Бизнес • 07 Қыркүйек, 2022

Роман Скляр неміс компанияларын бірлесіп жұмыс істеуге шақырды

348 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың қатысуымен Қазақстан-Германия бизнес-форумы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Роман Скляр неміс компанияларын бірлесіп жұмыс істеуге шақырды

Форум «Жаһандық бизнестің жаңа ережелеріне бейімделу – Өнеркәсіп, энергетика және логистикадағы ортақ мүмкіндіктер» тақырыбында өтті. 

Іс-шара Қазақстан-Германия үкіметаралық жұмыс тобының тең төрағасы, ГФР Экономика және климатты қорғау федералдық министрлігінің сыртқы экономикалық саясат жөніндегі директоры, доктор Доминик Шнихельс бастаған топтың сапары аясында өтті. Сапар барысында Германия делегациясы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен де кездесті.

2.jpeg

Бизнес-форумға орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, ұлттық және квазимемлекеттік компаниялардың басшылары, салалық және өңірлік бизнес қауымдастықтарының өкілдері, сондай-ақ Siemens, Deutsche Bahn, SAP, Becker Mining Systems AG, Knauf, Wilo т.б. жетекші неміс компанияларының басшылары қатысты. Форумға барлығы 150 делегат қатысты. 

Германия - Қазақстанның ЕО-дағы маңызды серіктестерінің бірі. Елдер арасында сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге, инвестицияларды ынталандыруға және өзара қорғауға бағытталған бірқатар үкіметаралық келісім бар. 

2021 жылы Қазақстан мен Германия арасындағы тауар айналымы 2,2 млрд доллар болды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (2,1 млрд доллар) 6,4%-ға жоғары. 2005 жылдан бері Германияның Қазақстан экономикасына салған тікелей шетелдік инвестициясы шамамен 5,3 миллиард долларға жетті. Оның басым бөлігі өңдеуші өнеркәсіпке бағытталды. Сондай-ақ құны 2 миллиард доллардан асатын 9 жоба жүзеге асырылуда. 

Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген Роман Скляр Мемлекет басшысы жариялаған «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасы аясында жоспарланып отырған саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы, Қазақстан Үкіметінің оны жүзеге асырудағы мақсаттары мен басымдықтары туралы хабарлады.

INA_3443.jpg

«Үкімет елдің инвестициялық тартымдылық деңгейін арттыру бойынша тұрақты жұмыс жүргізуде. ESG талаптарының жоғарылауы, жаһандық энергетикалық және технологиялық ауысу жағдайында Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға баса назар аудара отырып, Қазақстанның инвестициялық саясатының жаңа Тұжырымдамасының жобасы қабылданды. Инновациялар салық режимдерін оңтайландыру және оңайлату шараларын, экономиканың басым секторларына инвесторларды субсидиялауды және басқа да ынталандыруды қамтиды»,  деді Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары. 

Сөзінің соңында Роман Скляр неміс компанияларын инвестициялық байланыстарды кеңейтуге, сондай-ақ жаңа бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға белсенді қатысуға шақырды.

WhatsApp Image 2022-09-06 at 17.11.31 .jpeg

Қазақстан-Германия үкіметаралық жұмыс тобының тең төрағасы Доминик Шнихельс елдер арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ Қазақстан мен Германияның көптеген салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыруға әлеуеті зор екенін атап өтті. 

«Өткен пандемиялық дағдарыс пен қазіргі геосаяси жағдайдың мысалына қарай отырып, біз азық-түлік қауіпсіздігінің, энергия еркіндігінің және тауарларды жеткізу тізбегін дамытудың маңыздылығын көреміз. Осы тұрғыдан алғанда, біз Қазақстанның Германия үшін экономиканың көптеген маңызды салаларында үлкен әлеуетке ие екенін байқаймыз. Орналасқан жері мен логистикалық артықшылықтарымен қатар Қазақстанның орасан зор ресурсы мен адами әлеуеті де бар. Ынтымақтастықты кеңейту Қазақстан үшін де, Германия үшін де өте тиімді деп есептейміз», деді Доминик Шнихельс. 

Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев, Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов және АХҚО Басқармасының төрағасы Ернұр Рысмағамбетов форум барысында қазақстандық тараптың атынан сөз сөйледі. 

KAZAKH INVEST басшысы өз сөзінде Қазақстанның ұсынып отырған инвестициялық мүмкіндіктеріне, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларына тоқталды.

INA_3513.JPG

«Еуропа мен Азияның тоғысқан жеріндегі стратегиялық орналасуының, ірі көрші нарықтарға шығуының, қолайлы бизнес-ортаның, қолжетімді және білікті жұмыс күші мен кешенді мемлекеттік қолдау шараларының арқасында Қазақстан халықаралық инвесторлардың назарын арттыруды жалғастыруда. Бұл бизнес-форум неміс кәсіпкерлері үшін жаңа мүмкіндіктер мен перспективалар ашатынына сенімдіміз», деді Мейіржан Юсупов.

INA_3624(23).jpg

INA_3704.JPG

Шарада сөз сөйлеген неміс спикерлері Қазақстанның Германияға дәстүрлі энергетикалық ресурстарды жеткізуді арттыру, «жасыл» энергияны өндіру және кейіннен экспорттау әлеуетін жоғары бағалады. 

INA_3535(1).jpg

Іс-шара аясында қазақстандық тарап өкілдерінің бірқатар неміс компаниясының басшылығымен екіжақты кездесулері өтті. Кездесулер барысында әлеуетті бірлескен инвестициялық жобалар талқыланды.