Аймақтар • 06 Қыркүйек, 2022

Батысқазақстандық балаларға – 56 автобус

687 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Білім күнінде Батыс Қазақстан облысындағы оқушыларды мектепке тасу үшін су жаңа 9 автобус тарту етілді. Алдағы екі ай ішінде барлығы 56 автобус балалар игілігіне берілмек.

Батысқазақстандық балаларға – 56 автобус

Суретті түсірген Гүлмира СӘРСЕНҒАЛИЕВА

Бұл автобустар ауылдық жерде тұратын, мектепке бару үшін алыс жол жүруге тура келетін оқу­шыларға арналған. Балалар жылына орайластырылған игі іс республикалық бюджеттік ко­мис­сиясының шешіміне сәйкес атқарылып отыр.

Өңірде өз мектебі жоқ 73 елді мекенде 4 062 бала тұрады. Олар білім алуы үшін күн сайын әр жердегі 56 мектепке көлікпен жеткізіледі. Міне, осы балаларды тасымалдау үшін лизинг арқылы жаңа автокөліктер алынған.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды Балалар жылы деп жариялаған болатын. Еліміздің ертеңін қалай­тын жасөспірімдердің сапалы білім алуы және қауіпсіздігін қам­тамасыз ету үшін қолайлы жағ­дай жасауымыз қажет. Осы орай­да, оқушыларды мектепке күн­делікті тасымалдауды сапалы ұйым­дастыру және автокөліктерді жа­ңарту мақсатында облысқа жаңа 56 автобус беріледі. «ПАЗ» маркалы автобусын Ақжайық, Бәйтерек, Жаңақала, Қазталов, Сырым аудан­дары­ның мектептеріне салта­натты түрде та­­быстай­мыз. Жаңа көліктер оқу­шы­ларымыздың игілігі үшін қыз­мет етсін! Оқу жылы табыс­ты болсын! – деді облыс әкімі­нің орынба­сары Бақытжан Нарымбетов.

Бүгінде жаңа автобустардың екеуі Сырым және Жаңақала аудандарына жеткізілді. Бәйтерек және Ақжайық ауданына – екеуден, Қазталов ауданына үш автобус бұйырды. Бұл – 21 орындық ПАЗ маркалы автокөліктер.

– Автобустарды лизинг арқы­лы сатып алу үшін жалпы кө­ле­мі 2 млрд 799 млн 599,7 мың тең­­ге бөлінді. Қалған 45 авто­бус қа­раша­ның аяғына де­йін жет­­кі­зіледі деп жоспарлану­да, – деді облыстық білім басқар­ма­­сы­ның бөлім басшысы Луара Батыр­ғалиева. Айта кетейік, мек­теп жасын­дағы балаларды тасы­мал­дауға арналған бұл автобустар 56 мек­тептің құзырына беріледі.

 

Батыс Қазақстан облысы