Қоғам • 02 Қыркүйек, 2022

Өтеусіз грант – өркендеуге жолдама

437 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жаңадан бизнес бастаған азаматтарды және жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында облыста қайтарымсыз грант беру ісі жалғаспақ. Шағын және орта кәсіпкерлікті қолтығынан демеуде соңғы екі жылда бұл ұлттық жобаға жетері жоқ. Осы уақытқа дейін өңірде жалпы саны 28 азаматтың әрқайсысы 5 млн теңгеден алған.

Өтеусіз грант – өркендеуге жолдама

Кәсіпкерлерге берілетін 5 млн теңге грантқа кімдер үміткер бола алады? Өңір­­­­лік кәсіп­керлік және индустриялық-иннова­циялық даму басқармасының бөлім басшысы Дархан Ермағамбетов ең әуелі бұл қолдау 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде іске асып отырғанын, мемлекеттік грантқа экономиканың басым секторларындағы шағын кәсіпкерлік субъектілері, оның ішінде ісін жаңа баста­ған жас кәсіпкерлер өтеусіз негізде ие бола алатынын жеткізді. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру қағидаларына сәйкес, агроөнеркәсіптік кешен, жеңіл өнеркәсіп және жиһаз өндірісі, құрылыс материалдары және өзге де металл емес минералды өнімдер өндірісі, металлургия, металл өңдеу, машина жасау, көлік және қоймалау, туризм, ақпарат және байланыс, ғылыми және техникалық қызмет, білім беру, өнер, ойын-сауық және демалыс, өзге де көрсетілетін қызмет түр­лерін ұсыну салаларынан бизнес ашқан азаматтар қатыса алады.

– Грантқа үміткер болу үшін кәсіпкерлік нысанындағы жұмысшылар саны туралы анық­тама, ұлттық жоба шеңберінде кәсіпкер­дің оқудан өткенін растайтын, мерзімі 2 жыл­­дан аспайтын сертификат, берілетін мем­­ле­кеттік грант көлемінен кемінде 10% мөл­ше­рінде қаражаттың бар екенін растайтын банк­­тік құжаттар, банк шотынан үзінді кө­шір­­ме немесе бизнес-жобаға қатысатын жыл­­жымалы және жылжымайтын мүліктің баға­­лау құнын растайтын құжаттар (халықтың әлеу­­меттік осал топтарын, оның ішінде 3-топ­тағы мүгедектікті қоспағанда) болуға тиіс. Бар­­лық құжат электронды түрде Qoldau.kz пор­­талы арқылы қабылданады, – дейді Д.Ермағамбетов.

Кәсіпкер Qoldau.kz порта­лында элек­тронды өтінімді толтырып, қажетті құжаттарды жүк­тейді. Кейін өзінің бизнес-жобасын кон­курс­­тық комиссия­ның отырысында таныс­ты­рады. Комиссия өтінімдерді қарау кезінде бизнес-идея­лардың жаңашылдығы, бәсекеге қабілет­тілігі және қолданысқа енгізуге дайын­дығы бойынша баға береді. Бұл ретте нақты елді мекенде немесе ауылдық округте бұрын өндірілмеген тауарлар шығаруды, қыз­меттер көрсетуді немесе жетілдірілген технология­ларды қолдануды көздейтін жоба­ларға басымдық берілетінін атап өткен абзал.

Былтыр әрқайсысы 5 млн теңгенің қайта­рымсыз грантын 21 адам иеленсе, биыл жыл басы­нан 7 адам осындай қолдауға ие бо­лып­ты. Үздік шыққандардың дені өңдеу өнер­кәсібі, оның ішінде жеңіл, жиһаз және тамақ өнеркәсібі, сонымен қоса ауыл шаруашылығы салаларында кәсіптерін дамытуда.

Атап өтерлігі, былтыр 29 жасқа дейінгі 10 жас кәсіпкер жеңімпаздар қатарынан табылса, жыл басындағы конкурста бірыңғай жас бизнесмендер таңдалды. Жалпы саны 9 жоба ауылдық жерлерде жүзеге асып жатыр. Ал 2022 жыл бойынша тегін гранттарға қазы­надан жалпы сомасы 89 млн теңге бөлінген.

Аққулы ауданының жас кәсіпкері Әділ­ғазы Момын – осындай мүмкіндікке ие бол­ған аза­маттың бірі. Ол бұл қаражат­қа сүт салқын­датқыш пен сүт саууға, сүт тартуға арналған құрал-жабдықтар сатып алған. Нәти­жесінде оның шаруашылығында 1 опе­ратор, 2 сүт сауушы және 1 мал қа­рау­шы жұмысқа қабыл­даныпты. Ал Екі­бастұз қаласынан қатысып, жолы болған Сымбат Махмет қайтарымсыз қаражат­ты гидропондық жолмен мал азығын өсі­ру­ге жұмсаған. Айтуынша, ол өсіретін бидай экологиялық жағынан таза өнім әрі сұранысқа ие. Гидропонды жем-шөпте дәрумен мол болатындығына байланысты төрт түлік пен құс тез қоңданып, ет жинай бастайды, ал сиырдың сүттілігі артады екен.

 

Павлодар облысы