Дағдарыс • 04 Қыркүйек, 2022

Автодағдарыс қалай әсер етеді?

2119 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ресейде жеңіл автомобиль өндірісі бірінші жартыжылдықта үш есе қысқарған, ал сатылым екі есе төмендеп кеткен. Соңғы жылдары отандық жеңіл автокөлік импортындағы Ресей үлесі 40 пайызды құрап келген еді. Биыл алғашқы алты айда Ресейде жеңіл автомобиль өндірісі 2021 жылдың алғашқы алты айымен салыстырғанда 61,8 пайызға, 279,2 мың көлікке дейін қысқарған. Ресейлік маркалардың өндірісі – 66,1, шетелдік маркалар 59,9 пайызға төмендеген.

Автодағдарыс қалай әсер етеді?

Маусымда ресейлік өндірушілер 13,4 мың көлік шығарған. Бұл 2021 жылдың маусымымен салыстырғанда 90 пайызға төмен көрсеткіш. Өз кезегінде Ресейде бірінші жартыжылдықта жаңа жеңіл көліктердің сатылымы 55,6 пайызға төмендеген.

«Биыл наурыздың басында ірі ше­телдік автоөндірушілер Ресейдегі өз қызметтерін уақытша тоқтатқанын жариялай бастады. Компаниялар ресейлік зауыттарда көлік шығаруды тоқтатты және ресейлік дилерлерге жаңа көліктер жеткізуді доғарды. Мысалы, Volkswagen 3 наурыздан бастап өзінің екі зауытында автомобиль өндірісін тоқтатты. Renault 28 ақпаннан бастап тоқтатты, кейінірек өз үлесін «АвтоВАЗ»-ға беріп, өңірден кетіп қалды. Наурыздың басында Санкт-Петербургтегі үш зауыттың жұмысы тоқтады – Toyota (Camry мен RAV4 шығарды), Nissan (Qashqai, X-Trail, Murano) және Hyundai (Solaris, Creta және Kia Rio). Бұл ретте Toyota мен Hyundai Ресейде қалуы мүмкін, алайда Nissan-ның жағдайы басқаша: компания Ресей Федерациясындағы бизнесін тоқтатуға дайындалып жатқан Renault-пен альянсқа кіреді», дейді Finprom өз дерегінде.

20 автоқұрастыру өндірісінің 3 зауыты ғана РФ-да шектеулі режімде жұмыс істейді, олар – «АвтоВАЗ», «УАЗ» және Haval. РФ-дағы ірі зауыттардың бірі саналатын «АвтоВАЗ» 5 күндік жұмыс режіміне 15 тамыздан бастап қана оралды. Зауыт өз жұмысын мамырда тоқта­тып тастаған еді. Қазір бұл зауыт екі модельді шығарумен айналысады, олар – Lada Niva және Lada Granta.

«Бұған дейін 20 жыл бойы Ресейде автомобиль өнеркәсібі белсенді дамыды. Бұған пайдаланылған шетелдік автокөліктерге қорғаныс баждарын белгілеу, бюджет алдындағы қарыздарды қайта құрылымдау, сондай-ақ шетелдік автоконцерндердің зауыттарын ашу ықпал етті. Мысалы, Ford зауытының қуаттылығы жылына 25 мың автомобиль болса, кейін 160 мың автомобильге дейін өсті. Санкт-Петербургте Hyundai Motor Manufacturing Rus шетелдік автоконцернінің ең ірі зауыты ашылды, онда Hyundai және Kia автокөліктері шығарылды. Оған дейін ол жерде Ford, Toyota, General Motors және Nissan зауыттары ашылған-ды. Ресейге келгендер қатарында Mersedes-Benz пен Haval да бар», дейді сарапшылар.

Әрине, Ресейде өндірілген және құрастырылған көліктер Орталық Азия елдеріне, соның ішінде Қазақстанға белсенді экспортталды. Мәселен, 2019 жылы Қазақстанның көлік импор­тындағы РФ үлесі 50 пайызды құрады. 2021 жылы бұл көрсеткіш 40 пайыздай болса, 2022 жылдың қаңтар-сәуір аралығында көрсеткіш 32,2 пайызға дейін төмендеді.

