Аймақтар • 07 Қыркүйек, 2022

Алапат өрт біржола ауыздықталды

236 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Таңертең Аманқарағай, Әулиекөлді бетке алып жолға шыққанбыз. Осыдан бес күн бұрын орманы отқа оранған Аманқарағайда жаңбыр себелеп тұр. Қабарған бұлт астындағы күйген қарағай құдды біреу үстінен қара май құйып жібергендей қарауытып көрінеді. Қара жалаңаш ағаштың арасынан әрегідік болса да бықсыған түтін шығып жатыр. Күре жолдың бойында әлі де ыс иісі бар. Алапат өрттің біржола ауыздықталғанын жол үстінде естідік.

Алапат өрт біржола ауыздықталды

Өрттің салдарын жою жұмыстары жалғасады

7 қыркүйек күні сағат 15.00-де Төтенше жағдай министрі Юрий Ильин Әулиекөл ауданындағы орман өртінің ауыздықталғанын ресми түрде мәлім етті. Жалпы аумағы 43 мың гектарды шарпыған тілсіз жау бесінші күн дегенде біржола тізгінделді. Қазір орманның әр жерінде шала жанған қоламта шоқтарын сөндіру жұмыстары жүріп жатыр. Аманқарағай, Лесное, Озерное және Бағаналы ауылдарының аумақтарында өртке қарсы қарауыл қызметі тұр.

– Өрт сөндіру жұмыстарына тартылған күштер мен құралдардың біразы таратылады. Табиғи апат орнында негізінен Қостанай және Ақмола облыстарының күш құралдары қалып, өрт салдарын жою­ды жалғастырады. Ақмола облысынан кел­ген 50 өрт сөндіруші мен 8 техника сегі­зінші қыркүйекке дейін осында болады. Сондай-ақ «Восток» РМК жеке құра­мының инженерлік техникасы елді мекен­дердің айналасын қауіпсіздендіру үшін жер жырту жұмыстарымен айналысады.

ТЖМ полкінің жеке құрамы коман­дир­лерімен бірге және Қостанай об­лы­сы­ның бөлімшелері жұмыс орнына оралу туралы шешім қабылданғанға дейін оқиға орнында қалады. Қалған бөлімшелер кешке дейін жұмыстарын жүргізіп, тұрақты жұмыс орындарына оралады, – деді Юрий Ильин.

Бүтін елді алаңдатып, көптің қабыр­ға­сын қайыстырған алапат өртті сөндіруге ТЖМ, ІІМ Ұлттық ұлан, Қостанай қала­сын­дағы ІІМ академиясының, Қор­ғаныс министрлігінің, ЖАО және облыстың коммуналдық қызметтерінің күш құрал­да­ры – барлығы 207 техника, 5 өрт сөндіру пойызы, 1785 адам қатысқан. ТЖ министрінің айтуынша, қызыл жалынды ауыздықтауға қатысқан 5 тікұшақ 5 күн бойы әлсін-әлсін әуеге көтеріліп, жанып жатқан орманның үстінен 272 рет су бүркіген.

Аманқарағай мен Озерный ауылдарында 91 үй жанып кетті. Бүгінде баспанасыз қалған 16 адам Әулиекөл орта мектебін, бір адам Әулиекөл мектеп-интернатын паналап отыр. Қалған тұрғындардың біразы өз үйлеріне оралса, біразы туыс-туғандарының үйінде тұрып жатыр.

Өрт басталғалы 2091 адам эвакуация­лан­ған. Денесін күйік шалып, өкпесіне ыс тиген, сондай-ақ түрлі деңгейде жарақат алған 12 адам бар.

