Ауа райы • 07 Қыркүйек, 2022

Ертең еліміздің басым бөлігінде жаңбыр жауады

719 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Синоптиктердің болжамы бойынша, 8 қыркүйек күні еліміздің басым бөлігінде жаңбыр, найзағай және тұман күтіледі, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ертең еліміздің басым бөлігінде жаңбыр жауады

«Қазгидромет» РМК мамандары ұсынған деректерге қарағанда, Қазақстанның оңтүстігінде, батысында, шығысында, оңтүстік-шығысында күн күркіреп жаңбыр жауады, еліміздің қалған аумақтарында жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.

«Республиканың басым бөлігінде жел күшейеді, оңтүстікте дауыл, солтүстікте, солтүстік-батыста түнде және таңертең тұман күтіледі», делінген хабарламада.

Болжамға сәйкес, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Ақтөбе, Алматы, Жетісу, Ұлытау, Абайдың оңтүстігі мен шығысында төтенше өрт қаупі, Қарағанды облысының батысында, оңтүстігінде, шығысында, Батыс Қазақстан облысының оңтүстігінде, Атырау облысының оңтүстігінде, Қостанай облысының оңтүстігінде жоғары өрт қаупі сақталады.

«Түнде Ақмола облысының солтүстік-батысында, Қостанай облысының солтүстігінде, батысында, Ақтөбе облысының солтүстігінде топырақ бетінде 1-2 градус үсік жүреді», делінген хабарламада. 

Атап өтілгендей, күндіз Жетісу, Алматы облыстарының басым бөлігінде ыстық ауа райы сақталады.

Синоптиктер елордада және республикалық маңызы бар екі қалада ауа райы қандай болатынын айтты.

Нұр-Сұлтанда көшпелі бұлт шығады, жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Батыстан, оңтүстік-батыстан 9-14 м/с жылдамдықпен жел соғады, түнде ауа температурасы +4...+ 6°С, күндіз +16...+18°С.

Алматыда күн ала бұлтты, жауын-шашынсыз. Оңтүстік-батыстан 3-8 м/с жел соғады, түнде ауа температурасы +21...+ 23°С, күндіз +31...+33°С.

Шымкентте көшпелі бұлт шығады, күннің екінші жартысында өткінші жаңбыр жауады, күн күркірейді. Солтүстік-шығыстан 8-13 м/с жел соғады, күндіз екпіні 15-20 м/с жетеді, ауа температурасы түнде +19...+ 21°С, күндіз +29...+31°С.