Аймақтар • 06 Қыркүйек, 2022

Қостанайдағы орман өрті: 4 күнде не өзгерді?

1138 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Алты Алаш Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын атап өткелі жатқан тұс. Дүйім жұрттың назары әне-міне дегенше Торғайға ауатын сәті. Тіпті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де осы өлкеге арнайы бармақ болған.  Бірақ 2 қыркүйекте басталған Әулиекөлдегі өрт 3 қыркүйекте орманға тиіп бұрқ ете қалды.

Қостанайдағы орман өрті: 4 күнде не өзгерді?

Коллажды жасаған автор

Сол күні түс ауа отандық БАҚ-та «3 қыркүйек күні сағат 16:15-тен бастап Қостанай облысындағы орман өртіне және жолдағы көру деңгейінің нашарлауына байланысты «Қостанай-Әулиекөл-Сұрған» тасжолы барлық көліктер үшін жабылды», деген хабарламалар жариялана бастады. 

Бұл өртті жыл сайын болатын оқиғаларға ұқсатқанымыз рас. Барынша жылдам сөндіріледі деп те ойладық. Бірақ бәрі біз ойлағандай болмай шықты. Жауапты сала өкілдерінің қауқарсыздығы ма, жоқ әлде екілене соққан желдің екпіні ме жалын бой бермей қойды. 

Бұл кезде өрт ошағына жақын, орманды жағалай орналасқан ауыл халқы ғана үрейленіп жатқан. Кейін олардың ауылдарын түтін басып, тыныс алу қиындап кеткен.

ж

Жағдайдың бұлай ушығыуна күшті желдің екпіні әсер еткен. Салдарынан тілсіз жау «Семиозер» орман шаруашылығы басқармасы КММ-і аймағын шарпыған. 

ж

Осы кезде өрт 2000 гектар аумаққа жайылған. Әлеуметтік желілерде ормандағы өртке қатысты пайда бола бастаған бірінші фото-видеолар осы кезде түсірілген. 

«Қостанайға келе жатқан кезде көкке көтерілген түтінді алыстан көрдік. Жақындай бере бір сұмдықтың болып жатқанын сездік. Жолды жауып тастапты. Көлікті жол жиегіне қалдырып алапат өртке көз сүзе қарағаннан басқа қолымыздан келер қайран болмады», дейді жақынының тойынан келе жатқан Жанат Шайхығали есімді қала тұрғыны. 

н

Көп ұзамай оқыс оқиға жайлы хабар Президенттің құлағына жетті. Ал Төтенше жағдайлар министрі Қостанай облысына арнайы барды. Ертесіне Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қостанай облысына іс-сапары жоспарланғанын бәрі біледі. Әрі өрт те алқымнан алып бара жатты. Сондықтан да құтқарушылар барынша тезірек тілсіз жауды ауыздықтап, қауіптің алдын алу керек болған.

Осы мақсатта Қостанай облысындағы өртті жою жөніндегі жедел штаб құрылған еді. 

Соған қарамастан өрттің бой берер қалпы байқалмады. Экология министрлігі Озерный ауылында 50-ге жуық үйдің өртеніп кеткені жайлы ақпарат жариялады. Іле қауіпсіздік үшін ауыл тұрғындары эвакуацияланды. 

л

«Қазгидромет» РМК мәліметі бойынша, сол күні  Қостанай облысында температура бағанасы +38°С дейін көтеріліп, желдің жылдамдығы 23 м/с дейін жеткен. 

Бұл нағыз жығылғанға жұдырық болды. Жағдайды бақылап отырған Президенттің Қостанай облысындағы өртті жою жөніндегі жедел штабқа арнайы баратыны хабарланды. Сол күні өртке қарамастан Қасым-Жомарт Тоқаевтың Торғайға баратыны жайлы ақпарат тараған еді. Бірақ өршіген өрттің елді мекендерге жетіп, халықтың баспанасы отқа оранып жатқанда іс-шара өткізу орынсыз болар еді. Сол себепті Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған мерейтойлық шаралар кейінге шегерілді. 

