Қазақстан • 31 Тамыз, 2022

Google-ден контентті өшіріп тастауды жиі өтінеді

317 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Google-ден контентті өшіріп тастауға өтініш беру бойынша әлемдік рейтингте үшінші орынды иеленеді. Internet Freedom құқық қорғау ұйымының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінен алған ақпараты бойынша 2014-2022 жылдар аралығында Қазақстанда 95 мыңнан астам интернет-ресурс бұғатталған.

Google-ден контентті өшіріп тастауды жиі өтінеді

Ranking мәліметі бойынша бұ­ғаттаудың ең көп таралған себебі – қатыгездік пен зорлық-зомбылық, суицид және порнография культін насихаттау. Бұл – бүкіл бұғаттаудың 42 пайызы. Екінші орынды 33 пайызбен терроризм және діни экстремизм идея­сын насихаттау тұр. Сонымен қатар біздің еліміз Google-де жарияланған контентті өшіріп тастауға өтініш беру бойынша Индонезия мен Ресейден кейінгі үшінші орында екен.

2011 жылдан бері Google контентті өшіруге берілген өтініштерді тіркеп, бұл туралы ақпараттарды хабарлай бастаған. Қазақстан халықаралық компанияға 532 рет өтініш білдірген. Бұл өтінімдерде ел билігі компанияның түрлі сервисі, соның ішінде YouTube пен веб-іздеу жүйесіндегі 260 мыңнан астам контентті өшіріп тастауды сұраған.

Ал Google өз тәртібі бойынша материалды өшіруден түрлі себептер негізінде бас тартуы мүмкін: «Кей­бір өтінімдерде нақты нені өшіру туралы ақпарат болмайды. Басқа жағдайларда автордың өз бетінше контентті өшіргені белгілі болады».

Сонымен қатар барлық келіп тү­сетін сот шешімі нақты әрекет­терді талап етпейді. Компания стастикасына сәйкес, Google билік өтінім­дерін сирек орындайды. 2021 жыл­дың екінші жартысында компания Қазақстан билігі өтінішінің 94,9 пайызын орындаудан бас тартқан.

Қазақстанның мазмұнды алып тас­тау туралы сұрау салуларының екінші ең көп тараған себебі – Үкіметті сынау болды (соңғы 10 жылда 21 пайы­з). Соңғы екі жыл бұл параметр бойын­ша рекордты болды: 2020 жылы ел Үкіметін сынауға байланысты Қазақ­стан Google-ге 44 рет, 2021 жылы 47 рет өтінім жіберген.