Қоғам • 06 Қыркүйек, 2022

Сарытүбектен Ыстанбұлға дейін...

318 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының ту­ған күні – 5 қыркүйекте танымал велошабандоз, жур­налист Ернат Мелсұлы Ахаң туған Торғай же­рін­дегі Сарытүбектен Ыстан­бұлға белесебетпен жол­ға шықты. Бұл халықаралық велошеруді ол ұлы тұлғаның ЮНЕСКО көлеміндегі 150 жыл­дық мерейтойына арнап отыр.

Сарытүбектен Ыстанбұлға дейін...

Бұған дейін «темір атымен» талай белесті бағын­дырған Ернат Мелсұлы осы жолғы велошеруін Ахмет атамыз туған топырақтан бастап, Әзербайжан мен Грузияны басып, сапарын Түркияның Ыстанбұл қаласындағы атақты таэквондошы Мұстафа Өзтүріктің зиратына тәу етуімен түйіндемек.

«Велошеруге жалғыз шығып барамын. 55 күнде 5555 шақырымды еңсерсем деп ойлаймын. Бұл сапарымда ұлт ұстазын ұлықтаумен бірге еліміздің Әзербайжан, Грузия, Түркиямен арада дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толуын насихаттап, өз үлесімді қоссам деймін. Сондай-ақ Баку, Тбилиси, Анкара, Ыстанбұлдағы Абай атамыз атындағы көшелерді көзбен көріп, сондағы ақын ескерткішіне тағзым етуді жоспарлап отырмын», деді велошабандоз.

Айта кетейік, биылғы жыл басында Ернат Мелсұлы ұлт ұстазының айтулы мерейтойына арнап «150 жылдыққа – 150 шақырым» атты қысқы веломарофон өткізіп, елордадағы Триатлон паркінде елу айналым жасап, 150 шақырымды еңсерген еді. Ол еліміздегі алғашқы қысқы марофон ретінде Қазақстанның рекордтар кітабына тіркелді.