанда кадмий көрсеткіші нормадан аспайтыны белгілі болған. Жоба соның негізінде жасалған.

Біз суды тікелей скважинадан алдырып, санитарлық-эпидемиялық стансаға бердік. Қазір судың деңгейі төмен түсуіне байланысты халықпен сөйлестік. Бір су сорғы істен шықты. Жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ол жұмыс мердігердің кепілдік мерзіміне сәйкес атқарылып жатыр. Бүгінде облыстық энергетика басқармасымен келістік. Ауыл тұр­ғын­да­ры тарапынан белсенді азаматтарды комиссия құрамына қостық. Суды қосқан күні «Жамбыл су» мекемесінің қыз­мет­кер­­лерін шақырамыз. Солар келіп судың құрамын тағы тексереді. Аталған мекеменің өз лабораториясы бар. Жер­гі­лікті халық санитарлық-эпиде­миялық стансаның нәти­же­сіне сен­­бей отырғандықтан осындай қадамға баруға бел будық», дейді аудандық жолау­шылар көлігі және автомобиль жол­дары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жасұлан Өмірқұлов.

Оның айтуынша, ауыз су жүйесін жүргізу жұмыстары аяқталғаннан кейін жауаптылар жұмысты қабылдап алған. Мамандар жұмысты қабылдап алған кезде СЭС-тің қорытындысын негізге алған екен.

«Халыққа барғанда олар бұл су­ды ішпейтінін айтады. Ал «пломба» салуға барған кезде: «Неге өйтіп жатыр­сың­дар?» дейді. Кейбір азаматтар суды мал да ішпейді деп айтқанымен, үйлеріне тар­тып алғанын білдік. Тұрғындар ай­тып жүргендей құбырлар талапқа сай салынбаған деген жаңсақ пікір. Мамандар тексерді. Ал жойылуға тиіс кемшіліктер жойылған. Халық таза суды қашан ішеді деген сауал орынды. Біз тиісті сынамаларды алып жатырмыз. Өткенде тереңдікті тағы 12 метрге түсірдік. Судың қанша метрден шығатынын кім анықтайтынын жоғарыда айттым. Ха­лық «Жамбыл су» мекемесі шығарған қоры­тындыға сенетінін жеткізді. Оларға техникалық су емес, тұщы су қажет. Мердігермен келістік. Бәрі біткен соң мамандарды шақырамыз. Жергілікті халық арасынан шыққан комиссия мүшелерінің қатысуымен сынама алынады. Қоры­тындысын күтетін боламыз.

«Жігер 2004» ЖШС басшылары жұмысты жобаға сай жасағандарын айтып отыр. Ал жобалаушы мекеме өз құ­жат­тарын алға тартады. Сынама нәти­же­сі теріс болған жағдайда біз жо­­ғарыда айтқан тиісті құрылғыны алуы­мыз керегі түсінікті. Ол үшін бар­лық қоры­тындылар керек. Кадмий эле­мен­ті­нен тазартамыз ба, әлде судың құ­рамын тазалаймыз ба? Сол қо­ры­тын­ды­ға сәйкес жұмыс атқаратын боламыз. Бәрі қорытындыға байланысты. Сарап­та­ма қорытындысы оң болса, құрылғы алу қажет болмайды», дейді бөлім басшысы.

Иә, Жарлысудағы ауыз су мәселесіне қатысты дауға нүкте қоятын кез келіп жетті. Жасұлан Өмірқұлов айтқандай, кезекті сынамадан кейін жағдай оңалар деп сенеміз. Олай болмаған жағдайда бөлім басшысы айтқандай келесі қа­дам­дар жасалуы керек. Өйткені халық тазу суды асыға күтіп отыр.

 

Жамбыл облысы,

Тұрар Рысқұлов ауданы