Кәсіпкерлерге берілетін 5 млн теңге грантқа кімдер үміткер бола алады? Өңірлік кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Дархан Ермағамбетов ең әуелі бұл қолдау 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде іске асып отырғанын, мемлекеттік грантқа экономиканың басым секторларындағы шағын кәсіпкерлік субъектілері, оның ішінде ісін жаңа бастаған жас кәсіпкерлер өтеусіз негізде ие бола алатынын жеткізді. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру қағидаларына сәйкес, агроөнеркәсіптік кешен, жеңіл өнеркәсіп және жиһаз өндірісі, құрылыс материалдары және өзге де металл емес минералды өнімдер өндірісі, металлургия, металл өңдеу, машина жасау, көлік және қоймалау, туризм, ақпарат және байланыс, ғылыми және техникалық қызмет, білім беру, өнер, ойын-сауық және демалыс, өзге де көрсетілетін қызмет түрлерін ұсыну салаларынан бизнес ашқан азаматтар қатыса алады.
– Грантқа үміткер болу үшін кәсіпкерлік нысанындағы жұмысшылар саны туралы анықтама, ұлттық жоба шеңберінде кәсіпкердің оқудан өткенін растайтын, мерзімі 2 жылдан аспайтын сертификат, берілетін мемлекеттік грант көлемінен кемінде 10% мөлшерінде қаражаттың бар екенін растайтын банктік құжаттар, банк шотынан үзінді көшірме немесе бизнес-жобаға қатысатын жылжымалы және жылжымайтын мүліктің бағалау құнын растайтын құжаттар (халықтың әлеуметтік осал топтарын, оның ішінде 3-топтағы мүгедектікті қоспағанда) болуға тиіс. Барлық құжат электронды түрде Qoldau.kz порталы арқылы қабылданады, – дейді Д.Ермағамбетов.
Кәсіпкер Qoldau.kz порталында электронды өтінімді толтырып, қажетті құжаттарды жүктейді. Кейін өзінің бизнес-жобасын конкурстық комиссияның отырысында таныстырады. Комиссия өтінімдерді қарау кезінде бизнес-идеялардың жаңашылдығы, бәсекеге қабілеттілігі және қолданысқа енгізуге дайындығы бойынша баға береді. Бұл ретте нақты елді мекенде немесе ауылдық округте бұрын өндірілмеген тауарлар шығаруды, қызметтер көрсетуді немесе жетілдірілген технологияларды қолдануды көздейтін жобаларға басымдық берілетінін атап өткен абзал.
Былтыр әрқайсысы 5 млн теңгенің қайтарымсыз грантын 21 адам иеленсе, биыл жыл басынан 7 адам осындай қолдауға ие болыпты. Үздік шыққандардың дені өңдеу өнеркәсібі, оның ішінде жеңіл, жиһаз және тамақ өнеркәсібі, сонымен қоса ауыл шаруашылығы салаларында кәсіптерін дамытуда.
Атап өтерлігі, былтыр 29 жасқа дейінгі 10 жас кәсіпкер жеңімпаздар қатарынан табылса, жыл басындағы конкурста бірыңғай жас бизнесмендер таңдалды. Жалпы саны 9 жоба ауылдық жерлерде жүзеге асып жатыр. Ал 2022 жыл бойынша тегін гранттарға қазынадан жалпы сомасы 89 млн теңге бөлінген.
Аққулы ауданының жас кәсіпкері Әділғазы Момын – осындай мүмкіндікке ие болған азаматтың бірі. Ол бұл қаражатқа сүт салқындатқыш пен сүт саууға, сүт тартуға арналған құрал-жабдықтар сатып алған. Нәтижесінде оның шаруашылығында 1 оператор, 2 сүт сауушы және 1 мал қараушы жұмысқа қабылданыпты. Ал Екібастұз қаласынан қатысып, жолы болған Сымбат Махмет қайтарымсыз қаражатты гидропондық жолмен мал азығын өсіруге жұмсаған. Айтуынша, ол өсіретін бидай экологиялық жағынан таза өнім әрі сұранысқа ие. Гидропонды жем-шөпте дәрумен мол болатындығына байланысты төрт түлік пен құс тез қоңданып, ет жинай бастайды, ал сиырдың сүттілігі артады екен.
Павлодар облысы