Аймақтар • 08 Қыркүйек, 2022

Жұртым деп жұмылды

189 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанайдағы табиғи апаттан зардап шеккен жұртқа павло­дар­лықтар да елдің алды болып жәрдемдесуде. Жерлестеріміз гуманитарлық көмек жіберуді соңғы екі күнде барынша еселеді. Жергілікті халықтан жиналған азық-түлік пен түрлі керек-жарақ­тарды, құрылыс материалдарын еріктілер мен азаматтар екі жүк машинасына тиеп жөнелтті.

Жұртым деп жұмылды

Павлодарлықтар соңғы екі тәуліктің ішінде Қостанай облысына 55 тоннадан астам гуманитарлық көмек жіберді. Amanat партиясы өңірлік филиалының мәліметінше, жастар гуманитарлық көмек жинауға және оларды топтастыруға бар күштерін салуда.

– Біздің филиалда орналасқан қабыл­дау пунктіне гуманитарлық көмектерін әкеліп жатқан жұртта есеп жоқ. Көбі – қарапайым тұрғындар. Адамдар мұнда келіп тегін көмек көрсетуге дайын екен­дерін, не қажет болатынын сұрайды. Мысалы, біз тұрмыстық техника сатып алуды сұраған едік, біреу шәйнек, енді біреу микротолқынды пештерін құшақтап жетті. Отандастарымыз тап болған қиын жағдайға жауапкершілікпен қарап, сәл де болса жақсылығын тигізгісі келеді. Біздің бәріміз үлкен елде, бір шаңырақ астында өмір сүріп жатырмыз. Осындай қиын сәтте ұйысқан жерлестеріміздің белсенділігі қуандырды, – деп атап өтті саяси ұйымның Павлодар облыстық филиалының атқарушы хатшысы Илья Теренченко.

Қабылдау пункттерінде гумани­тар­лық көмек жинау бір мезетке тоқтаған емес. Белсенділер алғашқы кезекте құрылыс материалдарын, балаларға ар­налған кеңсе тауарларын және тұр­мыстық техниканы қабылдауға ден қоюда. Бұрнағы күні азық-түлік, тұр­мыстық техника жөнелтілді. «Қос­танай облысының штабы бізге құрылыс материалдарын, мектеп және кеңсе тауарларын жинау туралы өтініш біл­дірді. Жергілікті құрылыс дүкендері қолдау көрсетіп жатыр. «12 месяцев» құрылыс дүкені құрғақ қоспалар, қыш плиткалар берді, жаңа линолеум орамын әкелді. Бұл ретте көмекті ақшалай жинау міндеті қойылған жоқ, тек демеушілерден жеткізуші көлік қызметтеріне ақы төлеуді өтіндік. Бүгін біз кем дегенде екі жүк көлігін жіберуді жоспарлап отырмыз. Көптің жәрдемі толастар емес, ағылып келіп жатыр. Жақын арада аудандардан қосымша гуманитарлық көмек келеді», – дейді Илья Теренченко.

Атқарушы хатшы облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттар депутаттарының да ерекше белсенділігін атап өтті. Жексен­біден бастап халық қалаулылары азық-түлік, киім-кешек пен техниканы жинауға белсене кіріскен. Партиялықтар көмектесуге шешім қабылдаған барлық павлодарлықтарға алғыс білдірді.

 

Павлодар облысы