п

Оған дейін Қостанай облысының Әулиекөл ауданында орман өртін сөндіру жұмыстары жалғасып жатқан болатын. Өрт ошағына жақын жердегі ауылдарда тұратын 1 841 адам қауіпсіз жерге көшіріліп үлгерді. 

Әуелде өртті сөндіруге жеке құрамнан 235 адам, 32 бірлік техника, 3 әуе кемесі, 3 өрт сөндіру пойызы жұмылдырылды.

Сағат 18:00-дегі жағдай бойынша ТЖМ-ға тиесілі 2 тікұшақ өртті сөндіру үшін 12 рет әуеге көтеріліп, 36 тонна су шашты. Тікұшақтар суды өрт болып жатқан жерден 25 шақырым қашықтықта орналасқан  табиғи су қоймасынан алып отырған.

Метеорологиялық жағдайдың күрделенуіне байланысты өрт аумағы 3000 гектардан асып кеткені жайлы да айтыла бастады.

Жалпы ауданға қарасты Озерное ауылынан 250 адам және Аманқарағай ауылының солтүстік бөлігінен 1000 адам, Калинино ауылынан 228, Лесное ауылынан 363 адам эвакуацияланды. Сағат 17:20-да Аманқарағай ауылындағы мұнай базасына да қауіп төніп тұрды. Бақытымызға орай, өрт сөндірушілер арнайы пойыздардың көмегімен алапат апаттың бетін қайтара алды.

ТЖД мамандары көп созбай өрт кезінде көмекке мұқтаж адамдар үшін жедел желі телефондарын іске қосты.

Бұл аралықта «Қостанай-Әулиекөл-Сұрған» тасжолында көлік қозғалысы қайта жанданған еді.

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов,  Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, Премьер-Министр Әлихан Смайылов жағдайды Президентке баяндап отырды. Мемлекет басшысы оларға азаматтардың қауіпсіздігін сақтай отырып, өртті сөндіру шараларына басымдық беруді бұйырды. Сондай-ақ Үкіметке төтенше жағдайдың салдарын жою үшін қажетті қаражат бөлу туралы тапсырма берді.

Осыдан кейін түнделетіп Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Қостанайға қарай жолға шықты. 

Қостанай облысының әкімі орман өрті салдарынан қауіпсіз жерге көшірілген тұрғындардың қасында болды. Олардың жағдайларымен танысып, сауалдарына жауап берді. Бұл қатарда Төтенше жағдайлар министрі де болды.

«Шығын есептеліп, әрбір отбасыға көмек көрсетіледі», деді Архимед Мұхамбетов Президент тапсырмасы жайлы баяндап.

д

Орман өртін сөндіру жұмыстары келесі күнге дейін үздіксіз жалғасты. Түні бойы өрт сөндірушілер ұйықтамастан отпен арпалысып шыққан. Өкінішке қарай, 4 қыркүйекте Төтенше жағдай министрінің қатысуымен өткен брифингте бір адамның өрттен қайтыс болғаны айтылды.

«1936 жылы туған азаматқа учаскелік инспектор эвакуация жайлы хабардар еткен, бірақ марқұм эвакуациядан бас тартқан. Адам өлімі бойынша тергеу жұмыстары жүріп жатыр», деді ТЖМ басшысы Юрий Ильин.

Сондай-ақ ол Нұр-Сұлтан қаласынан және Ақтөбе мен Солтүстік Қазақстан облыстарынан көмек жіберілгені жайлы мәлімдеді.

щ

Содан кейін «Аманқарағай және Озерное ауылдарындағы өрт оқшауланды. Қазіргі сәтте жеке ошақтарды сөндіру жүргізілуде» деген көңіл жұбатарлық жаңалықтар да шыға бастады.

Министр Юрий Ильин журналистерді жағдайдан хабардар етіп отыруды ұмытпады.

