Синоптик мамандар 6 қыркүйекке қараған түні жеңіл себелеп өткен соқыр жауынның әсерінен өрт шалған аумақтағы ауа ылғалы біршама арта түскенін айтады. Дегенмен қауіптің беті толық қайтты деуге әлі де ерте. Әуеден барлау қызметінің мәліметінше, Озерное, Лесное және Аманқарағай ауылдарының маңайындағы жағдай тыныш. Бірақ Бағаналы ауылы мен Қазанбасы елді мекенінің ортасындағы ұзындығы шамамен 2 шақырымдай аумақ әлі де өртеніп жатыр. Сондықтан өртке қарсы негізгі күш-құрал осы маңайға топтастырылған. Қорғаныс министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың инженерлік техникалары орманға жақын елді мекендердің айналасын жыртып жатыр.
5 қыркүйекте Бағаналы ауылына жақын орналасқан орманда өрт шығып еді, абырой болғанда тілсіз жау дер кезінде ауыздықталды. Өрт кезінде ауыл тұрғындары түгелдей Қазанбасыға көшірілген. Бірақ қызыл жалын күшті желдің екпінімен Қазанбасыға да жақындап барғанда жұрт кәдімгідей үрейленіп қалған.
– Біз жақтағы өрт сөнді. Бағаналы аман. Кеше біздің ауылға да жақын келіп еді. Түнімен әскерилер мен ауыл адамдары жабылып жүріп сөндірді. Таңертең бәріміз қуанып жатырмыз. Біздің ауылға эвакуацияланған Бағаналы тұрғындары біртіндеп үйлеріне қайтып жатыр. Ол кісілерге жеткілікті түрде азық-түлік берілді, – деді Қазанбасы ауылының тұрғыны Динара Сыздықова.
Ал Аманқарағай тұрғындарының айтуынша, ауылда 106 үй жанып кеткен. «Бағаналы, Новонежен, Озерный, Лесное, Қазанбасының маңайын түгел өрт шарпып кетті. Қазір қауіптің беті қайтқандай болды. Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келіп, халықпен кездесіп, елдің еңсесін көтеріп кетті. Президент баспанасыз қалғандарға екі-екі жарым айдың ішінде үй салып береміз деп уәде етті. Бұл үйлер мемлекет пен демеушілер есебінен салынатын болады. Әрқайсысының ауданы – 100 шаршы метрді құрайды. Ең бастысы, бұл үйлер ас үй, ыдыс-аяқ, теледидар, жиһаздармен жабдықталатын болды. Бірақ халық бір нәрсеге риза емес. Жергілікті билік ол үйлерді Әулиекөлдегі училищенің артындағы саздауыт жерге салу туралы шешім қабылдапты. Қазір ол жерге әртүрлі техникалар келіп, жер тегістеу жұмыстарын бастап жатыр. Бүгін халық әкімдікке барып, ол жаққа тұрғысы келмейтінін жеткізді», дейді ауыл тұрғындары.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетовтің айтуынша, Президент тапсырмасымен салынатын тұрғын үйлерді белгіленген қысқа мерзім ішінде сапалы тұрғызып, халыққа тапсырып үлгеру үшін құрылысқа ірі компаниялар тартылатынын айтты.
– Қазіргі ең басты міндет – күн суымай тұрып үйсіз-күйсіз қалған отбасыларды тездетіп баспанамен қамтып, жылы жерге орналастыру. Ал жаңа салынған үйлерде тұрғысы келмейтін тұрғындардың талабы рет-ретімен шешілетін болады, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Шұғыл әрекет ету штабының соңғы мәліметінше, Аманқарағай ауылында – 85, Озерныйда 6 үй өртеніп кеткен. Өрт басталғалы 2091 адам эвакуацияланған: 3 қыркүйекте Аманқарағай, Озерный және Лесное ауылдарынан 1841 адам шығарылса, 5 қыркүйекте Бағаналы ауылының 250 тұрғыны Қазанбасыға көшірілген. Қазір Әулиекөл орта мектебі мен Әулиекөл мектеп-интернатында 66 адам жатыр. Эвакуацияланған тұрғындардың дені өз үйлеріне оралған, біразы жақын туыстарының үйін паналап отыр.
«Өрт кезінде әр түрлі дәрежеде күйік шалып, ыс тиген 11 адам – 6 тұрғын, 1 әкімдік қызметкері, 1 орман шаруашылығының жұмысшысы, 3 төтенше жағдай қызметкері анықталған еді, бүгінде олардың бәрі ауруханадан шығып, үйлеріне оралған. Өкінішке қарай, Аманқарағайда үйіндінің астынан М.И. Бабенко есімді 87 жастағы қарияның мүрдесі табылды. Өрт сөндіру жұмыстары жалғасуда», деп мәлімдеді шұғыл әрекет ету штабының өкілдері.
Облыстық полиция департаменті өңірді орасан шығынға ұшыратқан орман өртіне қатысты қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша іс қозғап, өрттің шығу себептерін анықтау жұмыстарын бастап кетті. Сондай-ақ облыс әкімі Әулиекөл және Қарасу аудандарында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялады.
Еліміздің әр өңірінен өрттен зардап шеккендерге арналған гуманитарлық көмек толассыз ағылып келіп жатқанын айта кеткен жөн. Елден жиылып жатқан жылудың керек жеріне жетуін бақылап, ұйымдастыру шараларын атқару үшін облыстық мәслихаттың жанынан арнайы жұмыс тобы құрылды.
Сондай-ақ Amanat партиясының барлық өңірлік филиалдарында өрттен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек қабылдау пункттері ашылып, партиялықтар мен «Жастар Рухы» жастар қанатының мүшелерінен волонтерлер тобы құрылды.
Қостанай облысы