Қазақстан • 08 Қыркүйек, 2022

Елорда әуежайының жұмысында заң бұзушылықтар анықталды

286 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ Директорлар кеңесі компания басқармасына тексеріс нәтижесінде анықталған заң бұзушылықтарды қайта қалпына келтіруге бағытталған арнайы жоспар құруды тапсырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елорда әуежайының жұмысында заң бұзушылықтар анықталды

Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ Директорлар кеңесі мүшелерімен отырыс өткізді.

Отырыс барысында ҚР ИИДМ ішкі аудит қызметінің биылғы тамыз айында елорда әуежайына жасаған тексеріс қорытындысы талқыланды.

Аудиторлық іс-шаралардың қорытындысы бойынша әуежай басшылығы тарапынан жасалған көптеген кемшіліктер мен бірқатар заң бұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, сатып алу рәсімдерінің мемлекеттік сатып алу порталынан тыс жүргізілуі, келісімшарттарды жасау барысында ашықтықтың болмауы, еңбекақы төлеу жүйесіндегі бұзушылықтардың орын алуы, жанар-жағар май материалдарын заңсыз босату, ұйымдық құрылымды құрудағы бей-берекетсіздік, Қоғам басшылығы арасындағы қызметтік міндеттемелерді заңсыз бөлу сынды заңдылыққа қайшы әрекеттер жасалғаны анықталған.

Сонымен қатар директорлар кеңесі әуежайдағы бірқатар қызметтерді аутсорсингке беру кезінде қажетті талаптардың сақталмағанын анықтаған. Өз кезегінде бұл аталған қызметтердің тиімсіздігіне әкеп соққан.

Отырыс қорытындысы бойынша әуежай басқармасына арнайы талдау жүргізіп, аудит нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды қайта қалпына келтіруге бағытталған жоспар құру жүктелді. Сондай-ақ ұйым құрылымын қайта қарау, мемлекеттік сатып алулар кезінде заң талаптарын қатаң сақтау, жанар-жағар май материалдары шығындарына бақылауды күшейту, қызмет көрсету бойынша келісімшарттардың тиімділігіне ревизия жүргізу міндеттелді.

Бұдан бөлек, заңсыздыққа жол берген жауапты тұлғаларды жауапкершілікке тарту мәселесі де тапсырылды.

Бұған дейін хабарланғандай, бірден бір акционер – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің шешімімен 2022 жылғы 6 қыркүйекте «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ Басқарма төрағасы Ғабит Қалиұлы Тәжімұратовтың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Басқарма төрағасының міндетін уақытша атқарушы болып төрағаның орынбасары Мұхиден Әбілдинов тағайындалды.