Тағайындау • 05 Қыркүйек, 2022

Қайрат Қамзин Балқаш қаласының әкімі болып тағайындалды

691 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Балқаш қаласының әкімі болып бұған дейін Қарағанды облыстық  құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы қызметін атқарған Қайрат Қамзин тағайындалды, деп жазады Egemen.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қайрат Қамзин Балқаш қаласының әкімі болып тағайындалды

Өңір басшысы Жеңіс Қасымбектің Балқаш қалалық мәслихатының кезектен тыс сессиясында ұсынған жаңа әкімнің кандидатурасын жергілікті депутаттар бірауыздан мақұлдады.

Қайрат Амангелдіұлы Қамзин 1976 жылы дүниеге келген. Екі жоғары білімі бар: 1998 жылы Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін «Машина құрылыс технологиясы» мамандығы және 2009 жылы Қарағандының «Болашақ» университетін «Қаржы» мамандығы бойынша тәмамдады.

Мемлекеттік қызметте 2005 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Түрлі лауазымдарды атқарған: Техникалық реттеу және метрология комитетінің Қарағанды облысы бойынша басқармасының жетекші маманы, кейін Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру және кадр жұмысы бөлімінің бас маманы болды.

2007-2010 жылдары Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің бас маманы, бөлім бастығы болып жұмыс істеді.

2010-2012 жылдар аралығында облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарды.

2012 жылдың желтоқсан айынан 2021 жылдың наурыз айына дейін Приозерск қаласының әкімі болды.

2021-2022 жылдары Қарағанды облыстық Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы – Қарағанды облысының бас мемлекеттік құрылыс инспекторы болып қызмет етті.

Осы тағайындауға дейін ол Қарағанды облыстық  құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы қызметін атқарып келді.

Ал қаланың бұрынғы әкімі Ораз Тәуірбеков басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылды.