Оқиға • 03 Қыркүйек, 2022

Қостанай облысындағы өртті сөндіруге 3 тікұшақ жұмылдырылды

440 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанай облысының Әулиекөл ауданында орман өртін сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Өрт ошағына жақын жердегі ауылдарда тұратын 1 841 адам қауіпсіз жерге көшірілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қостанай облысындағы өртті сөндіруге 3 тікұшақ жұмылдырылды

Өртті сөндіруге жеке құрамнан 235 адам, 32 бірлік техника, 3 әуе кемесі, 3 өрт сөндіру пойызы жұмылдырылды.

Сағат 18:00-дегі жағдай бойынша ТЖМ-ға тиесілі 2 тікұшақ өртті сөндіру үшін 12 рет әуеге көтеріліп, 36 тонна су шашты.

Тікұшақтар суды өрт болып жатқан жерден 25 шақырым қашықтықта орналасқан  табиғи су қоймасынан алып жатыр.

«Қазгидромет» РМК деректері бойынша Қостанай облысында жоғары температура 38 градусқа дейін, желдің жылдамдығы секундына 23 метрге дейін сақталады.

Төтенше жағдайлар министрі Ю. В. Ильин әуеден барлау жұмыстарын жүргізді.

3 қыркүйекте метеорологиялық жағдайдың күрделенуіне байланысты өрт аумағы 3000 гектардан асты.

Аманқарағай және Новонежинка елді мекендерде қауіптің алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Озерное ауылынан (халық саны 250 адам) және Аманқарағай ауылының солтүстік бөлігінен (1000 адам) халықты эвакуациялау жұмыстары жүргізілді. Озерное ауылындағы 3 тұрғын үйден өрт шықты. Өртті сөндіруге 6 өрт сөндіру автомобильі, 8 су тасу машинасы жұмылдырылды. Калинино ауылынан 228 адам, Лесное ауылынан 363 адам эвакуацияланды. Сағат 17:20-да Аманқарағай ауылындағы мұнай базасына қауіп туындады, оқиға орнында 3 өрт сөндіру автоцистернасы (2-ТЖМ, 1-Мұнай базасының Объектілік қызметі) жұмыс істеуде.