Аймақтар • 01 Қыркүйек, 2022

Павлодар тұрғыны өртке оранған көліктен 4 адамды құтқарды

227 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Павлодар қаласының 42 жастағы тұрғыны өртеніп жатқан көлік ішінде ес-түссіз жатқан 4 адамды құтқарды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Павлодар тұрғыны өртке оранған көліктен 4 адамды құтқарды
Оқиға 26 тамызда Павлодар-Шарбақты тасжолында, Маралды ауылының маңында болған.

Белгілі болғандай, жеңіл көлік КамАЗ көлігінің тіркемесіне соғылып, соның салдарынан жеңіл көлік бірден жанып кеткен. Маралды ауылының тұрғыны Еркебұлан Жүзбаев өртеніп жатқан көлікте ес-түссіз жатқан 4 адамды байқап, ойланбастан құтқаруға бел буған.

«Сол күні кешке жұмыстан қайтып келе жатқан бетім еді. Жолда көлік апаты болғанын байқадым. Бір шетте КамАЗ көлігі тұрды, ал одан сәл ары қарай «Ауди» автокөлігі өртеніп жатты. Сол кезде өртеніп жатқан көлікке тұра жүгірдім. Көлік өртке оранып үлгеріпті. Ішінде адамдар жатыр екен. Басқа жүргізушілер жақындауға қорқып, қарап тұрды», деді Еркебұлан Жүзбаев.

Ол адамдарды дереу алып шықпаса, көлік кез келген уақытта жарылуы мүмкін екенін айтты.

«Қолымды жейдеме орап алдым, себебі ыстық металды жай қолмен ұстау мүмкін болмады. Есікті тартып көріп едім, ашыла кетті. Алдымен бір адамды сүйреп шығардым. Оны әрі қарай апарып тастаған соң екіншісіне көмекке жүгірдім. Екінші жолаушыны да сүйрей бастағанымда, қасыма куәгерлердің бірі жүгіріп келіп көмектесе бастады. Жалынмен арпалысып жүріп тағы екі адамды шығарып үлгергердік. Артынша отқа оранған көлік жарылып кетті», деп баяндады ол.

Жол апатынан зардап шеккен адамдар ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта үш азаматтың жағдайы ауыр.