Экономика • 31 Тамыз, 2022

Мұнай бағасы төмендей береді

2709 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлттық банк тамыз айында макроэкономикалық сауалдаманы жариялаған еді. Сауалдамаға Қазақстан бойынша макроэкономикалық көрсеткіштерді талдаумен айналысатын 11 ұйым қатысты. Респонденттер қатарына нарықтағы кәсіби қатысушылар, зерттеу институттары, халықаралық ұйымдар мен рейтингтік агенттіктер кірді. Келешекте бұл тізімнің аясы кеңейтілуі мүмкін.

Мұнай бағасы төмендей береді

Макроэкономикалық сауалдамада Ұлттық банктің болжамдары қамтыл­май­тынын атап өткен жөн. Онда ішкі және әлемдік нарықтардағы жағдайдың келешек дамуына қатысты нарықтағы кәсіби қатысушылардың тәуелсіз пікіріне, бағалауы мен күтуіне шолу жасалған.

Респонденттердің медианалық болжамы бойынша 2022 жылы Brent маркалы мұнайдың бағасы орта есеппен жылына бір баррель үшін – 101 доллар, 2023 жылы – 89,9 доллар, 2024 жылы 75,0 доллар деңгейінде қалыптасады. Ағымдағы жылға сарапшылардың болжаулары бір баррель үшін 90 доллардан 110 долларға дейін өзгереді. 2023 және 2024 жылдарға арналған болжамдар диапазоны кеңейеді. Дегенмен респонденттердің көпшілігі мұнай бағасының төмендеуін күтуде.

«Респонденттердің болжамдары бойынша 2022 жылы Қазақстан экономикасының өсімі – 3,0 пайыз, 2023 жылы – 3,8 пайыз, 2024 жылы 4 пайыз деңгейінде қалыптасады. 2022 жылға сарапшылардың болжамдары 2,6 пайыздан 4 пайызға дейін өзгереді. 2023 және 2024 жылдары сарапшылар экономикалық өсудің қалпына келуін күтуде», делінген зерттеуде.

Сондай-ақ сауалдамаға қатысу­шы­лардың болжауынша, биыл желтоқсанда инфляция 15,1 пайыз деңгейінде қалып­таспақ. Олардың алдағы жылдарға жасап отырған болжамдары біршама оптимистік сипатқа ие. Яғни инфляция деңгейі 2023 жылы – 8,8 пайызға, 2024 жылы 7,0 пайызға дейін төмендейді деп пайымдайды. Сонымен бірге сауал­дамаға қатысушылар базалық мөлшер­леменің жыл соңына дейін 13,6 пайызға жоғарылап, 2023 жылы – 12,0, 2024 жылы 9,2 пайызға дейін төмендеуін күтеді. Осылайша, респонденттердің көпшілігі жыл соңына дейін базалық мөлшерлеменің сақталуын немесе жоғарылауын күтуде.

Сарапшылар 2022 жылдың қорытындысы бойынша теңгенің айырбас бағамы жылына орташа есеппен бір доллар үшін 460 теңге деңгейінде, 2023 жылы – 478,4 теңгеге дейін, 2024 жылы 495,0 теңгеге дейін әлсірейді деп бағамдайды.

«Сарапшылар әлеуетті ішкі жалпы өнімнің орташа өсу қарқынын 5 жылдық шегінде 3,5 пайыз деңгейінде күтеді. Болжам ауқымы 2 пайыздан 4 пайызға дейін өзгереді. Жалпы, макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша респонденттердің болжамдарының диапазоны бір жылдың шегінде де, орта мерзімді перспективада да кең. Бұл ішкі және әлемдік нарықтардағы жағдайдың даму перспективаларына қатысты нарық қатысушыларының белгісіздігінің жоғары деңгейін көрсетеді», делінеді хабарламада.

Еске салайық, Ұлттық банк сауалдамасына AERC, Halyk Finance, Jusan Invest, «Азия даму банкі», АКРА, «Еуразиялық даму банкі», «Еуразиялық экономикалық комиссия», «Ренессанс капитал», Сентрас секьюритиз, «Фридом финанс» және «Экономикалық зерттеулер институты» қатысқан.