Оқиға • 05 Қыркүйек, 2022

Қостанай облысында өртенген ауылдардан 1 841 адам эвакуацияланды

4068 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Төтенше жағдайлар министрлігі Қостанай облысындағы табиғи өрт бойынша 5 қыркүйек сағат 13.00-дегі жедел ақпаратты жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қостанай облысында өртенген ауылдардан 1 841 адам эвакуацияланды

«Өрт сөндіру орман аймағында 5 учаскеде (Аманқарағай, Лесное, Озерное, Бағаналы және Калинино ауылдары ауданында) жүргізіледі (жиегінің жалпы ұзындығы 5 км). Барлығы 91 тұрғын үй зардап шекті: Аманқарағай ауылында 85 және Озерный ауылында 6.

Өртті сөндіруге 224 бірлік техника, 7 әуе кемесі,  5 өрт сөндіру пойызы, жеке құрамнан 2193 адам күштер мен құралдар жұмылдырылды. Сондай-ақ өртті сөндіруге және қоғамдық тәртіпті сақтау үшін ІІМ жеке құрамынан қосымша 300 адам жұмылдырылды», делінген баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

о

ҚР ТЖМ мәліметі бойынша, 10 адам (5 адам, оның ішінде бір кәмелетке толмаған адам, орман шаруашылығының 1 қызметкері, әкімдіктің 1 қызметкері, ТЖМ 3 қызметкері) жарақат, күйік алып, жеңіл және орташа ауырлықтағы улану оқиғаларына ұшырады, 1935 жылғы туған бір адам қаза тапты.

«Су құю құрылғылары үшін тікұшақтармен су алу табиғи су қоймасынан 25 км қашықтықта жүргізіледі. Өрт сөндіру жұмыстары басталғалы бері әуеден 109 рет су шашылды. «Қазгидромет» РМК деректері бойынша 5 қыркүйекте Қостанай облысы Әулиекөл ауданының аумағында жоғары температура 31 градусқа дейін сақталады, желдің жылдамдығы секундына 7 метрге дейін жетеді.

4 қыркүйекте өрт аумағы 43 мың гектардан асты, орман шаруашылығының жалпы ауданы 107 257 га. Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Озерное ауылынан (250 адам), Аманқарағай ауылының солтүстік бөлігінен (1000 адам), Калинино ауылынан (228 адам) және Лесное ауылынан (363 адам) жалпы барлығы 1841 адам эвакуацияланды», делінген хабарламада.

Желдің күшеюіне байланысты өрттің орман алқабынан Бағаналы ауылына көшу қаупіне байланысты Бағаналы ауылын қорғауға күштер мен құралдар топтастырылды. Қазіргі уақытта екі өрт ошағы жанып жатыр. Жергілікті атқарушы органдар Бағаналы ауылынан 11 адамды, оның ішінде 2 баланы Қазбасы ауылына эвакуациялады.

Оқиға орнында ТЖМ 10 бірлік техника, жеке құрамнан 52 адам, 4 әуе кемесі (ТЖМ-3, ҚМ-1), ЖАО 5 бірлік техника, 14 адам, ҚМ 9 бірлік техника, ҰҰ 400 адам жұмыс жасауда.

ТЖМ мен Қостанай облысының ТЖД жедел желі жұмыс істейді, психологтар жұмысы ұйымдастырылды. ТЖМ жедел желісіне ақпараттық сипаттағы 34 қоңырау келіп түсті.

57 адамға және топтық жұмыс форматында 45 балаға консультативтік көмек көрсетілді.

Новонеженка ауылында ҚР ТЖМ 52859 әскери бөлім күшімен зардап шеккен халықты қабылдау үшін палаталар тігілді.