Ресейден автоконцерндердің жаппай кетуі Қазақстанның автонарығына да елеулі әсерін тигізеді. 2022 жылдың қаңтар-маусымында Ресейден әкелінген жаңа көліктер саны 5,4 мыңға жуық болған. Былтырмен салыстырғанда 2,4 есе аз. Renault брендін импорттау бір жылда – 7,6, Mazda – 2,8, Toyota – 2,6, Volkswagen – 2,1, Mitsubishi – 2,1 және Nissan 42,4 пайызға қысқарған. Skoda маркалары жыл басынан бері Қазақстанға мүлде кіргізілмеген. Әзірге РФ-дан Қазақстанға әкелу бойынша өсу қарқынын жоғалтпай отырған жалғыз бренд – Haval. Осы көлікті әкелу былтырмен салыстырғанда 37,4 пайызға артқан.

Логистикалық дағдарыс және құрам­дас бөліктердің тапшылығына қара­мастан Қазақстанда жаңа автомо­бильдер сатылымы небәрі 8 пайызға қысқарды. Қаңтар-маусым аралығында 51,9 мың жеңіл автомобиль сатылған. Сарапшылар нарықтағы жыртықты отандық авто­өндіріс жамап тұр дейді. Жалпы саты­лым­дағы отандық автокөліктер (яғни елімізде құрастырылған) үлесі соңғы бір жылда 62,7-ден 75,9 пайызға көтерілген.

«Ресейден Қазақстанға автокө­ліктердің өзі ғана емес, Lada, Kia, Hyundai, Renault секілді жеңіл көліктердің, сон­дай-ақ GAZ, KAMAZ, URAL секілді коммерциялық автомобильдердің құрам­дас бөліктері импортталған.

«Ресейдегі жағдайдың Қазақстан Республикасының автокөлік нарығына қаншалықты зиян тигізетінін және біздің импорттаушылар мен автокөлік өндірушілердің қаншалықты жауап қайтара алатынын бағалау әлі қиын. Қазір РФ-да 2022 жылы жаңа автомобильдер сатылымының 54 пайызға (2021 жылмен салыстырғанда) күрт құлдырауы күтіліп отыр. Пессимистік сценарий жағдайында құлдырау 67 пайызға дейін жетуі ықтимал. Болып жатқан жағдайлар кезінде Қазақстанның алдына тағы бір міндет шығады – жаңа автомобильдерді РФ-ға кіргізу жайы. Ресейлік БАҚ-тарда Қазақстаннан қалай көлік әкелу мәселесі жиі талқыланып жатыр. Қазір бұл мәселе бойынша қазақстандық алыпсатарлар көмек көрсетуді бастап та кетті. Жол полициясының 2021 жылға арналған есебіне сәйкес, Ресей Федерациясының паркінде 64 млн автокөлік бар. Жаңа көліктердің жылдық сатылымы шамамен 1,5 млн бірлікті құрайды. Бұл ретте Қазақстанның автопаркі небәрі 4,5 млн автокөлікті құрайды, оның 1 млн-ы ғана – жаңа көліктер. Қазіргі жағдайда жаңа көлік паркі Қазақстан Республикасынан Ресей Федерациясына жылдам «кетуі» мүмкін. Бізде ескі көліктер қалады, олар­дың паркі, керісінше, басқа мемлекеттерден әкелінген ұсталған көліктермен толығады», деп жазады Finprom. 

Бұл сөздің жаны бар секілді. Осы­ған дейін көлік тізгіндеу үшін қазақ­стандықтар Ресейге ағылса, енді біртін­деп осынау процесс кері орындала бастамақ. Аналитиктердің айтуынша, Ресейге жаңа көлік сатылымы 70 пайызға дейін құлдырап кеткен, ал баға – қымбат. «Астана» телеарнасы таратқан ақпарға сүйенсек, Татарстан кеденшілері жыл басынан бері 237 көліктің Қазақстаннан әкелінгенін растаған. Былтыр мұндай төрт дерек қана тіркеліпті.

Автонарықты мониторингтеу және талдау орталығының директоры Артур Мискарянның айтуынша, биыл екінші тоқсанда Қазақстан Ресейге 500-ден астам автокөлік жеткізген. Бұл – Ресейге жеткізілген көліктердің үлесінде 2 пайызды құрайтын көрсеткіш. РФ-ға көлік тасымалдаушы басты мемлекеттер – Қытай, Оңтүстік Корея және Жапония. Қазақстан автомобиль бизнесі қауымдастығының болжамынша, 2022 жылы отандық нарықтағы автомобиль сатылымының өсімі 10-15 пайызды құрайды.