«Орман шаруашылығына тиесілі 106 мың гектар орман қорының  43 мың гектар аумағын өрт шалды. 8 жерде өрт әлі де лаулап тұр. Бұл учаскелерде өрттің өршіп кету қауіпі бар. Жалынның елді мекендердегі тұрғын үйлерге таралуын болдырмау үшін үш жауынгерлік учаске құрылды. Орман алқабындағы өртті сөндіру үшін қосымша әуеден су төгетін қондырғымен жабдықталған тікұшақтар тартылады. Қазіргі уақытта үш әуе кемесі өртті сөндіруге көмектесіп жатыр», деді министр.

Осы күні облыста жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды.

«Бүгін 108 ғимарат зардап шекті, оның ішінде 98 үй толығымен өртенді. Қазір басты міндет - өртті толығымен ауыздықтау.  Ірі кәсіпорындар мен шағын бизнес шет қалмайды және зардап шеккендерге барлық жағынан көмектеседі. Жақын күндері жұртшылық барлық азаматтар қолдау көрсете алатын қор ашуды жоспарлап отыр», деген әкімдік хабарламасы тарады.

5 қыркүйекте Egemen Qazaqstan газетінің Қостанай облысындағы меншікті тілшісі Нұрқанат Құлабаев «Өрттен төнген қауіп сейіліп келеді» мақаласын жариялады.  Онда бірнеше жерден шыққан өрттің оқшауланып, 2000-ға жуық өрт сөндірушінің жұмыс істеп жатқанын жазған. Сонымен қатар өрттен зардап шеккендерге Қазақстан азаматтарынан, аймақтардан гуманитарлық көмек жіберіліп жатқанын сөз еткен.

щд

Дәл осы күні Президент Төтенше жағдай жарияланған аймаққа арнайы барды. Қостанай облысында болған өртті сөндіру жөніндегі шұғыл әрекет ету штабының отырысын өткізді. 

шо

«Зардап шеккен азаматтардың бәріне қажетті көмек беріледі. Олар қауіпсіз жерге көшірілді. Менің тапсырмам бойынша Үкімет тиісті мәселелерді шешу жұмыстарымен айналысып жатыр. Көмек көрсетілетіне ешқандай күмән болмауға тиіс», деді Мемлекет басшысы.

Баспанасыз қалғандар үшін 2-3 ай көлемінде бұрынғыдан да жақсы үйлер салып беретінін айтты.

ш

Кәсіпкерлер палатасы жергілікті бизнесмендердің де жағдайын шет қалдырмайтын болды.

Осы сапар барысында Президент кейінге шегерілген Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы өз деңгейінде аталып өтілетінін айтты. Сондай-ақ Торғай жеріне арнайы баратынын мәлімдеді.

«Расында, бұл – үлкен шаруа. Зардап шеккен азаматтардың бәрі үш айдың ішінде баспаналы болады деп уәдемді бердім. Оған күмәнім жоқ. Ол – бір. Екіншіден, Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына қатысты. Ең алдымен, осы мәселені шешейік. Содан кейін амандық болса, осы бір қасиетті жерге келіп, Ахмет Байтұрсынұлы бабамыздың рухына тағзым етіп, тойды өткіземіз», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Абырой болғанда, 6 қыркүйекте елді мекендерге төнген қауіп жойылды. Жедел штаб аздап жауған жаңбырдан қоршаған ауаның ылғалдылығы артқанын жеткізді. Ал бүгінге дейін 91 үй өртеніп кеткен, 11 адам түрлі деңгейде жарақат алған. Жоғарыда айтып өткеніміздей, егде жастағы бір кісі қаза тапқан. 

Әлі де сөндірілмеген өртті өшіруге 224 техника, 7 ұшақ, 5 өрт сөндіру пойызы және 2193 адам жұмылдырылған. 

з

Айта кетейік, Қостанай облысы әкімінің 2022 жылғы 5 қыркүйектегі шешімімен Әулиекөл және Қарасу аудандарында жергілікті ауқымдағы табиғи төтенше жағдай жарияланып, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде тіркелді. 

Ал дәл қазір өрт сөндіру жұмыстары әлі жүріп жатыр. Сондай-ақ өрттен задап шеккен тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстары басталып кетті.