Сұхбат • 06 Қыркүйек, 2022

Ғалым Ахмедьяров: Жаңа маусымда жаңалық көп

345 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Астана Опера» үшін маңызды күн таяп қалды – 9 қыркүйекте театрдың Х мерейтойлық маусымы басталады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» театрының директоры Ғалым Ахмедьяров елімізден тыс жерде де танымал болып үлгерген шығармашылық ұжымның көрермен қауымға не дайындағаны туралы айтып берді.

Ғалым Ахмедьяров: Жаңа маусымда жаңалық көп

– Театр мерейтойы құтты бол­сын! Іргесі қаланғаннан бергі 10 жыл ішінде «Астана Опера» тек еліміз ғана емес, әлем тамсана көз тігіп, әр жаңалығын қалт жібермей бақылап отыратын өнер­дің үлкен ордасына айналды. Жетістіктің басты кілті неде деп ойлайсыз?

– Рахмет. Рас, театрдың жетіс­тікке жетуі тек бір немесе бір­не­ше адамға тиесілі еңбек емес, бұл – тұтас ұжымның маңдай тері мен қажырының арқасында бағын­ды­рылатын биіктік. Сондықтан да мерейтой қарсаңында театрдағы барша әріптесіме алғыс айтқым келеді. Ашығын айту керек, даңқ шыңына шығу және сол деңгейді ұстап қалу шын мәнінде өте қиын. Біз алғашқы ашылған күннен бастап елімізде ғана емес, бүкіл әлемде өзімізді таныту жолында көп жұмыс істедік, әлі де ізденісіміз іргеленбесе, титтей де тоқтаған жоқ. Оның әрқайсысын жеке-жеке тарқатып ұзақ уақыт айтуға болады. Бірақ соның ішінде негізгі жетістіктеріміздің бірі – біз әлемдік мәдени қауымдастыққа кірдік, шетелде танымал бола бастадық. Біздің театр Еуропа, Америка, Канададағы әлемдік турне аясында таныстырылды.

Менің ойымша, осы онжыл­дық ішінде жүзеге асқан ең қы­зық­ты жобалардың және бірі – «Астана Опера» бас дирижері Алан Бөрі­баевтың жетекшілігімен еліміздің түкпір-түкпірінен келген 1 200 музыкант пен вокалистің орындауын­да­ғы Малердің №8 симфониясы­ның біздің театрдағы премьерасы болды. Концерт «Экспо-2017» кезінде өтті. Ол әртістеріміздің орын­даушылық әлеуетін көрсе­тіп қана қоймай, сондай-ақ көрермен­дер аудиториясының асқақ клас­сикаға деген қызығушылығы мен зияткерлік деңгейін де растады. Сол жылы 38 миллион аудиториясы бар әйгілі француздық «Меццо» телеарнасының осы аталған біре­гей жобаның жазбасын 3 ай бойы таратуы да театрымыз үшін зор мақ­таныш.

Одан бөлек, Пласидо Домин­гоның ше­шімі бойынша «Пласидо Доминго опералиясы» халықаралық опера әншілері байқауының ширек ғасырлық мерейтойы біздің театр­да өтті. Мұнда «Ла Скала» театры заманымыздың көрнекті дириже­рі Зубин Метамен бірге гастроль­дік сапармен келіп, көрерменге өз өнерлерін паш етті. Сондай-ақ театр ішінде Astana Opera Халықара­лық опера академиясы құрылып, «Хор» және «Балет» сияқты екі бө­лімі бар балалар театр студиясымен бір­ге театрымыздың болашағы үшін өте маңызды театр қолөнерін оқыту студиясы жұмыс істейді. Елор­дамыздың беделді концерттік алаңдарының бірі – Күләш Бай­сейітова атындағы Камералық зал­дың белсенді жұмысы да көңілге зор қуаныш сыйлайды. Атап айтсақ, осыдан бірнеше жыл бұрын мұнда Piccolo театрының перспективалық жобасы іске қосылды, онда опера-буффа жауһарлары орындалады.