Көп түкірсе – көл

Алапат өрттен зардап шеккен тұр­ғын­дарға жан-жақтан ағылып келіп жат­қан гуманитарлық көмек көп. Ары­сы – еліміздің оңтүстік, батыс, шығыс өңір­ле­рінен, берісі – іргелес жатқан облыс­тар мен аудандардан жеткен 300-ден астам үлкенді-кішілі жүк кө­ліктері Әулиекөлдегі қайырымдылық орталығының қоймасына азық-түліктің түр-түрін, жеңіл, жылы киім-кешек пен басқа да толып жатқан күнделікті тұрмысқа қажетті заттарды тау ғып үйіп тастаған. Оның бәрін волонтерлер сұрыптап, тізімдеп, тұрғындарға үлес­тіріп жатыр.

Аудандық мәслихат хатшысы Дәулет Қойшыбайдың айтуынша, Әулиекөлге еліміздің әр түпкірінен гуманитарлық көмек түрінде келіп жеткен киім-кешек, қант, картоп, макарон, ұн сияқты ас-су қоры өрттен зардап шеккендердің мұқтажын өтеуге толық жетеді.

– Бүгінге дейін 500 тоннадан астам өнім жеткізілді. Ауданға ел көлемінен ұзын саны 302 көлік келді. Оның ішінде 279 ГАЗель, 15 рефрижератор, 2 КамАЗ және жеңіл көліктер бар. Жиналған өнімдер өрттен зиян шеккен тұрғындарды қамтамасыз етуге жеткілікті. Бүкіл Қазақстан халқына шексіз алғысымызды айтамыз. Тіпті елден азық-түлік жіберуді тоқтата тұруды өтініп сұрадық. Енді тұрғын үй салу жұмыстарының басталуына байланысты, құрылыс материалдарына деген қажеттілік бар. Павлодар облысы алғашқы болып 2 жүк көлігімен құрылыс материалдарын жіберді. Басқа да өңірлер көмек қолын созуға ниет білдіріп отыр. Тағы бір айта кетерлігі, қаржылай жәрдемдескісі келетін аза­маттарға бізде бір ғана есепшот бар екенін ескертеміз. Жекелеген адамдарға көмектескілеріңіз келсе, тұрғындардың өздерімен байланысуларыңызға болады. Оларға ас-су, киім-кешек, көрпе-төсек қана емес, шкаф, кереует, өзге де тұрмыстық техникалар қажет, – деді Дәулет Қойшыбай.

Мәслихат хатшысы зардап шеккен адамдардың құжаттары да қалыпқа келтіріліп жатқанын айтты. Еріктілер саны күн сайын артып, бірлікті іске білек сыбанып кірісіп кеткен.

Балабақша құрылысына 1,3 млрд теңге бөледі

Өрт салдарынан жүзге жуық үй өртеніп, жергілікті тұрғындардың өмірі мен қауіпсіздігіне қауіп төнді. Үкімет тұрғындарды қолдау және қиын жағдайдан шығу үшін барлық мүмкіндіктерді пайдаланып, табиғи апаттың зардаптарын жою бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.

Әулиекөл тұрғындарының басына түскен ауыртпалық ешкімді бейжай қалдырған жоқ. Орман өртінен ойсырап қалған жұртқа еліміздің әр өңірінде еңбек етіп жатқан кәсіпкерлер мен қоғам қайраткерлері де көмек көрсетуге ниетті екенін білдіріп жатыр. Мұның бір мысалы, «Халық» қайырымдылық қоры Әулиекөл ауданында орман өртінен зардап шеккендерге арнап 280 орындық жаңа балабақша салу үшін 1,3 млрд теңге бөлді.

Балабақша құрылысы таяу арада басталып, келесі жылы кішкентай бал­дырғандарды қабылдау үшін есігін айқара ашатын болады.

– Өрттен зардап шеккен тұр­ғын­дар­дың барлығының қайғысына ортақпыз. Біздің көмегіміз олардың басына түскен ауыртпалықты сәл де болса жеңілдетіп, болашақта қалыпты өмірге тез оралуына септігін тигізеді деген үміттеміз, – дейді «Халық» қорының өкілдері.

 

Қостанай облысы