Қазақстан • 06 Қыркүйек, 2022

Қазақстаннан қаржы алып өтпек болған шетелдік анықталды

231 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2022  жылдың 5 қыркүйегінде Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің «Қапланбек» кеден бекетінің қызметкерлері 25 000 АҚШ долларын Өзбекстанға алып өту фактісінің жолын кесті. Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Қазақстаннан қаржы алып өтпек болған шетелдік анықталды

Кедендік тексеру барысында Қазақстан Республикасынан Өзбекстан Республикасына өту бағытындағы жолаушылар терминалында «Rapiscan» рентгентелевизиондық құрылғы арқылы қол жүгін тексеру кезінде «А» есімді 2003 жылы туған өзбекстандық азаматтан 25 000 АҚШ доллары анықталды.

Күдіктінің үстінен әкімшілік іс қозғалып, іске қатысты материалдар Сарыағаш аудандық мамандандырылған әкімшілік сотына процессуалдық шешім қабылдау үшін жіберілді.

Мемлекеттік кірістер комитеті шетелге шығуды жоспарлаған азаматтарға Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын сақтау қажет екенін еске салды.

«Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 14 наурыздағы № 830 Жарлығымен Қазақстан Республикасынан:

  • 10 000 (он мың) АҚШ доллары баламасынан асатын және әкету күніне белгіленген ҚР Ұлттық банкінің бағамы бойынша есептелген сомадағы қолма-қол шетел валютасы және (немесе) шетел валютасындағы ақша құралдарын;
  • ҚР Ұлттық Банкі шығаратын 5, 10, 20, 50 және 100 грамм аффинирленген алтын құймаларын және «ALTYN BARYS» алтынынан және «KÚMIS BARYS» күмісінен жасалған инвестициялық монеталарды, сондай-ақ 100 грамнан астам аффинирленген алтынды әкетуге тыйым салынғанын еске саламыз», делінген ведомство ақпаратында.