Әлбетте, мұның барлығы бір-ақ күн­де істеле салған жұмыс емес. Аталған жетіс­­тіктерге жету үшін алдымен опера, балет труп­пасын, хор, оркестр, яғни шығар­­машылық, техникалық құрамды қалып­тастыру қажет болды. Ал бұл – өте ауқымды жұмыс. Ең алдымен, біз жоғары деңгейдің бағдарына айнала алатындай бірегей жолды, кейіннен үлкен табысты нәтижелер әкелген белгілі бір шығармашылық дең­гейді табу үшін театр өнерінің көр­некті қайраткерлерін ынтымақтастық­қа тартуға күш салдық. Ол үшін әуе­лі шығармашылық құрамға білік­тілігі жоғары кәсіби мамандар – сценографтер, суретшілер, режиссерлер, дирижерлер мен балет­­мейстерлерді тартып, олармен ынты­мақтаса жұмыс істеуге ұмтылдық. Соның нәтижесінде ­үздік қойылымдарымыз сахнаға жол тартып, жемісті жобалар жүзеге асты. Олардың қатарында италиялық режиссер Пьер Луиджи Пицци, ита­лиялық сценограф әрі костюмдер бойынша суретші Эцио Фриджерио, «Оскар» сыйлығының лауреаты Франка Скуарчапино, Алтынай Асылмұратова, Алан Бөрібаев және басқалар бар. Мұндай тұлғаларсыз шығар­машылық атмосфера құру және орын­даушылық шеберліктің жоғары деңгейіне қол жеткізу қиын.

Біз шығармашылық құрам­ның, репер­туардың негізін қаладық, ­бұл елор­да­мызда белгілі бір мәдени орта қалып­тас­ты­руға ықпал етті. Сондықтан да бүгін­де біз елор­да­дағы жаһандық деңгейде мойын­далған музыкалық-театрлық өнердің ірге­тастын орнаттық деп сеніммен айта аламыз.

– Шығармашылық ұжым – ерекше ағза, театрларыңыздағы ішкі ахуал қандай?

– Мұнда жайлы атмосфера орын алған, әртістер жұмыспен шұ­ғылдануда. Үлкен жобалар іске асырылып, премьералар болғанда ғана театр дамиды, шығармашы­лық орта қалыптасқанда өмір қыза түседі. Мен түрлі ұжымдарда жұмыс жасап, жолым болған адаммын, алайда «Астана Опера» – ерекше орын, ғажайып өнер әлемі, мұнда мерекелік күйді шындап сезінуге болады. Спектакль сәтті шыққанда шынайы қуанамын, ал егер бір нәрсе ойдағыдай болмай жатса, көңілім түседі, себебі бірінші кезекте мен үшін маңыздысы көрермендердің қабылдауы және көркемдік нәтиже. Бұл тек бір маусымның ісі болып қана қоймай, театр репертуарында ұзақ жылдар бойы сақталады.

– Мерейтойлық маусымда кө­рермен қауымды қандай қызық­тар күтеді?

– Жаңа маусымда жаңалық көп. Ең бастысы, бұл маусымды маз­мұнды да қанық етуге тырыс­тық. 9 қыркүйек күні әлемдік опера сахнасының жұлдызы, «Грэм­ми» сыйлығының лауреаты, соп­рано Суми Чоның (Корея) қаты­суымен өтетін концертпен жаңа мерейтойлық маусымымыздың шы­мылдығы түріледі. Сондай-ақ шығармашылық ұжым Мәдениет және спорт министрлігінің қол­дауы­мен өтетін алдағы премьера­лар­ға да қызу дайындық үстінде. Атап айтсақ, олар – Раймондо Ре­бек­тің қойылымындағы Сергей Прокофьевтің музыкасына жазылған «Күлбике» заманауи балеті, Юрий Александровтың қойылымындағы Балнұр Қыдырбектің «Қалқаман – Мамыр» опера-балеті және Жолан Дәстеновтің музыкасына режиссер Еренбақ Тойкенов қойған «Қаңбақ шал» балаларға арналған операсы. Сондай-ақ жақын күндері «Астана Опера» өзінің «Жібек жолы» халық­аралық фестивалін өткізеді. Оған қазақстандық және шетелдік опера және балет жұлдыздары қатысады, сонымен бірге әлемдік театр сыншылары келеді деп жоспарлануда.

– «Астана Операдағы» жұмы­сыңызда сіз үшін ең басты құн­ды­лық не?

– Күрделі сұрақ. Мен үшін театрдың әр жетістігі – мереке. Десе де театр мен көрер­мен бір-бірімен етене байланыс­ты болғандықтан әрі театрдың ұйымдас­тыру­шылық жауапкершілігіне тікелей жауап бергендіктен – мен үшін көрермен қауыммен өзара байланыс ең құнды қағида. 10 жылда көрерменімізбен арамызда өзара сүйіспеншілік орнады деп сеніммен айта аламын. Осы уақыт ішінде асқақ өнер тұтынушысын қалыптастырдық, жыл санап бұл ортаның көкжиегі кеңейе береді деген үміттеміз.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»