Аймақтар • 05 Қыркүйек, 2022

Жайық жағасындағы жатақхана

414 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жаңа оқу жылы қарсаңында Орал қаласында колледж студенттері үшін 150 орындық жатақхана пайдалануға берілді. Жеке инвестордың қаражатына салынған жаңа ғимараттағы орын ақысы қолжетімді.

Жайық жағасындағы жатақхана

Өткен ғасырда білім алғандар жатақ­ханада тұрмаса, толыққанды студенттік өмірді көрген саналмайтын. Дулы, шу­лы жатақхана өмірінің қызықтығы сон­дай, қалада үйі немесе етжақын туыс­қаны бар қыз-бозбаланың өзі студенттер үйін жағалап жүруші еді...

Жатақхана – тек студенттер баспанасы емес, тәлім мен тәрбиенің де бесігі ғой. Кейінгі жылдары жатақхана тапшы болып, студент атаулы пәтер жағалап кеткенде, жас ұрпақтың басым бөлігі қадағалаусыз қалғаны рас.

Бұл мәселенің аса өзекті болып, мем­лекеттік деңгейге жеткені сондай, 2018 жылы тұңғыш Президент Н.Назарбаев бес әлеуметтік бастама көтеріп, елге үн­деу жасады. Мұндағы 5 мәселенің бірі – дәл осы жатақхана еді. Бұл тапсырма Батыс Қазақстан облысында қалай жүзеге асты?

«Біздің өңірде бұл бағдарлама бойын­ша 4 жатақхана құрылысы жос­пар­ланған болатын. 2020 жылы Ба­тыс Қазақстан жоғары медициналық кол­леджі студенттері үшін 144 орындық жатақхана пайдалануға берілді. 2021 жылы Батыс Қазақстан индустриалдық колледжінің студенттері үшін «Орал трансформатор зауыты» аумағындағы ғимарат жаңғыртылып, студенттер игілігіне ұсынылды. Бүгін, міне, Орал политехникалық колледжі сту­дент­теріне арналған 150 орындық жатақ­хананың тұсауын кесіп отырмыз. Ал 2023 жылы Махамбет Өтемісұлы атын­дағы Батыс Қазақстан университеті студент­теріне арналған 500 орындық жатақхананы пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз», дейді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Жаңа оқу жылы қарсаңында, Консти­туция күніне орай ашылған жатақхана Абай даңғылының бойында орналасқан. Мұнда Орал политехникалық колледжі ғана емес, жақын маңдағы өзге де кәсіп­тік білім беру ұйымдарының студент­тері де жата алады. Өңірге белгілі «Бо­лашақ-Т» құрылыс компаниясы 604,453 млн теңге жұмсап, өз қаражаты есебінен салған бес қабатты ғимараттың аумағы 3 972,48 шаршы метрді құрайды. 2021 жылдың мамыр айында басталған құ­ры­лыс бір жылдан аса уақытта жас тұрғындарын қабылдауға дайын болған. Мұнда білім алуға келген студент үшін барлық жағдай жасалған. Қараңыз, жатақхананың бірінші қабатында ас үй, 24 орынға арналған буфет, изоляторы бар медициналық кабинет, тренажер залы, кезекші оқытушылар мен комендант бөлмесі, сондай-ақ тұрмыстық қызмет, жеке заттарын сақтауға арналған бөлмелер орналасқан. 1-5 қабаттарда орналасқан студент бөлмелері екі адамға тұруға арналған. 2 және 3 бөл­ме­лік осындай блоктардың саны 34 екен. Мұндағы әрбір тұрғын блок ас-үй жиһазымен, тамақты жылытуға және дайындауға арналған электр плитасымен, тоңазытқыштармен, түскі ас үстелімен, санитарлық тораппен және жуыну бөлмесімен жабдықталған.

Бұған қоса әр қабатта жастардың сабаққа дайындалатын және тұрмыстық қызмет көрсетуге арналған бөлмелері бар. Мұндағы әрбір бөлмеде кереует, орындық, үстел, киім-кешекке арналған шкаф, кітап сөресі дайын тұр. Сабаққа дайындалатын бөлмеде компьютерлер, тұрмыстық қызмет бөлмелерінде кір жуатын машина, үтік секілді қажетті құрал-жабдықтың тұрғанын айта кетейік. Ал ғимаратқа кірер жерде бейнебақылау камерасы қойылып, турникет орнатылған. «Нысанды күзетуге арнаулы күзет агенттігімен шарт жасалады», дейді жатақхана коменданты.

Батыс Қазақстан облысында 700-дей студент жатақханаға мұқтаж екен. Өңірдегі демографиялық ахуал да жыл сайын оң динамика көрсетіп отыр. Яғни алдағы жылдары оқушы жастар көбейіп, студенттер саны да артары анық.

– Біздің қаржы орталығының мәлі­ме­тінше, былтырдан бастап мектеп бітірушілер саны айтарлықтай өскен. Мәселен, биыл 5 672 оқушы мектеп бітірсе, 2025 жылға қарай бұл көрсет­кіш 6 500-ге жетуі мүмкін. Бұл мәсе­лені шешу үшін мемлекеттік мекемелерден бөлек, заңды тұлғалардың же­ке қаражаты есебінен студенттерге арналған жатақхана салып, табыс ала алатын механизм әзірленді. Яғни жобаға қатысуға ниет білдірген құры­лыс мекемесі өз қаражатына нысан салып, пайдалануға берген соң 8 жыл ішінде әрбір төсектік орын үшін мемлекеттен төлем алады. Бұл төлемнен бөлек, инвестордың өзі коммерциялық кеңістіктен қосымша табыс ала алады, яғни жатақхана базасында асхана, шаштараз және басқа да шаруашылық нысандарын ашу мүмкіндігі қарастырылған. Бүгін міне, Орал политехникалық кол­леджі студенттері үшін «Болашақ-Т» компаниясы 150 орындық жатақхана құрылысын аяқтады. Өз жеке инвес­тициясы есебінен жатақхана салған компания басшылығына жастарға деген қамқорлығы үшін алғысымды білдіремін. Ақжайық жастары үшін бұл үлкен сый деп білемін, – деді облыс әкімі Ғ.Есқалиев.

Салтанатты жиында мердігер компания басшысы Асқар Қошанов та сөз сөйлеп, студент жастарды жаңа баспанамен құттықтады. Ал студенттер үйінің тұсауын кесу білім беру саласының арда­гері, Орал политехникалық коллед­жінде ұзақ жыл директор болған, қазір­гі таңда облыстың білім саласы қызмет­керлері ардагерлер кеңесінің төрағасы Қанат Қырықбаевқа берілді. Осындай тамаша оқиға Ел Президенті Қасым-Жо­март Тоқаев жариялаған балалар жылы аясында өткізіліп отырғаны айтылды.

Міне, қыркүйек келді, барлық білім ордаларында сабақ басталды. Биыл пәтер жалдап, үй иесінің қас-қабағына қарайтын оралдық студенттердің саны 150-ге азайды. Бұл – үлкен қуаныш. Олар енді алаңсыз білім алатын болады.

 

Батыс Қазақстан облысы