Елорда • 01 Қыркүйек, 2022

Елордада дәстүрлі жәрмеңке басталды

324 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтанда өңірлерден келген тауар өндірушілердің қатысуымен ауыл шаруа­шылығы өнімдерінің жәр­мең­кесі басталды. Әр сен­бі мен жексенбі сайын ұйым­дастырылатын жәрмеңке 13 қа­рашаға дейін жалғасады. Елор­дада алғашқы болып Түр­кістан облысының шаруа­лары өз өнімдерін ұсынды.

Елордада дәстүрлі жәрмеңке басталды

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Өңірден келген 70-тен аса ауыл шаруашылығы өндірушілері 535 тонна өз өнімдерін ұсынды.

«Түркістан облысының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 113,5 тонна ет және ет өнімдерін, 165,5 тонна көкөніс, 23 тонна картоп, 72 тонна сүт өнімдерін, 69 тонна бақша өнімдерін, 34 тонна жеміс-жидек, 8 тонна бал, 31 тонна жеміс шырыны мен консервілен­ген өнімдерді, 11 тонна балық, 20 мың дана жұмыртқа және 2 тонна нан-тоқаш өнімдерін ұсынды. Өнімдер нарық бағасынан 15-20% төмен бағамен сатылды. Жәрмеңке концерттік бағдарламамен жал­ғасты», деді Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы бас­шысының орынбасары Нұрбол Бекмұратов.

Биыл тұрғындардың өтініші бойынша ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізу орны «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орта­лығы жанындағы алаңнан «Барыс Арена» мұз сарайына қарама-қар­сы аумаққа ауысты. Нұр-Сұл­тан қаласының инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқар­масы басшысының орынбасары Қуаныш Сапаровтың айтуынша, жәрмеңкелер «Астана-Арена» ста­дио­нының жанындағы алаңда, Тұран, 48 мекенжайында өтеді.

«Жалпы, апта сайынғы ауыл­ша­руашылық жәрмеңкелері өз жұ­мысын осы жылдың 11 маусымында бастады. Оған Ақмола және Қарағанды облыстарының, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының тауар өндірушілері қатысты. Тек екі күннің ішінде жәрмеңкеде 100 тонна өнім сатылды. Сонымен қатар елордада екі аудан аумағында демалыс күндері жәрмеңкелер өткізіледі. Есіл ауданында Сауран көшесі,
7 ме­кен­жайында ұйымдастыры­лады. Өткізу күндері – сенбі-жек­сенбі», деді Қ.Сапаров.

Алматы ауданында жәрмеңке Жүргенов көшесі, 27 мекенжайы бо­йынша өтеді. Бұл да сенбі-жексен­бі­де сатып алушыларды шақырады. Жәрмеңкеге азық-түлік тауарла­рын көтерме жеткізушілер, Қараған­ды және Ақмола облыстарының жа­қын аудандарындағы шаруа қожа­лықтары, сондай-ақ «Шапағат» база­рының көтерме саудамен айналысушылары қатысады.