Қоғам • 01 Қыркүйек, 2022

Шудың бойында...

358 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл әннің есірткі саудасына қатысы болмаса да, осы қылмыс түрі айтылғанда аталған өңірді айналып өте алмаспыз. Былтыр елімізде есірткі қылмыстары Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарында, Алматы қаласында көп тіркелген. Жыл басынан бері тәртіп сақшыларының жедел әрекеттерінің нәтижесінде ашылған қылмыстар да аз емес.

Шудың бойында...

Соңғы уақытта полиция қызметкерлері жабайы қарасора өсірілетін аймақтарды ерекше назарға алуда. Мәселен, Жамбыл облысының Шу ауданында 26 тамыздан 27 тамызға қараған түні ІІМ Есірткі қылмысына қарсы күрес департаментінің қызметкерлері өздерінің аумақтық бөлімшесімен бірге Тасөткел ауылы маңында жабайы кендірді жинап жүрген жерінен Қонаев ауылының тұрғыны, 39 жастағы бақташыны ұстады. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Қажы-Ғали Имажановтың айтуынша, бүгінде «Қарасора-2022» арнайы іс-шарасының соңғы кезеңдері жалғасуда. Белгілі болғандай, қылмыскерлер күздің салқыны түскенше жабайы каннабисті қоймаларын толықтыру үшін пайдаланады екен. Ал суық ауа райының басталуымен кептірілген марихуана Қазақстанның әртүрлі аймақтары мен көршілес мемлекеттерге экспортталатын көрінеді. Бұған жол бермес үшін полиция қызметкерлері құрамында есірткі бар өсімдіктердің жетілу кезеңінде барлық ықтимал дақылдар мен қарасора бар қоймаларды анықтап, шұғыл режімде жұмыс істеуде. Жасырын орындар бақылауға алынып, алғашқы қолайлы сәтте ақ олардың иелері ұсталуда. Қолдан егілген, сонымен қатар жабайы өсетін ірі қарасораның анықталған ірі учаскелерін полиция қызметкерлері жедел түрде жоюда.

Ал Алматы облысының Кеген ауданында полиция қызметкерлері шекарашылармен бірлесіп Шелек ауылының екі тұрғынын ұстады. Ұсталғандардан сатуға дайын 4 қап кептірілген марихуана тәркіленді. Ұсталғандар қарасора орылған жерді өздері көрсеткен. Барлығы 5 тонна есірткі заты бар өсімдіктер жойылды. Ұсталғандарға қатысты аса ірі көлемде есірткі заттарын заңсыз сақтау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.