Аймақтар • 07 Қыркүйек, 2022

Қызылжар аянып қалған жоқ

212 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Төскейде малы, төсекте басы қосылып жатқан» құдайы көршілерімізге келген нәубетке қарсы тұруда қызылжарлықтар аянып қалған жоқ. Amanat партиясы, қалалық, аудандық әкімдіктердің ұйымдастыруымен 14 гуманитарлық пункт ұйымдастырылды. Оларда барлығы 40 тоннадан артық гуманитарлық көмек жиналып, Әулиекөл ауданына аттандырылды.

Қызылжар аянып қалған жоқ

Гуманитарлық көмектің ішінде азық-түлік, киім-кешек, гигиеналық заттар бар. Қайырым­дылық көмек жасау туралы бастаманы алғашқы болып «Аманат» партиясы көтерген еді, оны басқа да ұйымдар, кәсіпкерлер және қалың көпшілік қоштап кетті. Үлкен қолдау көрсеткендердің арасында жергілікті тауар өндірушілер бар. Мәселен, «Радуга», DEZ, «РахатОпт», «Швейная фабрика «Прогресс», «Ноғайбай», «Маслодел», «Архстрой», «Кұрылыс-сервис СК» ЖШС-тері, «Сұлтан-АММК» АҚ, «Корона», «Северный» сауда үйлері, «Мамбетов и К» ШҚ және басқалар бар. Олар Қостанай облысына 15 тонна ұн, 5 тонна күріш, қарақұмық, макарон, күнбағыс майы, құрылыс материалдарын жинады. «Қазір зардап шеккендерге жылы киім мен жамылғылар өте қажет, өйткені суық келе жатыр. Сондай-ақ біз таза ауыз суды жүктедік. Гуманитарлық жүк жинауға және жөнелтуге қатысқан әрбір кәсіпкерге, әрбір тұрғынға олардың жанашырлығы мен көмектесуге деген ықыласы үшін үлкен алғысымды білдіргім келеді. Жергілікті атқарушы органдарға да алғыс айтамыз, олар ұйымдастыру мәселелерін өз мойнына алды», деді Amanat партиясы аймақтық филиалының атқарушы хатшысы Әсем Рахметова.

Қазір көптеген тілек білдірушілер, соның ішінде кәсіпкерлер партия филиалдарына өздерінің көмегін ұсына отырып, қоңырау шалып жатыр. Айта кетейік, гуманитарлық көмек қабылдау пункттері жұмысын жалғастыруда.

Көмек қабылдау жұмыстары жексенбі күні таңертең басталды. Пункттер Петропавлда және өңірдің аудан орталықтарында Amanat партиясы филиалдарының ғимараттарында ашылды. Тауарларды қабылдауды «Жастар Рухы» жастар қанатының еріктілері жүзеге асырады.

Басқа саяси партиялардың арасында Қазақстанның халық партиясы да өз көмегін жинауда. Олар қоғамдық ұйымдардан қаржы жинап, оны өздерінің Қостанайдағы филиалының белсенділеріне аударуда. Бұл көмекке Петропавл қаласының қоғамдық кеңесінің мүшелері де атсалысып, әрқайсысы 10 мың теңгеден аударды.

«Мен нақты іспен көмектескім келеді. Өзімді баспанасыз қалған және кешегі және өткен түнді қорқыныш пен белгісіздікпен бастан өткерген адамдардың орнында елестете алмаймын. Осындай уақытта қазақстандықтардың бірлігін көрсету керек. Баршаңызды көмек көрсетуге шақырамын», дейді Қайыржан Айсин есімді қала тұрғыны. Осындай жанашырлық пікірлер айтып жүргендер көп. Қысылтаяңда халық бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара алатынын көрсетті.

 

ПЕТРОПАВЛ