Қоғам • 02 Қыркүйек, 2022

Қазақстан халқы – 19 644 067

2439 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өңделген мәліметтерге сәйкес, 2021 жылғы санаққа 19186015 адам қатысты. Осылайша, 2009 жылғы халық санағынан бері ел халқы 20%-ға немесе 3,2 млн адамға өсті. Бұған халықтың табиғи өсімі мен Қазақстан аумағына көші-қон ағыны ықпал етті.

Қазақстан халқы – 19 644 067

Санақ қорытындысы бойынша қала тұрғындарының үлесі 61,2%-ға дейін өсті, алдыңғы санақ мәліметтерімен салыстырғанда өсім 5%-ды құрады. Тиісінше, ауыл халқының үлесі 43,9%-дан 38,8%-ға дейін азайды. Қала тұрғындарының басым бөлігі Қара­ғанды облысында тұрады – тұрғын­дардың 80%-ы, яғни 1 млн-нан астам адам. Керісінше, қалалықтар саны ең аз аймақ – Түркістан облысы. Мұнда бар­лығы 498 мың адам немесе облыс тұр­ғын­дарының 24,3%-ы қалалық жерде тұрады.

«Урбандалу – экономиканың индус­трияландырылуы мен жұмыс күшінің өнімді салаларға ауысуына байланысты болатын әлемдік үдеріс. Әдетте, азаматтар ауылдан қалаға білім алу, мамандығы бойынша жұмыс істеу және әл-ауқатын жақсарту үшін көшеді. Соңғы екі санақ аралығындағы кезеңде қала халқының ең көп өсімі еліміздің 6 өңірінде байқалды – Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарында. Ал елорда халқы екі есе өсті», дейді Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының басшысы Жандос Шаймарданов.

Алдыңғы санақ қорытындысы бо­йынша Нұр-Сұлтанда 619 мың адам тұрып жатса, 2021 жылғы санақ кезінде еліміздің бас қаласындағы халық саны 1,23 млн адамды құрады.

Қазақстандағы әйелдер саны бұрынғыдай ерлер санынан басым. Санақ қорытындысы бойынша олардың саны жарты миллионға (536,3 мың адамға) артық болды. Егер пайызбен айтар болсақ, ерлер үлесі – 48,6% (9 324 840 адам), әйелдер үлесі – 51,4% (9 861 175 адам) құрады. Осылайша, Қазақстандағы 100 әйелге 99 ер адамнан келеді.

Санақ 10 жылда бір рет жүргізіледі және белгілі бір кезеңдегі халықтың түрлі әлеуметтік-экономикалық параметрлерін көрсетеді. Жиналған деректер ұсынылған ақпараттың толықтығы (көші-қон, табыс, жұмыспен қамту, неке жағдайы, туу, тілдерді меңгеру дәрежесі, дінге қатынасы) мен респонденттердің қамтылуы бойынша бірегей болып саналады.

2021 жылғы санақ деректері мен Қазақстан халқының саны бойынша ағымдағы деректерді ескере отырып жүргізілген есептеуден кейін 2022 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша еліміздің халқының саны 19 644 067 адамды құрады.